«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қонақжайлық – көркем қасиет

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өз заманының данышпаны атан­ған жырау, шешен Мөңке биді көруге құмар бір жігіт, ол кісіні үйіне арнайы іздеп барады. Есіктен кірген жігітке Мөңке:

– Түлкім, жоғары шық, – дейді.

Дастарқан жайылады. Мейман бір шыныаяқ шай ішіп болғанда Мөңке:

– Сыншым, сөйле, – дейді.

Жігіт түсінбей отыра береді. Жігіт кетер кезде:

– Жыршым, енді рұқсат, үй-ішіңе жет, ел-жұртыңа сәлем айт! – дейді.

Жігіт сонда:

– Сіз маған үш сөз айттыңыз. Осы тұспалдарыңызды мен түсінбедім. Нені меңзедіңіз? – дейді.

Жігіттің бұл сауалына Мөңке би:

– Түлкіге ұқсап құбылып келдің. Әр қонақ үйге сен сияқты толқып ке­летіндіктен, солай айттым. Мейман біраз отырған соң үйдің ішіне, оң жақ, сол жағына қарап сынай бастайды. “Сыншым“ дегенім – сол. Қонақ үйден аттанғанда көрген-білгенін жыр қылып айта жүреді. “Жыршым“ деуімнің себебі осы, – деген екен.

Қазақта “адам үйден қырық қадам аттап шыққан соң мүсәпір“ дейтін сөз бар. Бұл жолға шыққан адамның қорғансыздығын, дәрменсіздігін білдіреді. Қазақ халқы жолаушыны аса құрметтеген. Жолаушы адам кездес­се оны үйіне әкеліп қонақ қылып, ат-көлігін жайлап, көмектесіп отырған. Ал қонақ үйге қобалжи кіреді. Көп жағдайда үй иесінің қас-қабағына, қалай қарсы алғанына сынмен қарайды. Өйткені, мейманға тамақтан гөрі ілтипат пен көңіл маңызды.

Қонақ арнайы шақырумен де, ша­қырусыз да келеді. Шақырусыз келген бейтаныс қонақ үйге: “Біз құдайы қонақпыз“, – деп ескерте кіреді. Дана халқымыз “Асыңа тойғызбасаң да ақ ниетіңе тойғыз“, – деп бекер айтпаған. Бұрын ақ жаулықты аналарымыз үйге қонақ келсе, дереу қазан көтеріп, алдына барын тосып, балаша зыр жүгіретін. Қоғамды ұйыстырып, берекені арттыратын құндылықтардың бірі – қонақжайлық. Бұл халқымыздың кеңпейіл мінезін аңғартады. Қазақтың дүниетанымында қонақ құт саналады. Сондықтан да келген қонағын құрметпен қарсы алып, риза қылып қайтаратын. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамымызда келген мейманды жақтырмайтын келіндер көбейіп барады. Оларға қазақтың тамаша қасиеттерінің бірі – қонақжайлық дәстүрінің қыр-сырын үйрететін жандар да азайып кетті. Бұл біздің ұлттық құндылығымыздың тамырына балта шабатын теріс әрекет екенін есімізден шығармайық!

Рахмет ЖҮСІПОВ,

ардагер ұстаз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp