«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ата-анамның ізімен…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміз тәуелсіздік алып, етек-жеңін жинауға енді кіріскен жылдар әлі күнге жұрттың, әсіресе, аға ұрпақ өкілдерінің есінде. Қазақстан өз алдына дербес мемлекет атанған алмағайып 1991 жылы мен әлі өмір есігін ашпаған едім. Халқымыздың басына қонған бақ – Тәуелсіздіктің таңы арайлап атқан мамыражай күндердің бірінде өмірге келгеннен соң шығар, батылдық, ертеңгі күнге сенім, елжандылық сияқты қасиеттерді ерекше бағалаймын.

Әке-шешем әскери адамдар болғандықтан, қызмет бабымен қаладан-қалаға жиі көшеді. Мәселен, 2009 жылы Көкшетауға, одан бес жылдан соң Өскеменге ауысты. Жаңа шаһарға, жергілікті оқу ошағына сіңіскен уақытта жақындарым тағы да жұмыс орнын ауыстыруға мәжбүр болды. Бұл жолы біз Павлодар қаласына табан тіредік. Дегенмен, мұнда да көп уақытқа тұрақтаған жоқпыз. 2017 жылы Петропавл қаласына көшіп келіп, былтыр қазақ мектеп-гимназиясын үздіктердің бірі болып аяқтадым. Осы кезде әрбір түлектің алдынан “Келешекте кім боласың? Не істейсің? Қоғамға қандай пайдаңды тигізе аласың?” сияқты сұрақтар кесе-көлденеңдейтіні белгілі ғой. Мені осындай сауалдар толғандырып, ақыры жүрегімнің қалауымен әскери салаға бет бұрдым. Бұл таңдауыма әскери қызметте жүрген ата-анам да әсер етті.
Жалпы, әскери салаға жоғары сыныптарда оқыған кезден-ақ ықылас қойдым. Сұрапыл соғыс және жүрек жұтқан сарбаздар туралы түрлі көркем және деректі бейнефильмдерді үзбей қарайтынмын. Кейіпкерлердің әскери киіміне, антқа адалдығына қызығатынмын. Тіпті, олардың кейбірінің ата-анама ұқсайтынын байқадым. Сондықтан үнемі “Қаламыздағы әскери институтқа қалай оқуға түсуге болады? Ұлттық бірыңғай тестілеуде қандай пән таңдау қажет? Жоғары оқу орнында қандай мамандықтар бойынша оқытады?” деген сұрақтармен ата-анамның мазасын алатынмын. Күнде таңертең жүгіріп, дене дайындығына зор мән бердім. “Талаптыға нұр жауар” демекші, ақыры дегеніме жетіп, әке-шешемнің жолын қуып, Петропавлдағы Ұлттық ұлан әскери институтының табалдырығын аттадым. Мамандығым – “Байланысшы”. Бұл таңдауыма еш өкінбеймін.
Біздің әскери институтымыздың еліміздің теріскейі – Қызылжар өңірінде орын тебуі бекер емес. Мұның ең басты себебі – болашақ офицерлердің солтүстіктің қатаң климаттық жағдайында шыңдалып, төзімділігінің қалыптасуын ескеруден туындаған. Қытымыр қыста сыналған сардардың сын сағатта сыр бермесі анық.
Институт қабырғасында курсанттарды оқуға қабыл­дау, адалдыққа ант беру рәсімдері, түрлі тәрбие сағаттарын өткізу дәстүрге айналған. Олар курсанттарды егемендіктің қадір-қасиетін ұғын­уға, елді, жерді қалтқысыз сүюге, ұлттық құн­дылықтарды қадірлеуге тәрбиелейді. Әскери-тактикалық жаттығулар да курсанттардан төзімділік пен ептілікті талап етіп, сарбаздық рухты қалып­тас­тыруға көмектеседі. Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында көп­теген игі шараларды өткізу жоспарланып отыр. Олар сарбаздарды тағы бір мәрте патриоттық сезімге бөлейді.
Оқу орнының түлектері жоғары лауазымдық қызметтерде жүріп, күш құрылымдарында ең жауапты міндеттерді орындауда. Олар бүгінде Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланында, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінде, Қорғаныс министрлігінде және Мемлекеттік күзет қызметінің әскери бөлімдерінде міндеттерін абыройлы атқаруда. Мен де алдағы уақытта білім ордасын ойдағыдай аяқтап, Отанымды қорғау ісінде аянбай тер төгетін боламын. Бұл ретте ұлы ғұлама, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің “Ісім оңсын десеңіз, сол істің маманы болыңыз. Даңқым шықсын десеңіз, көпшіліктің адамы болыңыз” деген сөзі ойға оралады. Яғни, үлкен өмірге қадам басар алдында осы қағиданы көңілге тоқу – әрбіріміз үшін парыз.

Тимур АҒЫБАЕВ,
Ұлттық ұлан әскери институтының курсанты.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp