«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҚЫТ МЕКЕНІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақта “Отбасының өнегесі – Отанның өнегесі” деген тәмсіл бар. Балаға тәрбие – отбасында беріледі. Сондықтан отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өр­кен жайған өнегелі отбасыларды көргенде көңіл қуанады. Бұл орайда, ұл-қызын ұлттық құндылықтармен тәрбиелеген Бестаевтар әулетін үлгі еткен жөн.

Отбасындағы ынтымақ, ұлағатты ұр­пақ тәрбиелеу, ша­ңы­рақтың беріктігі әйелге байланысты. Бестаевтар әулетіне ырыс, құт-береке әкеліп, шаңырағын шаттыққа бөлеген Бақыт Тұрғынқызы 35 жылдан бері өз міндетін мінсіз атқаруда. Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсету сияқты адамгершілік қасиеттерімен адам жанын баураған асыл жан ағайын-туыстың мақтанышы. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген ол қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жақсы біледі.

Айыртау ауданындағы Новоукраинка ауылында тұратын Бақыт Тұрғынқызы жұбайы Жанболат Бестаевпен 3 бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде сыйластық орнаған отбасы ұрпағымен бақытқа кенелуде. Тұңғыштары Данияр отбасын құрса, екінші ұлдары Дәурен құқық қорғау саласында қызмет етеді. Ал Жәния Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында оқиды.

– Қолөнерді анамнан үй­рендім. Тұрмысқа шыққан соң балаларыма, ауылдастарыма неше түрлі киім тігіп беретінмін. Бір қызығы, киімді арнайы құралдардың көмегімен өлшемеймін, көзбен қарап тігемін. Мөлшерден мүлт кеткен емеспін, – деді Бақыт Бестаева. Кез келген шаруаны ұршықша иіретін оның қолынан барлығы келеді.

– Петропавл қаласында 3 айлық тігін тігу курсын 1,5 айда оқып шыққанмын. Сөйтіп, екі жылдан соң аудан орталығында тігіншілікпен айналыстым. Содан тұңғыш немерем дүниеге келіп, барлық ісімді тастап, немеремнің күтімімен айналысамын деп шештім, – дейді Бақыт Тұрғынқызы. Бүгінде ол өнегелі өсиетімен немерелерін тәрбиелеуде. Бұған дейін ол Қаратал кеңшарында инженер, аудан орталығында тігінші болып жұмыс істеген екен. Кейін Новоукраинка ауылына көшіп келді. Әйтеуір, отағасы Жанболат екеуі еңбектен қол үзген жоқ. Өзара сыйластық пен татулықтың арқасында түрлі қиындықтарды да жеңіп шықты. Еңбек етуге ынта болса, кез келген жұмысты істеуге болатынын айтқан ақ жаулықты ана қол қусырып, біреуден көмек күткенше әрекет етіп, табысқа қол жеткізу қажет екенін атап өтті. Оң саусағынан өнер тамған ісмер әлі күнге дейін тігіншілікті тастамаған. Қазір де ауыл тұрғындары, мектеп ұжымы оның қолынан шыққан – бұйымдар ұлттық костюмдерге жиі тапсырыс беріп тұрады екен.

Бірге тұратын ұлы мен келіні ата-анасына лайықты ізет көрсетуде. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, отбасында тәртіп пен тәрбиені берік ұстанған бұл үйден қонақ арылған емес. Ақ жаулықты ананың дастарқаны әр кез жаюлы тұрады. Құрт пен майы, ірімшік, айраны, қоспасы тіл үйіреді.

Әйгерім ЖАҢБЫРБАЙҚЫЗЫ.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp