«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

ЖАРҚЫН ЖЕҢІСТЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қаласындағы Оқушылар сарайында баскетболдан жоғары лига командалары арасындағы XXVIII ел біріншілігінде топ жарған «Барс» баскетбол клубы және волейболдан әйелдер арасындағы Ұлттық лига ойындарында үшінші орынға табан тіреген жергілікті «Қуаныш» клубының спортшыларын марапаттау салтанаты өтті. Бұл – облыс тарихында бұрын болмаған айтулы жеңістер.

Солтүстікқазақстандық спортшыларға облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың құттықтауын жеткізген орынбасары Ғани Нығыметов Қызылжар өңірінде дене шынықтыру мен спортты дамытуға айрықша көңіл бөлініп, тұрғындар арасында саламатты өмір салтын насихаттау бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Біз спортшыларымыздан жоғары нәтиже күткен едік. Абырой болғанда, сол үмітіміз ақталды. Сіздер жарқын жеңіске жетіп, облысымыздың атын шығардыңыздар. Бұл – кез келген командаға бағына бермейтін айшықты белестер. Енді осы көрсеткіштерді сақтап, алдағы уақытта бұдан да биіктерден көрінуге тиіспіз. Бұл жеңістеріңізбен өскелең ұрпаққа, жас спортшыларға жақсы үлгі көрсеттіңіздер. Ел біріншілігінде үздіктердің қатарынан көріне білген қос ұжымды жүлделерімен құттықтаймын! Жерлестеріміз алдағы маусымда сәтті өнер көрсететініне сенімдімін, – деді Ғани Сақтағанұлы.
Өткен маусымда қос клубтың спортшылары ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, «Барс» клубы Солтүстік Қазақстан баскетболы тарихында алғаш рет ел чемпионы атанды. Петропавлдық ұжым чемпионаттағы 24 ойынның 21-інде жеңіске жетті. Бұл солтүстікқазақстандық команда тарихында бұрын-соңды болмаған нәтиже. Команда өкілі Максим Налогов біріншіліктің ең үздік спортшыларының бірі атанды.
2009 жылы құрылған «Қуаныш» волейбол омандасының биылғы Ұлттық лига ойындарындағы қадамы сәтті болды. Қыздар үшінші орын үшін өткен соңғы кездесуде алматылық ұжымнан басым түсті. Осылайша, жерлестеріміз тұңғыш рет Ұлттық лиганың қола жүлдегері атанды.
Салтанатты шарада қос команданың басшылары мен ойыншылары жарыс кезінде қолдау білдірген облыс басшылығына және жанкүйерлерге алғысын айтты. «Қуаныш» волейбол клубының жетекшісі Қайырбек Хамзин бүгінгі жүлде 12 жылғы еңбектің жемісі екенін тілге тиек етті. Тимирязев ауданыныда негізі қаланған клуб жергілікті бапкерлермен қоян-қолтық жұмыс істейді. Болашағынан үміт күттіретін балғын спортшылардың арасында бір де бір легионер жоқ.
Қанат АТАМАНОВ,
«Soltústik Qazaqstan».
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp