«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӨЛДІР СЕЗІМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елімізде жылдағы дәстүр бойынша сәуір айының он бесі күні ұлттық ғашықтар мерекесі – “Қозы Көрпеш – Баян Сұлу“ күні аталып өтеді. Бірнеше жылдан бері тойланып келе жатқан бұл атаулы күннің жастарды адалдыққа, сүйіспеншілікке тәрбиелеуде орны бөлек. Ғашықтар мерекесінің қоғамдағы маңызы, құндылығы қандай деген сұраққа жауап іздеу мақсатында сауалнама ұйымдастырған болатынбыз.

Сағыныш КӨБЕНОВА,

студент:

– Соңғы жылдары менің замандастарым 15 сәуірде ғашықтар күнін атап өтуді дәстүрге айналдыра бастады. Бұл күні ғашық жандар бір-біріне сүйіспеншілік сезімдерін білдіреді. Әрине, мұның бәрі ұлттық тәрбиеміздің шеңберінен шықпай жасалып жатса, құба-құп. Қайсыбір жылдары көптеген жастар біздің халқымыздың таным-түсінігіне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Әулие Валентин күнін өрескел әрекеттері арқылы атап өтті емес пе? Өз басым бірін-бірі ұнатқан, жақсы көрген жастардың сезімдерін ел-жұртқа жария еткендерін құптамаймын. Бұл қазақы тәрбиеге жат көрініс. “Қозы Көр­пеш – Баян сұлу“ күнінде жастардың ұлттық салт-санаға, дәстүрге аз да болса назар аударуы кө­ңіл қуантады. Нәзік сезім, іңкәр көңіл, адал махаббатты аялай білген жандар ертеңгі күні берік отбасын құрады ғой.

Отбасы – мемлекеттің іргетасы. Мемлекеттің іргетасы мықты болуы үшін жастарды ұлттық құндылықтарды сақтауға, тарихтан тағылым, өткеннен өнеге алуға тәрбиелеу керек. Қосыла алмаған қос мұңлықтың берік махаббатын өз сезімдеріне арқау еткен жастар бұл мерекенің маңызына назар аударатыны анық. Сондықтан осындай ұлттық құндылықтарға сай ғашықтар мерекесі жастар арасында кеңінен насихатталуы тиіс. Бұл мейрамда тек ғашық жандар ғана емес, құрбы-құрдастар, достар бір-біріне ақ пейіл, адал көңілдерін білдірсе дұрыс болар еді. Мен де құрбыларыма достық сезімімді білдіріп, шын көңілден барлық жақсылықты тілеймін.

Дархан ДӘУЛЕТОВ,

студент:

– Менің түсінігімде махаббат сезімі – шексіз әлем. Оған бір күн­ді немесе сағатты арнаудың қажеті жоқ. Махаббаттың салмағы бақытты немесе сәтсіз оқиғалармен өлшенбейді. Ол таңғы шықтай мөлдір болғандықтан, адамның өмірін нұрландырады, сәулелендіре түседі. Ал “Қозы Көрпеш – Баян сұлу“ күніне келетін болсақ, оның жастардың тәрбиесіне байланысты ойлап табылғаны рас. Біздің еліміздің ертеңгі тірегі саналатын ұл-қыздар бұл күні жүректеріндегі шынайы сүйіспеншіліктерін білдіріп жатса оның несі айып? Махаббат та нәзік гүл сияқты ғой. Сыйлықтармен, жылы сөздермен суарып отырсаң одан сайын құлпырады. Тек мұндай әрекеттердің астарында бақай есеп, теріс қылық болмауы керек. Тарих бетін ақтаратын болсақ, Құдай қосқан қосағын аялап өткен, бар ғұмырын арнаған небір ардақты тұлғаларымызды, асыл аналарымызды кездестіреміз. 15 сәуір күні жоғары оқу орындары мен колледждерде осындай тарихи тұлғалардың өмірлері сахналық көріністер арқылы үлгі етілсе мерекенің де маңызы арта түспей ме?

Тағы бір айтпағым, елімізде махаббат мерекесінен де маңызды мәселелер бар. Бізде екі адамның бір-біріне деген махаббатын емес, жалпы елді, ұлтты сүюге үндейтін мәселелерге басымдық берілуі тиіс деп ойлаймын. Елін, халқын сүйген ұл-қыз өзінің қосағына да адал болады.

Дайындаған

Рабиға ЕРАЛЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp