Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілердің моралдық-этикалық келбетіне көп көңіл бөлініп, уақыт озған сайын оларға қойылатын талап та күшейіп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауында бұл саладағы реформалар мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне және оларды орындау жауапкершілігіне деген көзқарасты өзгертуден басталуы қажеттігін атап көрсетіп, жаңа кадрлар, яғни кәсіби білікті, озық ойлы және бастамашыл мамандар корпусын даярлау, мемлекеттік қызметті қол жетпейтін жабық кастаға айналдырмау талабын қойды. Бұл орайда, кәсіби және этикалық нормалардың сақталуын қамтамасыз ету аса маңызды.
Әдеп жөніндегі кеңес отырыстарында басшылардың, аудан әкімдерінің есептері тыңдалып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген талдаулардың қорытындылары сараланды. Әдеп нормаларын сақтамағаны үшін – 9, мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін 7 тәртіптік іс бойынша шешім қабылданды. 2 тәртіптік іс тоқтатылып, 14-і бойынша тәртіптік жаза қолдану ұсынылды. 2019 жылмен салыстырғанда мемлекеттік қызметшілерге қатысты тәртіптік істердің саны 30 пайызға азайды. Жасыратыны жоқ, мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызмет туралы заңнама нормаларын сақтамау, қызмет барысында дұрыс қолданбау салдарынан түрлі келеңсіздіктерге ұрынып жатады. Аққайың ауданы әкімдігінің 3 қызметкерінің ісі талқыланғанда хаттамалық тапсырмалар қате толтырылғаны анықталды. Аудан әкімі Астраханка ауылының тұрғындарымен кездесу кезінде әдепсіз әрекеттерге жол берген. Бұл теріс қоғамдық пікір тудырғаны белгілі. Былтыр Тайынша ауданы әкімінің орынбасарына, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасарына қатысты тәртіптік істер қаралып, тиісті шара қабылданды. Екеуі де мас күйде көлік рөліне отырған. Биыл Петропавл қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі жетекшісі арақ ішіп алып, көлік жүргізгені үшін жұмысынан босатылды.
Мемлекеттік сатып алу кезіндегі заң бұзушылықтар мемлекеттік қызметшілер үшін дағдыға айналған сияқты. Мемлекеттік органдардың басшылары орындалған жұмыстардың көлемін немесе көрсетілетін қызметтердің актілерін тексерместен қол қойып, мердігерлердің есепшотына қаражат аудара салатын жайттар аз кездеспейді. Жеке және заңды тұлғалардың мұндай іс-әрекеттері мемлекеттік қызметке кір келтіретін оғаш жайт ретінде бағаланып, әдеп кодексінің нормаларын өрескел бұзу болып табылады. Мемлекеттік қызметкерлердің бюджет қаражаты уақытында игерілмей қалуы мүмкін деген түсіндірмесі еш қисынға келмейді. Оның ақыры заңнамада қарастырылған жауапкершілікке әкеліп соқтыратынын ескертеміз.
Кеңес отырыстарында мемлекеттік қызметтердің сапасына қатысты да сын айтылды. Халыққа электрондық үкімет порталын пайдалануды үйрету, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі мәселелерге баса назар аудару қажет. Мемлекеттік қызметтерді электрондық түрде алу көрсеткіші 92,7 пайызға дейін жеткізілді. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша 65 ұсыныс енгізіліп, толық орындалды.
Әдеп жөніндегі кеңестің хатшылығы тоқсан сайын мемлекеттік органдардағы тәртіптік комиссиялардың қызметіне талдау жасайды. Кеңес отырысына материалдар дайындау кезінде статистикалық мәліметтерден басқа мемлекеттік қызметшілерге жаза қолданудың тәртібі мен заңдылығы мұқият зерделенеді. Кемшіліктерді анықтаған кезде мемлекеттік органдарға тиісті актілердің күшін жою туралы ұсыным шығарылады. Биыл 5 актінің күшін жою туралы ұсыныс енгізілді. Бұдан бөлек, мемлекеттік органдардағы еңбек заңдылығын сақтау, жұмыс уақытын тиімді пайдалану жайы да кеңес пен департамент мүшелерінің ерекше бақылауында. Бұл мәселеге орай жұртшылықпен бірлесіп, 21 мемлекеттік органда 4 рейдтік іс-шара өткізілді. Есептік бақылау-талдау жүйесін енгізудің арқасында мұндай фактілер айтарлықтай кеміді. Бүгінгі күні облыс әкімінің аппаратында, 13 басқармада, 11 ауданның және Петропавл қаласы әкімінің аппаратында осы жүйе жұмыс істейді. Бұдан бөлек, 40 мемлекеттік, 7 аумақтық мемлекеттік орган қамтылған. 10 жергілікті атқарушы мемлекеттік органдарда жұмыс уақытының икемді кестесі енгізілген.
Мемлекеттік қызметшілердің жағымды бейнесін қалыптастыруда әдеп жөніндегі уәкілдер де маңызды рөл атқарады. Олар бекітілген кестеге сәйкес көшпелі және онлайн негізде азаматтарды қабылдайды. Қабылдаулар “WebexCiscoMeetings”, “Whatsapp”, “Zoom” қосымшалары арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар, биыл агенттік “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін одан әрі жетілдіру мақсатымен “Өзгерістерді өзіңнен баста” іс-қимыл жоспарын әзірледі. Жоба 23 тармақтан тұрады. Онда азаматтардың, мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын, заңды мүдделерін қалпына келтіру және қорғау жөніндегі іс-шаралар көзделген. Сондай-ақ, әдеп жөніндегі уәкілдер азаматтық қоғам институттарымен бірлесе отырып, онлайн-сауалнама арқылы мемлекеттік органдарда этикалық нормаларды сақтау жөніндегі жұмыстың тиімділік деңгейін айқындау бойынша нақты шараларды жүзеге асырады. Осы жылдың 4 тоқсанында “Жылдың үздік әдеп жөніндегі уәкілі” республикалық конкурсын өткізу жоспарланған. Мұның өзі уәкілдер жұмысының сапасы мен тиімділігін жақсартуға бағытталған ынталандыру тетігі болып саналады.
Сот пен департамент арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға орай мемлекеттік қызметшілерге қатысты барлық іс біздің мекемеге жолданады. Толыққанды зерделенгеннен кейін мемлекеттік қызметшілердің іс-әрекеттеріне баға беріледі. Өткен жылы кеңесте 8 іс қаралды. Әртүрлі заң бұзушылықтар бойынша облыс соттарынан 266 жеке ұйғарым келіп түсті. Олардың қорытындылары лауазымды тұлғалардың қызметіне бақылауды күшейту үшін мемлекеттік органдарға жіберілді. Шешім орындалмаған жағдайда мемлекеттік қызметшілер үшін тәртіптік жауапкершілік қарастырылған.
Талдау көрсеткендей, құқық бұзушылыққа полиция қызметкерлері де жиі жол береді. Осыған байланысты полиция департаментімен бірлесіп, лауазымды тұлғалар тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша біріккен шаралар қабылданды. Оның ішінде азаматтардың өтініштерін қарау сапасына айрықша басымдық берілді. Өйткені, арыз иелері жауаптардың ұзаққа созылатынына көп шағымданады.
Департамент пен әдеп жөніндегі кеңестің басты міндеттерінің бірі азаматтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметшілердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталғанын да айта кеткен жөн. Біз азаматтар үшін әрқашан ашықпыз және олардың мәселелерін шешуге әзірміз.
Жанат ЖҰМАБАЕВ,
мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары.