Петропавлдағы “Жеңіс” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жерлесіміз, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің генерал-лейтенанты Абай Тасболатовтың құрметіне белбеу күресінен ел чемпионаты басталды.
Жерлесіміз, Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаты, әскери ғылымдар академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор Абай Бөлекбайұлы Тасболатов – ұлттық спорттың нағыз жанашыры. 2016 жылдан бері еліміздегі белбеу күресі қауымдастығының президенті ретінде аталмыш спорт түрінің дамуына өзіндік үлесін қосуда.
Жарыстың салтанатты ашылуында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов барша спортсүйер қауымды өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың атынан чемпионаттың басталуымен құттықтады.
– Соңғы жылдары біздің өңірімізде саламатты өмір салтын қалыптастыру ісіне көп көңіл бөлініп келеді. Жыл сайын Петропавл қаласы мен аудандарда спорттық нысандар салынуда. Әсіресе, ұлттық спорт түрлеріне басымдық беріліп, жерлестеріміз республикалық және халықаралық жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көрінуде. Жерлесіміз, генарал-лейтенант Абай Бөлекбайұлының құрметіне ұйымдастырылған біріншіліктің қатысушыларына сәттілік тілеймін, – деді Ғани Сақтағанұлы.
Облыстық жауынгерлік өнер қауымдастығының президенті Азат Каримуллин мен спорт ардагері, облысымыздың құрметті азаматы Жамбыл Тасеменов жарыстың маңыздылығын атап өтті. Чемпионаттың ашылуына арнайы келген Абай Тасболатов жарысты ұйымдастырушыларға, балуандарға, көрермендерге шынайы ризашылығын білдірді. Белбеу күресі спорт түрі ретінде әлемнің 60 мемлекетінде мойындалғанын, Азия, Еуропа және әлем чемпионаттары өткізілетінін, 2013 жылы Қазан қаласында өткен студенттер арасындағы Бүкіләлемдік универсиадада отандық спортшылар аталмыш спорт түрінен 2 күміс, 3 қола медаль иеленгенін айтты. Белбеу күресі біздің елімізде де қарыштап дамып келеді. 2005 жылы белбеу күресі федерациясы құрылған. Он үш өңірде арнайы секциялар ұйымдастырылған. Жиырмадан астам халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жүз шақты Қазақстанның спорт шебері дайындалған.
Чемпионатқа он облыстан және Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан келген 200-ге жуық балуан қатысуда. 2006-2008 жылдары туған спортшылар екі күн бойы 12 салмақ дәрежесінде кіл мықтыны анықтайды.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.