«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘЛІК ҒАБДУЛИН МҰРАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдулин­нің 1943 жылы майдан даласында жазған естеліктері араға 75 жыл уақыт салып кітап болып басылып шықты. Жазушы Сәбит Мұқанов қолжазбаны бірнеше рет баспаға ұсынғанымен, тырнақ астынан кір іздеушілер қазақ ұландарының соғыстағы ерлігі туралы жазылған жайттарды ұлтшылдыққа балап, жарыққа шығаруға рұқсат бермеген. “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында 2020 жылы ғана баспа бетін көрген “Қазақ баласы” кітабын Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин атындағы музей қызметкерлері Қызылжардағы “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінің қорына табыс етті.

Ежелден ауылы аралас, қойы қоралас қос өңірдің мәдениет саласындағы байланысының да тамыры тереңде. Осы дәстүрді Мәлік Ғабдуллин атындағы музей мен “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешені қайта жаңғыртып, екіжақты әріптестік жөнінде меморандум жасасты. Болашақта қос қалада кезек-кезек көрмелер өткізу жоспарда бар. Бұл істі көкшеліктер бастап берді. Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдулиннің өмірі мен шығармашылығы, майдандағы ерлігі келушілерге көшпелі көрме арқылы паш етілді. Мұражайдың аға ғылыми қызметкері Мейрамгүл Жолаушинаның айтуынша, Мәлік Ғабдуллин 1915 жылы қазіргі Ақмола облысының Зеренді ауданында туған. Атақты Панфилов дивизиясының құрамында жаумен шайқасқан. Қазақтың қаһарман ұлдары туралы естеліктер жазған. Өзі де көзсіз ерлікке барып, 1943 жылы Кеңес Одағының Батыры атанған. Майданнан оралған соң ғылым саласында тынымсыз еңбек етіп, академик дәрежесін иеленді. Абай атындағы педа­гогикалық институтты басқарды.

Көкшелік меймандар Мәлік Ғабдуллиннің “Қазақ баласы” кітабынан бөлек, 2020 жылы жарыққа шыққан “Мен халықтың ұлымын” эпистолярлық жинағын және аталмыш музейдің ашылғаннан бергі 25 жылда атқарған жұмысы көрініс тапқан “Жемісті жылдар” атты альбом-кітапты тарту етті. Эпистолярлық жинаққа батырдың Бауыржан Момышұлы, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ақселеу Сейдімбек, Қадір Мырзалиев және тағы басқа қазақ қаламгерлеріне жазған, олардан келген хаттар топтастырылған.

Кездесуде сөз алған Солтүстік Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жамантаев музейлер арасында байланыс орнатудың маңыздылығы туралы айтты. Мәлік Ғабдуллин мұражайының бас қор сақтаушысы Серікжан Жүзжанова “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінің басшылығына көрме ұйымдастыруға көмектескені үшін алғысын білдірді.

Әсемгүл ҚЫДЫБЕКОВА,

“Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешені директорының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp