Мемлекет басшысы елордаға сапармен келген Иран дипломатына ілтипат білдіріп, екі ел арасындағы байланыстардың достық сипатын атап өтті.
– Иран – Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды серіктестерінің бірі. Заман қалай құбылса да, елдеріміз арасындағы жақсы қарым-қатынастар үзілген жоқ. Халықаралық ахуал өзара ынтымақтастығымыздың дамуына әсер етпеді. Біз бұл жағдайды жоғары бағалаймыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Иран Президенті Хасан Руханиға жүрекжарды сәлемімді жолдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Мохаммад Джавад Зариф Қазақстан Президентінің қонақжайлық танытқанына алғыс айтып, Нұр-Сұлтан қаласына тағы да келуге қуанышты екенін атап өтті.
Сыртқы істер министрі Иран Президенті Хасан Руханидің сәлемі мен Наурыз мерекесіне байланысты құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ Хасан Руханидің Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты өзіне ыңғайлы уақытта Иранға ресми сапармен келуге шақырғанын нақтылады.
– Біз Сіздің еліңізбен арадағы ынтымақтастықтың дамуына зор мән береміз. Қазақстан өңірдегі жақын көршілеріміздің әрі достас мемлекеттеріміздің бірі, – деді Мохаммад Джавад Зариф.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты талқылап, өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
https://www.akorda.kz/