«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сай қуалап су ағар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы жылдары табиғат тосын мінез танытып, көктем сайын әбігерге салып жүр. Кей жылдары топан су келгендей әсер қалдырады. Көнекөздердің айтуынша, бұл мәселенің мәнісі тереңде. Кеңес өкіметін қанша жамандағанмен, ол кезде ғылымға ерекше көңіл бөлінгені рас.

Соның бірі осы суға байланысты. Әр кеңшарда инженер-гидротехник жер асты су көзін зерттеп, оны тиімді пайдалануға ұмтылды. Қар тоқтату жұмыстары да кешенді түрде жүргізігілген еді. Нәтижесінде қар суы топыраққа сіңіп, ылғалы артатын. Олақ басшылар мен салақ мамандар ол кезде де болған. Сондайлардың кесірінен, жолдарды шайып, ауылдарды басып қалатын жайттар жиі болмаса да кездескен.

Биыл қыс ұзаққа созылып, көктемнің лебі кеш сезілді. Бұл құбылыс өңірдегі жергілікті атқарушы билік пен төтенше жағдайлар қызметінің жүйкесін жұқартып тұр. Себеп біреу, күн күрт жылынса өзендер мен көлдер тасиды. Есілдің мұзы әлі сіресіп тұр, аз уақытта оның да жібіп сала берері анық. Қазіргі күні Айыртаудағы Ақанбұрлық, Иманбұрлық, Бабықбұрлық пен Жембарақ, Уәлиханов ауданындағы Мұқыр мен Мағжан Жұмабаевтағы Шарық секілді шағын өзендер, кемерінен асып кетеді. Соңғы күндері Жыланшықтың мұзы құбырға кептеліп қалғандықтан су жайылып, Имантау ауылындағы бір жылыжайды шайып кетуі дер кезінде қауіптің алдын ала алмағандықтың салдары. Дегенмен, аудандағылар мүлдем бейғам отыр деп тағы айта алмаспыз, өйткені, осындағы Бабықбұрлық пен Қарасу өзендерінде, Имантау көлінде мұз жару жүргізілген екен.

Тағы бір айта кететін жайт, бұрындары жолды жобалау кезінде жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, су өткізетін құбырлар орнататын. Су өз жолымен сай қуалап еңіске ағып кетеді де, қазіргідей алапат күш алмайтын. Соңғы уақытта салынған жолдарда, өкінішке қарай мұндай құбырлар аз. Сондықтан қарқын алған қар суы жолындағыны шайып кетіп жатыр. Жуырда облыста 2 жолды су басты. Біреуі Шал ақын ауданына қарасты Қаратал ауылының маңы, екіншісі Есіл ауданындағы Горныйдың тұсы. Екеуі де қауіпті аймақта, бірі Сергеев су қоймасына, екіншісі Үлкен Тораңғұл көліне жақын. Су қоймасы демекші, мамандардың айтуынша, қазіргі күні Сергеев су қоймасы ернеуінен жарты метрге асып, таси бастады. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда мұз жүріп жатыр. Басқа аудандарда да мұз жұқарып, қызыл су көтеріле бастағаны байқалады. Ал Ақмола облысындағы Сілеті су қоймасындағы жағдай тұрақталып, судың арыны басылды, – дейді мамандар. Бірақ жағдай әлі де бақылауда. Осыған орай төтенше жағдайлар департаментінің арнайы қызметі Айыртау, Уәлиханов, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарға аттанды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлім бастығы Серік Наурызбаевтың айтуынша, бұл бөлімшелер сәуірдің 8-інен бастап іске кіріскен. Жасақтың құрамына тәжірибелі құтқарушылар мен өрт сөндірушілер кірген, яғни, тосын жағдайда тосылмайтын, сын сағатта сүрінбеген сарбаздар. Бұл да көңілге бір медет.

Экологтардың айтуынша, өзен-көлдердің тасуы адам баласын әбігерге салғанымен, табиғатқа еш зияны жоқ, су басқан көлдерде балық молайса, жайылымдарда шөп бітік шығады.

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp