Солтүстік Қазақстан облысында 15 сәуірден бастап түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқандарға коронавирусқа қарсы вакцина егіле бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сәуір айынан бастап облыс бойынша ведомство қызметкерлерінің жеке құрамын вакцинациялау басталды.
Бүгінге дейін қызметкерлердің 93 %-ы коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін алды. СҚО бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары Александр Кочкиннің айтуынша, вакцина алудан қорқудың керегі жоқ.
«Вакцинациядан кейін дәрігерлер көп су ішіп, ауыр жұмыспен айналыспау қажеттігін айтып, еккен жерді 3 күн бойы суламауға кеңес берді.
Кей қызметкерлерде кешке қарай температура шамалы көтерілді.
Дәрігерлердің айтуынша, бұл ағзаның қалыпты реакциясы. Мен өзімді жақсы сезіндім. Біз «Спутник V» вакцинасын алдық», – дейді Александр Кочкин.
15 сәуірден бастап облыста сотталғандарға вакцина егіле бастады.
Бірінші болып қауіпсіздігі барынша төмен – ЕС 164/9 мекемесінің 30 жазасын өтеуші вакцинацияланды.
«Аурухана терапевті алдымен менің жағдайымды тексерді. Сұрақтар қойды. Тек сосын ғана вакцина алуға жіберді. 30 минуттан кейін екпе орнын тексеріп, ағзаның реакциясын байқады. Қазір екпеден кейін жағдайым жақсы, еш өзгеріс байқаған жоқпын», – дейді А. есімді сотталған.
16 сәуірде ЕС-164/1 аралас қауіпсіздік мекемесі (тергеу изоляторы) сотталғандарына вакцинация жүргізілсе, алдағы онкүндікте СҚО бойынша ҚАЖД ЕС-164/3,6 мекемелеріндегі жазасын өтеушілер екпе алмақ.
Жалпы СҚО бойынша препараттың бірінші компонентін 17 мың 826 адам, ал екінші компонентті 2 мың 693 адам алды.
https://www.inform.kz/