«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСТЫ ӨЛШЕМ — ХАЛЫҚ СЕНІМІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепіл­дік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды”. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауында осылай атап көрсеткен болатын. 

Бүгінде адамдардың мәселелерін тыңдап қою жеткіліксіз, ең бастысы – дұрыс және әділетті шешім шығаруға күштік құрылымдардың назарын аудару қажеттігін айтқан Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының алдына жаңа талаптар қойды. Азаматтардың сұраныстарына жеделділікпен ықылас таныта отырып, ескі дағдылардан арылу, жұмыстың озық әдістеріне көбірек сүйену, қылмыспен күрес саласын жаңғырту, халықаралық тәжірибелерге бейімделу секілді іргелі міндеттер жүктеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық озық елдерде полиция институты сервистік модель негізінде дамып келе жатқанын, Қазақстан да осындай үлгіге көшетінін, сонымен бірге “жұртқа жақын полиция қағидаты” бойынша полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілгенін мәлімдеді.
Құқықтық тәртіпті нығайту, жұртшылықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстарды болдырмау, жолын кесу, алдын алу бағытында кез келген ұсыныстар мен пікірлерді жете ескере отырып, ашық әңгіме, сындарлы диалог жүргізуді әркез басты ұстаным санаймыз. Жұмыстағы ашықтықтың, қолжетімділіктің ықпалы болар, полиция департамен­тінің аккаунттарына жазылушылардың жалпы саны 55 мыңға жуықтады. Жолдауда атап өтілгендей, алдағы уақытта учаскелік инспектор кадрларының рөлін арттыруға, іріктеуге, даярлауға, елді мекен тұрғындары алдында танымал, беделді болуына, олардың құқықтарын қорғауға ерекше басымдық беріледі. Біз полиция пункттерін ашуды қолға алып, пәрменді түрде жалғастырып келеміз. “Модульдік типтегі” екі стационарлық полиция бекеті орнатылып, тәулік бойы кезекшілік атқарады.
Цифрландыруды – сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабылетін арттырудың негізгі құралы ретінде қабылдаймыз. Өңірде қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды ашуда және алдын алуда озық технологиялар кеңінен қолданылады. Солардың бірі – маңызды рөлге, үлкен сұранымға ие бейнебақылау жүйесі. Облыс аумағында бір жарым мыңнан астам сыртқы бақылау камерасы бар. Өңір орталығында 410 бақылау жүйесі жедел басқару орталығының базасына қосылған. Олардың көмегімен 721 қылмыс, 14 мыңдай құқық бұзушылық әшкеререленді. Сервистік модельге көшудің негізгі қағидаларының бірі – халыққа жақын болу. “102” мобильдік қосымшасымен тәуліктің кез келген уақытында полицейлермен аудио, сондай-ақ, бейне қоңырау арқылы тікелей байланысуға немесе мәтіндік хабарлама жазуға болады. Хаттамалар толтыру үдерісін жеделдету және жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту мақсатымен планшеттер қолданылады. Бүгінде жүргізуші куәлігі мен техникалық төлқұжат­ты өзімен бірге алып жүру талабы алынып тасталды. Цифрландыру процесі нәтижесінде қылмыстық істерді тергеу электрондық форматқа көшіріле бастады. Өткен жылы қылмыстық істердің 50 пайызы осы әдіспен жүргізілсе, биыл 80 пайызға жеткізіледі. Тергеушілер қағазбастылықтан арылып, тергеу сапасы айтарлықтай жақсарады. Полицияның қылмысты анықтап, оған қатысы бар адамдарды тауып, айғақ жинап, оны тиянақтап беру мүмкіндіктері артты.
Кешенді іс-шаралардың нәтиже­сінде қылмыстар біршама азайып, ахуал тұрақтанды. Былтыр барлығы 4766 қылмыс тіркеліп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 26 пайызға төмендеді. Қылмыстарды ашу деңгейі артып, 73 пайызды құрады. 2020 жылы қоғамдық орындарда және көшелерде орын алған, мас күйде және топпен жасалған қылмыс­тар, кісі өлтіру, денсаулыққа зиян келтіру, тонау, бұзақылық, ұрлық және бопсалау секілді фактілер азайды. Дей тұрғанмен, ұзақ уақытқа созылған карантин кесірінен алаяқтық 118 пайызға өсті. Оперативті қызметкерлер екі мыңнан астам хабарландыруды тексерді. Сайттардың әкімшілігі арқылы интернеттегі 122 жалған аккаунт пен хабарландыру бұғатталды.
Ауылдық жерлерде ең көп кездесетін қылмыстың түрі – мал ұрлығы. Өткен жылы мал ұрлығы фактілерінің 50 пайызға төмендеуіне қол жеткізе алдық. Мал бағудың тәртібі мен ережесі бекітілді. Өңірде тұрмыстық қылмыс әлі де өткір сипатта қалып отыр. Өт­кен жылы бұл көрсеткіш 10 пайызға артты. Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы заң бұзушылықтар үшін 2075 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 544-і қамауға алынды. Маскүнемдік пен алкоголизм бүгінгі күннің үлкен қасыреті екені ешқандай талас тудырмайды. Бір жыл ішінде полицейлер ішімдікпен байланысты 10 мыңнан астам заң бұзушылықтың жолын кесті. Бір тоннадан астам заңсыз спирттік өнім тәркіленді. Оны заң­сыз сатудың 250, сату талаптарын бұзудың 156 фактісі анықталды. Сот шешімімен 145 кәсіпкерлік субъектісінің лицензиясы тоқтатылды. Алкоголизмнен мәж­бүрлеп емдеуге 145 адам жіберілді.
Жол-көлік оқиғаларының және одан жарақаттанған адамдардың саны 12 пайызға азайғанымен, қаза тапқандардың саны 23 пайызға өскені байқалады. Талдау көрсеткендей, жүргізушілердің, жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін бұзуы және жолдардың сапасыздығы – жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері. 2020 жылы 183 есірткі қылмысы тіркелді, бұл 2019 жыл­мен салыстырғанда көп. Синтетикалық есірткі таратушылар азаяр емес. Өткен жылы 462 килограмм түрлі есірткі заттары тәркіленді.
Біздің жұмысымыздың маңыз­ды бөлігі – полиция қызметкерлері тарапынан тәртіп пен заңдылықтың сақталуын бақылау. Өкінішке қарай, арамызда заңдылық пен қызметтік этиканы бұзу фактілері әлі де кездесіп қалады. Қызметтік тергеу нәтижелері бойынша кінәлі адамнан басқа, оның тікелей басшылары да қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылады. 2020 жылы әртүрлі деңгейдегі 60-тан астам басшыға тәртіптік жаза берілді. Қабылдан­ған шаралардың нәтижесінде жеке құрам арасындағы құқық бұзушылықтар саны екі есеге азайды. “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы аясында барлық полиция қызметтері мен бөлімше басшылары әлеуметтік желіде жеке аккаунттар ашты. Кез келген азамат полицияның заңсыз әрекетін байқаса, тікелей жүгіне алады.
Биылғы жыл ішкі істер органдары үшін құқық бұзушылықтардың алдын алу және “полиция – қадамдық қолжетімділікте” қағидатын қамтамасыз ету жылы болып жарияланды. Біздің негізгі міндетіміз – құқықтық тәртіпті, қоғамдық қауіпсіздікті, азаматтардың тыныштығын қамтамасыз ету. Ал жұмысымыздың тиімділігінің негізгі өлшемі – халықтың сенімі.

Марат ТӨЛЕБАЕВ,
облыстық полиция департаментінің бастығы,
полиция полковнигі.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp