Көненің көзіндей, өткеннің өзіндей Индустрия Әбдірахманованың өмірі өзінше өрнектелген. Ол 1931 жылы Татарстанда дүниеге келген. Сол жылдары Кеңес одағында индустрияландыру саясаты белсенді жүргізілгенімен, елдің басына үлкен қауіп пен қатер, алапат қайғы мен қасірет төнген кез еді. Перзентінің өмірі жарқын сәттерге, жасампаз істерге толы болуын армандаған Хамит сәбиінің есімін Индустрия деп атайды. Индустрия Хамитқызының өмір жолы тақтайдай тегіс болды деп айта алмаймыз. Талай “тар жол, тайғақ кешулерден” өтті. Бірақ қандай қиындықтарға тап болса да, ата-анасымен туған Отанға оралып, қазақ жерінде өсіп-өнгенін мақтаныш етеді. Алып бәйтеректей тамырын тереңге жайған қария бүгінде ұрпағымен бақытқа бөленуде.
Қайырлыбай Әбдірахмановтай өмірлік серігін кездестіріп, отбасында бақытты боламын деп емес, асыл жарын бақытты етемін деп барған оның бір кездегі арманы бүгінде орындалғандай. Ұлы Отан соғысының ардагері, елге сыйлы азамат Қайырлыбай Әбдірахманұлымен Үлгі ауылында (Аққайың ауданы) еңбек етіп, 12 баланы дүниеге әкелді. “Балалы үй – базар” дегендей тату-тәтті өмір сүрген қос шынар балаларын махаббат пен мейірімге бөлеп өсірді.
– Біз талай қиындықты көріп өстік. Соғыс жылдары ерте еңбекке араластық. Жастық шағымыз тың игеру науқанымен тұспа-тұс келді. Тұрмысқа шыққан соң да ауылда түрлі жұмыс істеп, кеңшар, ұжымшарда еңбек еттік. Әйтеуір еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай тер төктік. Көптің тілегі қабыл болып, бүгінде ұрпағымыз бейбіт өмір сүруде. Ана үшін одан асқан бақыт бар ма?! – деп өткен өмірін ризашылықпен еске алған Индустрия әжей адамдар бейбіт өмірдің қадірін біліп, Отанға деген сүйіспеншілік сезімді адал еңбекпен дәлелдеуі қажет екенін айтты.
Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен әзиз ана қандай қиындықтар орын алса да ешқашан қол қусырып отырмаған. Балаларының болашағы үшін кез келген жұмысқа бейімделе алды. Жалқаулыққа жаны қас қарияның бүгінде өзін сергек сезініп, ширақ қимылдауы сол еңбексүйгіштіктің арқасы болса керек.
Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған кеудесі қазына қария немере, шөберелерінің қызығына кенелуде. Ақылгөй ананы алақандарына салып, аялап отырған ұл-қыздарына айтар алғысы шексіз. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген балаларының ортасында қария шынайы қуаныштың шуағына бөленуде. Алайда, өмірде өкініші де жоқ емес. Қатыгез тағдырдың жазуымен жұбайы мен бес бірдей баласынан ерте көз жазып қалды. Сондықтан оның жүрегі сағыныштан жаралы. Дегенмен үлкен әулеттің бәйтерегі бүгінгі өмірге шүкір дейді. Ұл-қыздарын адалдыққа, адамгершілікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеген әжей отбасында береке-бірлікті сақтап, халқымыздың салт-дәстүрін берік ұстанады. Ұрпағынан да соны талап етеді.
Әрбір ата-ана үшін баласының өмірде өз орнын тапқанын көру үлкен бақыт. Полиция қызметкері, есепші, ұстаз, кітапханашы, жүргізуші сынды сан салада жұмыс істеп, абырой биігінен көрінген ұл-қыздарының толайым табыстарына марқайған алып шынар немере, шөберелерінің де жетістігіне балаша қуанады. Оларды әрқашан мақтан етеді. – Әр баланың өз орны, несібесі болады. Өмірдің бір қызығы – бала ғой. Менің өмірдегі ең үлкен қуанышым, байлығым – балаларым. Үбірлі-шүбірлі әулет болып отырғаным – Тәуелсіздік пен еліміздегі ынтымақтың арқасы. Сондықтан күн сайын ұрпағымның амандығын, елімнің тыныштығын тілеймін, – деді ардақты ана. Ұрпағына саналы тәрбие берген әжей ағайын-туысқа қадірлі, ел-жұртқа сыйлы. “Қариясы бар ел – қазыналы ел” демекші, Петропавл қалалық ардагерлер кеңесі жақында 90 жасқа толған тыл еңбеккерін туған күнімен құттықтап, сый-құрмет көрсетті. Қазақи болмысты сақтаған шежірелі кейуана қариясын қадірлеген елге риза көңілмен аналық ақ пейілін білдірді.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.