Солтүстік Қазақстан облысында орман өртімен күресетін коммуналдық мемлекеттік мекемелердің дайындығы тексерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, мемлекеттік орман қорының аумағы 549,6 мың га, оның 439,8 мың га орманды алқап.
Осындай үлкен аумақта өртке қарсы іс-шараларды, өртпен күресті орман шаруашылығының 12 коммуналдық мемлекеттік мекемесі атқарады.
«Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің бұйрығымен 3 жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының және табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мамандары кірді. Жұмыс тобы орман шаруашылықтарының биылғы өрт қаупі жоғары маусымға дайындығын тексерді. Мамандар өрт сөндiру техникасының, құрал-саймандар мен жабдықтардың орман өрттерiн сөндiруге әзірлігін пысықтады. Бұл жұмыстар 26 наурызда басталып, 15 күнге жалғасты», – дейді СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Василий Лабанчук.
Бұл жұмыс облыс ормандарын орман өрттерiнен сақтауды қамтамасыз ету, өрт ошақтарын уақтылы анықтау және жою, қажеттi күштер мен құралдардың болуы мен оларды тарту, өрт сөндiруге жауынгерлiк әзiрлiгiн тексеру мақсатында жүргiзiледi.
Жұмыс тобы орман шаруашылықтарының өрт сөндіру кезінде өзара iс-қимыл және мүдделi жергiлiктi атқарушы және аумақтық органдардың өзара iс-қимылын ұйымдастыру жоспарының болуын тексерді.
«Көктем келісімен орман өртінің шығу қаупі артады. Сондықтан мамандар тас-түйін дайын отырулары керек. Тексеру барысында еш нәрсе назардан тыс қалмады, радиобайланыс құралдарының, жанар-жағармайдың резервінің болуы, негiзгi өртке қарсы iс-шаралар жоспарлары, өрт қаупi жоғары кезеңге кезекшiлiк ұйымдастыру – барлығы тексерілді», – дейді Василий Лабанчук.
Тексеру қорытындысы бойынша, СҚО-ның орман шаруашылықтарының дайындық деңгейi 10 балдық жүйемен 8,7 балл деп бағаланды.
https://www.inform.kz/