«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕКПЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, еңбек ардагері Болат Сағындықовтың “Өмір белестері” атты жаңа кітабының тұсаукесері болды. Мәдени шараға облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығметов пен аға ұрпақ өкілдері қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығметов 85 жасқа толып отырған мерейтой иесіне өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың құттықтауын жеткізді. Ыстық ықыласқа толы құттықтау хатта Тәуелсіз еліміздің қалыптасып, дамуына өз үлесін қосып, жас ұрпақ тәрбиесіне белсене қатысып жүрген қарттың еңбегіне жоғары баға берілген.

– Біз Болат Мағазұлын ерекше құрметтейміз. Сіздің өмір жолыңыз өнегеге толы. Облыстың өркендеуіне сіңірген еңбегіңіз зор. Өңірдің қоғамдық-мәдени өмірі мен тарихты зерделеу ісіне белсене араластыңыз. Облыс орталығында бой көтерген қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш – сол еңбектің жемісі. Алдағы өміріңіз жарқын сәттерге толы болсын. Сізге қажымас қайрат, зор денсаулық тілеймін! – деді Ғани Сақтағанұлы.

Жиында сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов те жүректен шыққан жылы сөздерін жеткізді. “Жастайынан еңбекке араласқан Болат Мағазұлын кейінгі буынға әрқашан үлгі етеміз. Абыз ақсақалдың айтары да, жазары да мол. “Память” қоры арқылы қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш қою туралы бастама көтеріп, сол жұмысты іске асыруда үлкен еңбек сіңірді. Оған ел куә”, – дей келе, Ескендір Есмақұлы қазыналы қартқа ұзақ өмір, шалқар шабыт тіледі. Шарада аға буын өкілдері атынан сөз алған Тілек Әбдірахманов, Қымбат Исманова, Жамбыл Тасеменов ізгі ниеттерін білдірді. Зарқын Тайшыбай, Жақсыбай Самрат сынды қаламгерлер Болат Мағазұлының еңбегіне тоқталды.

Шара барысында “Өмір белестері” атты жаңа кітаптың тұсау-кесерінен бөлек, автордың бұған дейін жарық көрген “Үзілмес үміт”, “Мемориал” сынды туындылары да жұртшылық назарына ұсынылғанын айтқан жөн. Ал оқырманға жол тартқан жаңа кітапта “Алтын заң”, “Бейбітшілік тірегі”, “Жазғы таң”, “Қырманда”, “Жасыл бақ”, “Сарыарқа”, “Домбыра”, “Жыр-мұңым”, “Қазағым менің, қазағым” сынды көптеген өлеңдері мен “Дегенде Шәпибай-ау, Шәпибай-ау” дастаны бар. Жаңа жинаққа ардагердің сиясы кеппеген өлеңдерінен басқа баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалары да енгізілді.

Көпшілік назарына кітап көрмесі ұсынылып, Болат Сағындықовтың өмір жолынан сыр шертер туындыларды жұртшылық қызыға тамашалады.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp