«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҚСАТ – ҚОҒАМНЫҢ СОТҚА СЕНІМІН АРТТЫРУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сот жүйесін уақыт талабына сай одан әрі жетілдіру, ашықтығы мен қолжетімділігін, әділ сот төрелігін қамтамасыз ету қашанда басты мұрат болып табылады. Жүзеге асырылып жатқан реформалар аясында сот саласын жаңғыртудың кең көлемді іс-шаралары қолға алынды.

Облыста сот корпусының негізгі бөлігін кәсіби білікті, тәжірибесі мол судьялар құрайды. Олар заң нормаларына бағынатын, тек әділдікке негізделген шешімдер мен үкімдер шығаруды, жұртшылық сеніміне ие болуды мақсат тұтады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан; іс-қимыл кезеңі” Жолдауында демократиялық принциптерге, халықаралық құқықтық қағидаттарға негізделген тәуелсіз сот билігін қалыптастырудың жолдарын белгілеп берді. Құқықтық мемлекеттің маңызды шарты ретінде туралықтан танбайтын әділ сот төрелігінің болуына назар аударды. “Қоғамның соттарға деген сенімін орнықтыру басымдығы бар мақсатқа айналуы керек. Бұған мемлекет пен судьялар корпусының өз күштерін жұмылдыруы арқасында ғана қол жеткізуге болады”, – деп атап көрсетті. Біз өз жұмысымызда Мемлекет басшысының тапсырмаларына орай сот жүктемесін азайтудың, сот процестерін жеңілдетудің, судьялардың кәсіби біліктілігін жетілдірудың жолдарын жүйелі түрде қарастырып отырамыз.

Былтыр облыс соттарына 1114 қылмыстық іс түсті. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 6 пайызға көп. Тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 24,5 пайызға азайған. Соттарға жолданған қылмыстық істер арасында аса ауыр және ауыр қылмыстар саны 55,9 пайызға артқан. Ал ауырлығы орташа санатқа жататын қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 55,9 пайызға қысқарған. Қарауға келіп түскен қылмыстық істер санының өсуі, соған сай сот жүктемесінің көптігі, іс қарау сапасына кері әсер етеніні түсінікті. Бұл орайда сот төрелігін жүзеге асыруға тәжірибелі, кәсіпқой кадрларды барынша тартудың маңызы зор.

Президент сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөнінде өткізген кеңесте де бұл бағыттағы реформалар әділ сот төрелігін орнықтыру мақсатында жасалатынын атап өткен болатын. Президент: “Соттар қылмыстық процесті жүргізу барысында тергеу орындарына жалтақтамауы керек. Егер сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдей алмаса, айыптау үкімін шығаруға болмайды. Судьялар табандылық танытса, тергеу амалдары сапалы жүргізілетіні анық”, – дей келіп, барлық реформаның негізі адам игілігіне бағытталатынын ескертті.

Реформалардың табысты болуы соттардың кәсібилігіне тікелей байланысты. 2020 жылы 1090 істі қарау аяқталып, сапалық жағына барынша көңіл бөлінді. Бөтеннің мүлкін ұрлау фактілері бойынша қаралған істер 214-тен 335-ке, алаяқтық фактілері 2,3 есеге, билік өкілдеріне қатысты зорлық-зомбылық 56,3 пайызға артты. Қылмыстық істердің 70 пайызға жуығы IT-технологияларды қолдану арқылы онлайн қаралса, әрбір үшінші іс электрондық форматта келіп түсті. Іс материалдарын электрондық нұсқада қарау тәжірибесі енгізілді. Мұның өзі сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді құралға айналып, соттардың жүктемесін азайтуға ықпал етті.

Сот жүйесі тиімді болса, қоғамда заң үстемдігі орнығады. Тұтастай алғанда, республика бойынша ақтау үкімдерінің саны айтарлықтай кемігені байқалады. Өңірде 958 адамға қатысты айыптау үкімі шығарылып, 11 адам ақталды. Сотқа дейінгі тергеу органдары мен прокурорлардың күмәнді, дәлелдері қарама-қайшы қылмыстық істерді сотқа жіберуі тоқтатылды. Судьялар үшін басты ұстаным – көрсеткіш қуалау емес, азаматтардың құқығы мен бостандығына нұқсан келмеуі тиіс. Талдау барысы көрсеткендей, қылмыстардың қайталануы себепті бұрын сотталған адамдар саны екі еседей артқан. Сонымен қатар ауырлығы орташа қылмыстар үшін бас бостандығынан айыру 24 адамға қолданылған. Жаза тағайындау кезінде қоғамдық пікірлер, сыбайлас жемқорлық, жас балаларға қатысты қылмыстар, сонымен бірге ізгілендіру қағидаттары бірінші кезекте ескеріледі. Мас күйінде қылмыс жасағандарға жаза қатаңдатылады.

Қоғамның соттарға деген сенімін орнықтырудың тетіктері көп. Сондықтан дау-дамайды шешудің баламалы әдістеріне жүгіну артықтық етпейді. Ол мемлекеттің қатысуынсыз ымыраға келуге жол ашады. Дамыған елдерде бұл институт өміршеңдігін әлдеқашан дәлелдеген. 118 адамға қатысты 107 қылмыстық іс жүргізіліп, оның ішінде 78 іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды. Бұл жағдай күдіктінің жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысында тоқтатылуы да мүмкін. Істі қарау барысында сотталушы мен жәбірленушінің сотқа дейін татуласуға деген ізгі ниеті қылмыстық сот ісін жүргізу саласына тартылған адамдардың құқығына құрметпен қарауға әсер етері анық.

Қылмыстық іс жүргізу заңының елеулі түрде бұзылуына байланысты прокурорларға 2019 жылы 27 адамға қатысты 16 іс, 2020 жылы 6 адамға қатысты 5 іс кері қайтарылды. Өйткені, кез келген азамат қылмыстық жауапкершілікке негізсіз тартылмауы керек. Мұның өзі сотқа дейінгі тергеп-тексеру сапасының жақсарғанын айғақтайды. Тергеу судьялары күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау бойынша прокурорлар қолдаған тергеу органдарының 330 өтінішін қарап, 34 ұсынысты қанағаттандырудан бас тартты. Петропавл қалалық мамандандырылған тергеу сотына және аудандық соттардың тергеу судьяларына сотқа дейінгі тергеу органдарынан келіп түскен материалдарды зерделеу, әсіресе, тергеу судьясының санкциясынсыз күдіктілердің тұрғын үйлерін тінтуді барынша мұқият жүргізу тапсырылды. Заңсыз жүргізілген тінту барысында алынған айғақ заттар дәлел ретінде ұсынылмайды.

Сот төрелігінің сапасы – кез келген елдің негізгі көрсеткіші. 2020 жылы апелляциялық тәртіпте 189 адамға қатысты 161 үкім қайта қаралып, 4 адамға қатысты үкім өз күшін жойды, 33 адамға өзгертілді. Кассациялық тәртіпте 4 адамға қатысты үкім күшін жойып, 4 адамға қатысты өзгертілді. Апелляциялық және кассациялық тәртіпте барлығы 45 үкім шығарылды. Үкімдердегі өзгерістердің басым көпшілігі қылмыстық заңды дұрыс қолданбаудан, процестік шығындар сомасын нақты өндіріп алмаудан, заттай дәлелдемелерді ұсынбаудан, азаматтық талаптарды шешпеуден, сотталған адамның жазасын өтеуі керек түзеу мекемесінің түрін анықтамаудан туындап жатады. Бұған мысал ретінде Полятычкоға қатысты қылмыстық істі айтуға болады. Сот алынған дәлелдемелерге дұрыс баға берместен негізсіз ақтау үкімін шығарған. Ай сайын аппеляциялық тәртіпте үкімдердің күшін жою және өзгерту себептеріне талдау жүргізіліп, заң бұзушылықтарға жол бермеу мақсатын зерделеу үшін қаулы көшірмелері аудандық, қалалық соттарға жолданады. Алқа судьялары қылмыстық істерді қараудың сот практикасына 3 жинақтамасын, үкімдердің күшін жою және оларды өзгерту, қылмыстық істерді прокурорға қайтару, жеке қаулылар шығарудың негізділігі туралы 24 талдамалық анықтама дайындады. 6 семинар-кеңес, құқық қорғау органдары мен прокуратура қызметкерлерінің қатысуымен 2 дөңгелек үстел, аудандық соттың 8 судьясының тағылымдамасы өткізілді. Аудандық сот судьяларының кәсіби деңгейін арттыру, іс-шаралар, жаңа заңнамалар мен нормативтік қаулыларды түсіндіру бойынша семинар сабақтар ұйымдастырылды. Жалпы алғанда, қылмыстық істерді қарайтын алқа және аудандық, қалалық сот судьялары қойылған міндеттерді орындап, қылмыстық істерді сапалы қарауды қамтамасыз ете алады деп ойлаймыз.

Владимир КИРИЛЕНКО,

облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp