«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өтемақы алған аналар қаржыны мемлекетке қайтаруға мәжбүр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мағжан Жұмабаев ауданында бұған дейін жүйелі түрде атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алып келген отбасылар жүздеген мың теңгені қайтаруға мәжбүр. Мәселен, үш баланың анасы Виктория Красавина 280 мың теңге қарыз болып қалған. Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болғандықтан, оған жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан АӘК алу ұсынылып, ай сайын 70 мың теңге рәсімделгенде қуанышы қойнына сыймаған. Бірақ онсыз да қалт-құлт етіп, күнін әзер көріп отырған отбасы дауға ілігерін білмеген. Жыл соңына таман АӘК-ті қайтару талап етілгенде жалғызілікті ана сенер-сенбесін білмей, екі өкпесін қолға алған күйі тиісті орындарға қарай құстай ұшқан. «Кірісті жасырған емеспін. Көлденең табысым жоқ. Енді шиеттей үш баламен қайтып күнелтпекпін?» – деп көз жасын көлдетіп, балапанын қорғаған қарлығаш шырыл қағады.

Осындай жағдайға үш баланың анасы Оксана Сүлейменова да тап болған. Ол жарты жыл бойы мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмекті кідіріссіз алып келген. Борышкер боламын деу өңі түгіл түсіне енбеген. Ақшаны қайтаруға ең төменгі күнкөріс деңгейінің шекті мөлшерінен 80 теңгенің асып кеткені себеп болған.
«80 теңге басымызға сор болып жабысып, шыбын жанымызды шырқыратып барады. Маған 177 мың теңгені қайтару туралы хабарлама түскенде есімнен танып қала жаздадым. Сот отырысынан кейін 136 мың теңге берешек екенім ескертілді. Қарыз мөлшері неге әрқилы деген сұрағыма ақпараттық жүйе дұрыс істемегендіктен, мәліметтерді қолмен толтыру кезінде қателіктер жіберілген деген жауап берілді. Мамандар нақты табысты дұрыс есептемесе, біздің қандай кінәміз бар?» – дейді айдың-күннің аманында сергелдеңге түсіп, сең соққан балықтың күйін кешкен бейбақ ана.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекшісі Бақытжан Ысқақовамен хабарласып, мән-жайға қатысты түсініктеме беруін өтінген едік. «Қолданыстағы заң нормаларына сай 2019 жылдың 25 сәуірінде В. Красавинаға ай сайын 70205 теңге көлемінде АӘК жәрдемақысын төлеу жөнінде шешім шығарылғаны рас. Алайда, мониторингтік бақылау барысында 491435 теңгенің 280820 теңгесі негізсіз есептелгені анықталды. Себебі жасалған екіжақты әлеуметтік келісімшартқа сәйкес ай сайынғы табыстың көлемі мен өзгерімі жайлы не ауылдық округке, не аудандық бөлімге ақпарат бермеген. Сот отырысында В. Красавинаның өз кінәсін мойындағаны ескеріліп, бітімгершілік келісім негізінде 2021 жылдың 28 ақпанынан 2022 жылдың 30 қаңтарына дейін заңсыз төлемді қайтаруы тиістігі ескертілді. Күйеуімен және баласымен тұратын О.Сүлейменоваға 600873 теңгенің атаулы көмегі көрсетілсе, 136053 теңгесін заңсыз алды деп танылған. Қайтарғаны – 19930 теңге ғана», – деген Бақытжан Нұрмұқанқызы алдағы уақытта мұндай қателіктерге жол берілмейтінін, өйткені АӘК тоқсан сайынғы табыс негізінде есептелетінін жеткізді. Оның айтуынша, басты қателік жұмыс беруші серіктестіктер мен шаруа қожалықтары тарапынан жіберілген көрінеді. Зейнетақы аударымдары уақытылы жүргізілмегендіктен, оның соңы жұртты шатастыруда.
Сот Виктория Красавинаға ақшаны мемлекетке қайтаруды міндеттеген. Ал Оксана Сүлейменоваға қоғамдық жұмыстар есебінен өтеуді ұсынған. Олар өздерін кінәлі санамайды. Шығынды дұрыс есептемеген шаруашылықтар да, шенеуніктер де теңдей бөлісуі керек деп санайды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan». 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp