«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өткен тәулікте 6 жол учаскесін су басты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысында мамандар көктемгі су тасқынын бақылауда ұстап отыр. Бүгін Тимирязев ауданына жағдайды реттеуге құтқарушылардан құралған арнайы топ аттанады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камаловтың айтуынша, Сергеев су қоймасынан асып-төгілу 54 см құрап отыр. Бұл бөген реттелмейді. Яғни су қоймасынан өткен су төмен ағыспен кетіп, Петропавлға, одан Ресейдің Түмен облысына барады. Үлкен су Петропавлға 10 күн шамасында жетпек.

«Шағын өзендердегі су деңгейі бірер күннен кейін төмен түсе бастайды. Сол себепті қазір негізінен Есіл өзенін Сергеев су қоймасынан бастап бақылауға аламыз.

Ақмола облысынан келетін Чаглинка, Сілеті өзендерінен де қауіп жоғары. Сондай-ақ Есілге құятын Колутон мен Жабай өзендеріне де күнделікті мониторинг жүргізіледі», – дейді Рамиль Камалов.

Өткен тәулікте Айыртау, Есіл және Шал ақын аудандарында республикалық, облыстық, аудандық маңыздағы жолдарда 6 учаскені су басты. Екеуінде қазір жағдай тұрақталды. Ауыл ішіндегі жолдарды су басқанымен, үйлерге су кірген жоқ.

Мамандар өңірдегі өзендерден басқа Үлкен Тораңғұлды да назарда ұстап отыр. Көлге Қамысақты өзені құяды. Көл деңгейі біртіндеп көтеріліп келеді.

«Соңғы рет СҚО-да 2017 жылы үлкен су тасқыны болды. Бірақ биыл қарқыны төмен. Есіл өзеніне құятын Колутон мен Жабай өзендерінде, мәселен, су деңгейі жылдағы орташа көрсеткіштен төмен. Сол себепті қазіргі болжам бойынша үлкен су тасқыны болмайды. Десек те, арқаны кеңге салмай, жағдайды бақылауға алдық», – дейді департамент бастығы.

Өңірдің су тасқыны қаупі жоғары Ғабит Мүсірепов, Айыртау, Уәлиханов аудандарында құтқарушылар мен өрт сөндірушілерден құралған арнайы топ жұмыс істеп жатыр. Бүгін дәл осындай топ Тимирязев ауданына аттанбақ.

https://www.inform.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp