“Домбыра күйге келер
бұрауменен,
Келіспес сөз жүйесі
құрауменен”,
– деп өрілетін ән Біржан салға телініп жүр. Бұл әннің шығу тарихы жайлы композитор, музыкатанушы Ілия Жақановтың “Аққулар қонған айдын көл” атты әңгімелер мен эсселер жинағында мынадай дерек бар. “… Чкалов ауданы, “Амандық” кеңшарында Нұрымның Беркімбайы деген әнші қария болған. Беркімбай Біржан салды көрген, Ақан сері, Үкілі Ыбырайлардың соңынан ерген, үлгісін, өнегесін алып, әндерін үйреніп, серілік құрған. Сол ауылға агроном болып барған суырып салма ақын, әнші Байжұман Ғабдуллинмен әңгімелескен Беркімбай ақсақал “Біз қартайыппыз” деп, “Айтпай“ әнін айта алмай “Он саусақты” Біржандікі деп кеткен екен Байекеңе. Содан бұл ән Біржандікі болып кете барды”.
Иә, бір кездері асыл әнші Үкілі Ыбырайға тағдырдың қара бұлты үйіріліп, жапа шеккенде оның бір әні Біржан салға, екінші әні Ақан серіге, тағы бір әндері Балуан Шолаққа телінгені жалған емес. Ал “Гәкку“, “Толқын”, “Қара торғай”, “Қаракөз” әндері, тіпті, бүгінге дейін халық әні делініп келді. “Он саусақты” Үкілі Ыбырайдың әні деуімізге бірнеше себеп бар.
Сәркен Құлмағанбет, Төлеген Қажыбай ағаларымыз өз туындыларында Ыбырайдың “Сым саусақ”, “Бес саусақ” әндерінің мәтінін келтіргені белгілі.
“…Сұрасаң төрт Момынның
жүйрігімін,
Үш жүздің алға ұстаған
тұйғынымын”,
немесе “Келгенде осынау жасқа кәрілік жеңіп,
Секілді ақбас бура күркүлдеймін”, – делінген “Он саусақ “ әнінде. Ал Ыбырай: “Төрт ата біз Момынның баласы едік”, “Тайпалған төрт момынның жорғасы едім”, – десе, Доскеймен айтысында: “…Төрт Момындап келгенде қалың шормын”, – дейді. “Сүйгенім кете барды қасыма еріп” деген өлеңінде “Баласын төрт момынның жүрдім жайлап”, – деп тағы айтады.
Бізге белгілісі – Үкілі Ыбырайдың руы – Қарауыл. Ал Қарауыл Атығай, Қанжығалы, Бәсентиін, Тобықты, Шақшақ, Саржетіммен бірге Арғын жеті Момынға жатады. Момын десең Арғынсың. Яғни, Жоғарыда көрсетілген төрт Момынды жайлап жүрген, қалың шор, жорғасы, баласы – Үкілі Ыбырай болса, “жүйрігімін” деген де Ыбырай.
Ал Біржан – Керей, ол ағайындарынан безгенде руы деп нағашы жұртын алған: “…Сұрасаң руымды Алтай-Қарпық…” – деп туысы Күрсары Керей, Ақмола дуанының кеңесшісі болған Тұрлыбек Күшенұлына айтқан. Сара мен Арғын – Алтай Қарпық болып айтысқаны белгілі. Оның “төрт Момынмын” дегенін кездестірмедік.
Бұдан бөлек, Ыбырай өлеңдерінде өзінің өміріне және аңшылыққа байланысты жаратылыс дүниесінен алуан түрлі сұлулық бейнелерді көбірек қолданады. Үкілі Ыбырайдың “Үш жүздің алға ұстаған тұйғынымын“, – деуі орынды. Ал үш жүзге аты мәлім Біржан сал, “үш жүздің тұйғыны емес, қыраны, сұңқары ғой”! Аты алты алашқа мәлім, алаштың жүйрігі Біржан сал “төрт момынның жүйрігімін”, – деп айтпаса керекті.
Біржан ит жүгіртіп, құс салмаған. Оның үстіне, Біржан 60-63 жасында қайтқан, оны кәрілік жеңген жоқ, оны “жеңген” ағайындарының іс-әрекеті. “Белгісі қартайғанның серттен тайдық” деген Біржан кәрілік жеңді демейді. Ал Үкілі Ыбырай: “Кәрілік қатты соққан жынменен тең, кәрілік қуып жеткен күн” деп жырға қосса, бірде:
“Қартайғанда дүние-ай,
Қара бура қартайып,
Қарлығып қарттың дауысы,
Аппақ шұнақ шалдай боп”, – десе, тағы бірде “Күркілдеп отырарсың шал болған соң” дейді.
Шынымен, 73-ке келген Ыбырайдың “Кәрілік жеңіп, күркілдеймін” деуі орынды. Сондықтан, “Толқын”, “Он саусақ”, “Шалқыма”, “Қалдырған” “Қызыл асық” бәрі бір жүректен, қолдан шыққандай бірін-бірі толтырып тұрған Үкілі Ыбырайдың әндері. Мұны әншілер, музыка зерттеушілері біледі, сезеді.
Мұсатай ҒАЛЫМҰЛЫ.
Он саусақ
Домбыра күйге келер бұрауменен,
Келіспес сөз жүйесі құрауменен.
Гүлденген бәйшешектей, шіркін, жастық,
Келмейді енді қайтып сұрауменен.
Ал, он саусағым бір баспай,
Жүрмін қалай жер баспай.
Жиын – тойдың ішінде,
Ән салушы ем осылай.
Келгенде сөз жүйесі іркілмеймін,
Жорғадай жолға салған бүлкілдеймін.
Келгенде мынау жасқа кәрілік жеңіп,
Секілді ақбас бура күркілдеймін.
Мінеки, келіп қалдым талай жасқа,
Ағарды нысан кіріп сақал, шашқа.
Отыз бен қырық бестің арасында,
Болушы ед, сөзім ортақ кәрі, жасқа.
Сұрасаң, төрт момынның жүйрігімін,
Үш жүздің алға ұстаған тұйғынымын.
Бас та емес, аяқ та емес осы күні,
Ноқтаның жуан сағақ тұғырымын.