Петропавлда велосипед ұрлығымен күресу үшін тұрғындар көліктерінің мәліметтерін полицейлердің арнайы базасына енгізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жаз шыға велосипед – ұрылардың нысанасына жиі ілігеді. Ұрлықтың алдын алу үшін қалалық полиция басқармасының қызметкерлері былтыр велосипедтердің бірыңғай базасын құрды. Мұнда кез-келген адам өзінің екі дөңгелекті көлігін тіркей алады.
Полицейлердің айтуынша, осы базаға тіркелген велосипедтердің ішінде қолды болып, табылғандары да бар. Ұрылар көп жағдайда, қараусыз қалғанын, үй мен дүкендердің маңынан немесе подъездердің кіреберісінен алып кетеді екен. Уақытылы жүгінген жағдайда, ұрлықтың ізін суытпай ашуға болады.
«Петропавл тұрғындарына Полиция басқармасында велосипедтердің деректер базасы жұмыс істейтіндігін еске саламыз. Велосипед иелері екі доңғалақты көліктерінің сериялық нөмірін, түсін, моделі мен ерекше белгілерін көрсете отыра, мәліметтерді базаға енгізе алады. Әр адам өз еркімен жүгінеді, сауалнаманы кез-келген учаскелік полиция пунктінде толтыруға болады. Велосипед ұрланған жағдайда ұсынылған мәліметтер ұрланғанды жылдам анықтауға көмектеседі. Бүгінгі таңда базада 939 велосипед туралы мәлімет бар», – дейді Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы Жандос Мұқатов.
Жалпы велосипед ұрлығына тосқауыл қою үшін міндетті түрде айдап әкетуге қарсы сенімді құрылғыларды пайдаланған жөн. Қалың арқансымға бекітілген велосипед қылмыскерлерді қызықтырмауы мүмкін, себебі адам көп жүретін жерде велосипедті жылдам босатып алу оңайға соқпайды. Сондай-ақ мүмкіндігінше велосипедті бейнебақылау камералары бар жерге қалдырған жөн.
https://www.inform.kz/