«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАУІП СЕЙІЛМЕЙ ТҰР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алдағы аптада су тасқыны қаупі арта түспек. Алдын ала жасалған болжам бойынша 79 елді мекенді су басуы ықтимал. Қазір бұл ауылдардағы ахуалды құтқарушылар бақылауға алған. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Петропавл су қоймасында болып, жағдаймен танысты. Кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, тасқынға тосқауыл қою шаралары жайлы сұрақтарына жауап берді.

“Қазсушар” республикалық мемлекеттік мекемесі облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Шұғайып Ибатуллин облыс аумағындағы су тораптарындағы жағдай ұдайы назарда екенін жеткізді. Алайда, су қоймаларынан жіберілген су өзен арнасынан асып, жағаға жақын ауылдарға және Петропавл қаласына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында наурыз айының соңында су жіберу жұмыстары қолға алынған.

̶ Ақпан-наурыз айларында қар жылдағы көрсеткіштен көп түскендіктен, 2017 жылғы жағдай қайталанады деген болжам жасалған болатын. Дегенмен, үстіміздегі жылғы көктемгі су тасқыны 10-12 күнге кешігуде. Қазіргі уақытта Шағалалы өзенінің арнасы, Үлкен Тораңғұл, Бозарал, Балықты, Сарыкөл көлдері, Тайынша мен Аққайың аудандарының аумағы бақылауға алынды. Соңғы мәліметке сәйкес шағын көлдердің суы Сергеевка гидроторабын толтырды. Қазіргі уақытта су бөгет жотасынан 122 сантиметрге асты. Су тасқынының бірінші толқыны Петропавлға 4-5 күннің ішінде жетеді деп күтілуде.

Ақмола облысынан келетін Ша­ғалалы және Сілеті өзен­дерінен де қауіп жоғары, – деді Құмар Ір­гебайұлы.

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басты­ғы Рамиль Камалов өңірімізде көк­темгі су тасқынының алдын алу мақ­сатында атқарылған жұмыс­тар бойынша есеп берді. Қауіп төн­ген аумақтарды судан қорғау үшін арықтар қазылып, су өткізгіш құ­бырларды тазалау жұмыстары бел­сенді жүргізілді. Мамандар су қоймаларының толуын да бақы­лауда ұстауда. Соңғы бірер тәу­лік­те Айыртау, Есіл және Шал ақын аудандарында республика­лық, облыстық және аудандық ма­ңыздағы жолдардың 10 учаскесін су басты. Департамент маманда­ры Есіл ауданындағы Үлкен То­раңғұл көлін де бақылауға алған. Көлге Қамысақты өзені құяды. Ай­дындағы су деңгейі біртіндеп кө­теріліп келеді. Бүгінгі таңда құт­қа­рушылар мен өрт сөндірушілер­ден құралған арнайы топтар су тас­қыны қаупі жоғары Айыртау, Уәлиханов және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда арнайы тех­никалармен су сору, қорғаныс бө­гендерін нығайту, үйлерді ағын су­дан қорғау шараларын жүргізуде. Жуырда дәл осындай топ Тими­рязев ауданына аттанған. Тасқын салдарымен күреске жеке құрам­ның 160 қызметкері мен 32 тех­ника жұмылды­рылмақ.

Мамандардың айтуынша, Есіл өзеніне құятын Колутон мен Жа­бай өзендері екінші толқынға се­бепкер болмақ. Ақмола облысы ау­мағындағы бұл өзендердегі су­дың деңгейі де жылдағы орташа көрсеткіштен біршама жоғары.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp