Алдағы аптада су тасқыны қаупі арта түспек. Алдын ала жасалған болжам бойынша 79 елді мекенді су басуы ықтимал. Қазір бұл ауылдардағы ахуалды құтқарушылар бақылауға алған. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Петропавл су қоймасында болып, жағдаймен танысты. Кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, тасқынға тосқауыл қою шаралары жайлы сұрақтарына жауап берді.
“Қазсушар” республикалық мемлекеттік мекемесі облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Шұғайып Ибатуллин облыс аумағындағы су тораптарындағы жағдай ұдайы назарда екенін жеткізді. Алайда, су қоймаларынан жіберілген су өзен арнасынан асып, жағаға жақын ауылдарға және Петропавл қаласына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында наурыз айының соңында су жіберу жұмыстары қолға алынған.
̶ Ақпан-наурыз айларында қар жылдағы көрсеткіштен көп түскендіктен, 2017 жылғы жағдай қайталанады деген болжам жасалған болатын. Дегенмен, үстіміздегі жылғы көктемгі су тасқыны 10-12 күнге кешігуде. Қазіргі уақытта Шағалалы өзенінің арнасы, Үлкен Тораңғұл, Бозарал, Балықты, Сарыкөл көлдері, Тайынша мен Аққайың аудандарының аумағы бақылауға алынды. Соңғы мәліметке сәйкес шағын көлдердің суы Сергеевка гидроторабын толтырды. Қазіргі уақытта су бөгет жотасынан 122 сантиметрге асты. Су тасқынының бірінші толқыны Петропавлға 4-5 күннің ішінде жетеді деп күтілуде.
Ақмола облысынан келетін Шағалалы және Сілеті өзендерінен де қауіп жоғары, – деді Құмар Іргебайұлы.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Рамиль Камалов өңірімізде көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Қауіп төнген аумақтарды судан қорғау үшін арықтар қазылып, су өткізгіш құбырларды тазалау жұмыстары белсенді жүргізілді. Мамандар су қоймаларының толуын да бақылауда ұстауда. Соңғы бірер тәулікте Айыртау, Есіл және Шал ақын аудандарында республикалық, облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың 10 учаскесін су басты. Департамент мамандары Есіл ауданындағы Үлкен Тораңғұл көлін де бақылауға алған. Көлге Қамысақты өзені құяды. Айдындағы су деңгейі біртіндеп көтеріліп келеді. Бүгінгі таңда құтқарушылар мен өрт сөндірушілерден құралған арнайы топтар су тасқыны қаупі жоғары Айыртау, Уәлиханов және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда арнайы техникалармен су сору, қорғаныс бөгендерін нығайту, үйлерді ағын судан қорғау шараларын жүргізуде. Жуырда дәл осындай топ Тимирязев ауданына аттанған. Тасқын салдарымен күреске жеке құрамның 160 қызметкері мен 32 техника жұмылдырылмақ.
Мамандардың айтуынша, Есіл өзеніне құятын Колутон мен Жабай өзендері екінші толқынға себепкер болмақ. Ақмола облысы аумағындағы бұл өзендердегі судың деңгейі де жылдағы орташа көрсеткіштен біршама жоғары.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.