«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТБАСЫ – ОЙЫНШЫҚ ЕМЕС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Асхат екеуміз біреуден ілге­рі, біреуден кейін дегендей, тату-тәтті өмір сүрдік. Үш баланы ержеткізу үшін тыңбай еңбек еттік. Мен – дүкеншімін, ол құрылыста жұмысшы болды. Екеуміздің тапқан-таянғанымыз пәтерақы мен күнделікті ас-судан артылмайтын. Сондықтан баспана алуға мүмкіндігіміз болмады”, – деп ағынан жарылған Сәуле осыдан бірнеше жыл бұрын жұбайымен ажырасқанын айтты. Алайда, ажырасуға себеп болатындай сыйластықтарына сызат түспеген, араларынан қара мысық өтпеген. Ресми ажырасқандары болмаса, осы күнге дейін бірге тұрған.

Бүгінде елімізде заң бойынша толық емес отбасы ретінде кезекке тұрып, жеңілдетілген бағдарламамен үй алуға мүмкіндік бар. Ерлі-зайыптылар мұндай қадамға осы мақсатпен барған көрінеді. Сәуле бұл әрекеті өміріндегі ең үлкен қателігі болғанын мойындайды. Өз тағдырына өзі балта шапқандай әсерде болатынын, ажырасуға өзін кінәлі сезінетінін де жасырып қалмады. Айтуынша, күйеуі мән-жайды түсіндірместен осыдан 3-4 ай бұрын үйден кетіп қалыпты. Бірге тұрғысы келмейтінін, бірақ балаларынан бас тартпайтынын айтыпты. Осылайша, ойыннан от шығып, жалғандық опық жегізген сыңайлы. “Адам ниетінен табады“ деген сөз осындайда айтылса керек. Бұл Сәулені табалау, не қаралау емес. Тек біреудің қателігінен өзгелер сабақ алса жарар еді. Заң жүзінде ажыраспағанда, некемізді сақтап қалу мүмкін еді деген сенімнің жетегінде күн кешіп жүрген келіншек мұндай шалыс қадамды жастар қайталамаса екен дейді.

Иә, өкініштісі сол, қоғамда біз әңгімеміздің өзегі етіп отырған жағдайлар аз емес. Ерлі-зайыптылардың материалдық құндылықтар үшін осындай теріс әрекетке барулары нені аңғартады? Бұрын “ажырасу“ деген сөз естілсе шошына қарайтын қоғам, қазір бұған етін әбден үйретіп алды. Тіпті, оны өздерінің қара бастары үшін ойыншыққа айналдыратындар бар. Әрине, сананы тұрмыс билейтінін ешкім де жоққа шығармайды. Бірақ бұл жалған неке бұзып, ардан аттауға негіз емес.

Елімізде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету бойынша атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Сондықтан атаулы әлеуметтік жәрдемақы алу үшін ажырасуы мүмкін деген тұжырымды жоққа шығаруға болмайды. Әрине, бұл жұрт жаппай жалған ажырасуға көшті дегенді білдірмейді. Некенің бұзылуына түрлі жағдайлар әсер етуі мүмкін. Ол өз алдына бөлек әңгіме.

Облыстық әділет департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, жергілікті атқарушы органға 2020-2021 жылдың наурыз айлары аралығында ажырасу туралы тұрғындардан 736 өтініш түскен. Бір қуантарлығы, осы кезеңде 3201 неке тіркелді. Соның ішінде отбасын құруға ниетті бір мыңнан астам жұп өтінішті онлайн жолдаған екен. Ал Петропавл қаласы бойынша 1772 жұп отбасын құрды.

Облыстық әділет департаментінің тіркеу қызметі саласындағы әдістемелік қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің басшысы Татьяна Горичева өткен жылы пандемия орын алған сәтте неке бұзу фактілері жиілегенін жасырмады. Бірақ облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы атаулы әлеуметтік жәрдемақы тағайындауда жалған неке бұзу орын алмағанын алға тартты. Кім жәрдемақы немесе пәтер үшін ажырасқандарын жар сала айта қояр дейсіз? Қулығына құ­рық бойламайтындардың көбейіп бара жатқанын мамандар да іштей сезеді. Алайда, бәрі заң жүзінде жүзеге асырылғандықтан олардың бұл әрекеттерін әшкерелей алмайды. “Қазақ халқы ежелден “жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған”. Сондықтан дәстүрлі қазақ қоғамында ажырасу, некенің бұзылуына үлкен сынмен қараған. Ерлі-зайыптылар арасында “ажырасудың” белең алуы балалардың да тағдырына тигізер өз әсері бар. Ата-анасының “ажырасқандарын”, ең сорақысы, сөйте тұра бір шаңырақта ғұмыр кешетіндерін білген бала күйзеліске ұшырамай ма? Кезінде тұрмыс қиындықтарын біз де көрдік. Аштан өліп, көштен қалғанымыз жоқ. Адал еңбекпен барлық арман-мақсатымызға қол жеткіздік”, – дей келе көпбалалы ана Қайыр Жахина тұрмыстық қажеттіліктерге байланысты неке бұзып, адами құндылықты аяққа таптау дұрыс емес екенін алға тартты.

Аз қамтылған азаматтарға жәрдемақы тағайындауда өтініш беру­шілердің мәліметтерінің дұрыстығын тексеру, жалған ажырасуға жол бермеу өзекті мәселе екенін айтқан жөн. Өйткені, әккі ойларын іске асырып жатқандар арамызда аз емес. Біреудің дүниемүлкі мен ақшасын санап отырған жоқпыз, тек мемлекеттен берілетін көмек-қолдауға шын мұқтаж жандар ие болса екен деген ой ғой.

Дүниелік мақсат, пенделік мұрат үшін жалғандыққа барғанды асыл дініміз де құптамайды. Біз әңгімелескен “Қызылжар“ орталық мешітінің наиб имамы Мақсат Жұмажанов: “…Дінімізде адам тағдырын тәлкек ететін қалжың мен ойынға қатаң тыйым салынған. Неке – қасиетті ұғым, отбасы негізі. Сондықтан оны ойыншық етуге болмайды, Шариғат заңы бойынша некені ешқашан уақытпен шектеуге болмайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) неке қиюда, ажырасуда, адамды азат етуде (құлдықтан босатқан кезде) жалған сөйлесе түбі солай болуы мүмкін деп есептеген. Тұрмыстық мүдде үшін уақытша ажырасу құпталмайтын амал. Кейбіреулер өз мүддесін жүзеге асыру үшін, басқа адамдардың ақысын мойнына жүктейді“, – дейді.

Отбасы – бала үшін маңызды әлеуметтік орта. Қылықты қыздарымыз, ұлықты ұлдарымыз отбасында тәлім алады. Ал ұлттық құндылықтарды ұлықтамайтын ата-ана балаға қандай тәрбие береді? Ар мен ұятты ысырып қойып, құйтырқы әрекеттер арқылы ұрпағына “өнеге“ көрсеткендерден қандай үміт күтеміз. Уақытша игілік үшін иманды сатып, отбасын ойыншыққа айналдырмаған жөн. Отбасылардың ойраны шығып, бала тағдыры тәлкекке түссе, айламен тапқан дүние-мүлік, ақшада береке бола ма?

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp