«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Ұмай” — әйелдерге арналған ипотека

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Отбасы банк” тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы 12 сәуірден бастап әйелдерге арналған “Ұмай” ипотекасын іске қосты. Бұл туралы қаржы институтының филиалында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Ипотека шарты бойынша қарыз алушы кәмелеттік жасқа толған Қазақстан азаматы болуы керек. Оның отбасылық айлық табысы 320 мың теңгеден аспауы тиіс. Баспана таңдауда ешқандай шектеу жоқ. Үйдің шекті құны 30 млн. теңгені құрайды. Сондай-ақ, қаржыны жылжымайтын мүлікті жөндеуге пайдалануға болады.

Бұл мақсатқа 3,7 млн. теңгеге дейін несие ресімдеу мүмкіндігі қарастырылған. “Отбасы банк” тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-ы облыстық филиалының бөлім басшысы Арман Сүгіралиннің айтуынша, жаңа бағдарлама несиені 15 пайыздық бастапқы жарнамен немесе депозитке салым салмай-ақ рәсімдеуге мүмкіндік береді.

– Несиенің жылдық мөлшерлемесі 12 пайыз. Алдағы уақытта ол 3,5 пайызға дейін төмендейді. Несиені 6 айдан 20 жылға дейін ресімдеуге болады. Ең бастысы – өтінім берушінің атында баспананың бар-жоғы тексерілмейді. Осындай жеңілдіктердің арқасында нәзік жандардың аталмыш ипотекаға деген қызығушылығы жоғары. Ресми мәліметке сәйкес, соңғы екі күннің ішінде ел бойынша қыз-келіншектерден 4549 электрондық өтініш түскен. Ал біздің облыста жыл соңына дейін кем дегенде 150 отбасы бағдарламаның игілігін көреді деп күтілуде, – деді бөлім басшысы. Бір атап өтерлігі, жаңа ипотека баспананы еліміздің кез келген өңірінен сатып алуға мүмкіндік береді.

Банк қызметкерлерінің айтуынша, елімізде жалпы ипотекалық несие рәсімдеген әйелдердің үлесі 48 пайызды құрайды. Ал “Отбасы банкінің” несиелік қоржынындағы әйелдердің үлесі 57 пайыз. Яғни, соңғы 5 жылда нәзік жандар банктен несие алу бойынша ерлерге қарағанда белсендірек. Сондықтан алдағы уақытта бұл ипотека көптеген қыз-келіншектердің тұрғын үй мәселесін шешуге септігін тигізбек.

Сондай-ақ, қаржы институты 12 сәуір мен 26 мамыр аралығында “Нұрлы жер” бағдарламасы аясында жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған аз қамтылған отбасыларға кредит беру бойынша өтінімдер қабылдайды. Бағдарламаға “Алтын алқа” және “Күміс алқа” иелері, бұрын “Батыр ана” атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі “Ана даңқы” ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы, толық емес отбасылар және мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp