Солтүстік Қазақстан облысында араға 4 жыл салып, биыл көктемгі аң аулауға рұқсат берілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, 2017 жылдан бастап көктемгі аң аулауға тыйым салынған еді. Биыл құрлардың қоразы мен Қызыл кітапқа енбеген жабайы үйректердiң кежектерiн атуға рұқсат берілмек. Аң аулау 24 сәуiр таңсәріден басталып, 8 мамырға дейін жалғасады.
«Аң аулау кезінде ел аумағында қолданылатын аң аулау тәртібін ұстану қажет. Яғни әуесқой не спорттық аң аулау үшін аңшыда: аңшы құжаты, орман шаруашылығы субъектісінің жолдамасы, аңшы мылтығын қолданған жағдайда жеке тұлғаға оны пайдаланып, сақтауға және алып жүруге рұқсат, ал жыртқыш аңдарды қолданған жағдайда олардың құжаты болуы керек», – дейді табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Михаил Никитин.
Маманның айтуынша, үйрек кежектерiн, құр қораздарын ату кезінде тиісті аңшылық шаруашылығы субъектiсi қорықшысы болуы тиіс. Сондай-ақ аң аулау барысында кейбір ережелерді де есте ұстаған жөн.
«Елдi мекендерге қарасты жерлерде, сондай-ақ оларға iргелес аумақтарда аң аулау барысында қаупсіздікті қамтамасыз ету үшін аңшылық атыс қаруын қолдануға тыйым салынады. Уәкiлеттi органның рұқсатынсыз өнеркәсiп, көлiк, байланыс, қорғаныс жерлерiнде, жолдамада көрсетiлген жануарлар санынан артық және жолдамада көрсетiлмеген жануарлардың басқа да түрлерiн тұлыпсыз атуға , сондай-ақ демалу аймақтарында және көбею учаскелерiнде атуға болмайды», – дейді Михаил Никитин.
https://www.inform.kz/