Солтүстік Қазақстан облысында былтыр 14 жасқа дейінгі 210 балаға шамадан тыс артық салмағы үшін семіздік диагнозы қойылды.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, елімізде бастауыш сынып оқушыларының 5%-ы семіздікпен ауырады және шамамен 10 %-ында артық дене салмағы бар. Семіздік ауруы жасөспірімдер арасында да жиі кездеседі. Мамандардың айтуынша, семіздікке әкелетін негізгі фактор – дұрыс тамақтанбау. Ол осы заманғы диетологияның маңызды проблемасына айналып отыр. «Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, оқушылардың 80%-ы оңай сіңетін көмірсулар, майлар мен натрийді шамадан тыс тұтынудан ағзаға қажетті дәрумендерді, минералдарды аз қабылдайды, салдарынан олар нашар оқиды, баяу ойлайды, тез шаршайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәліметтері бойынша, аурудың тууына 50-70%-ында тамақтану сапасы, тамақтану тәртібінің бұзылуы, дұрыс тамақтану және ішу мәдениетінің болмауы себеп», – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті білім беру және тәрбиелеу объектілерін бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Гүлнара Сеитова. Дүкен сөрелерінде, дәмханалар мен мейрамханалар мәзірінде жиі кездесетін қарапайым тағам – фастфуд балалар арасында сұранысқа ие. «Сэндвич, хот-дог, пицца, құймақ және шаурма, фри картобы, бургерлерді дайындауда төмен сапалы шикізат жиі қолданылады. Фастфудқа жататын барлық тағамдар майлармен, қантпен қаныққан және оларда ағзаға қажетті дәрумендер мен минералдар жоқ деуге болады. Мұндай өнімдермен жиі тағамдану іш қатуға, ішек микрофлорасының бұзылуына әсер етеді. Фастфудты қолдану семіздікке, иммунитеттің төмендеуіне және ас қорыту жолдарының проблемаларына әкеледі. Қант диабеті дамуының қаупін арттырады», – дейді Гүлнара Сеитова. Солтүстік Қазақстан облысында 2019 жылы 14 жасқа дейінгі балалар арасында семіздіктің 270 жағдайы тіркелсе, былтыр 210 балаға осындай диагноз қойылып, есепке алынған.
https://www.inform.kz