30 жыл – егемен еліміз үшін аса маңызды меже. Бұл – жаңа тарихи кезеңнің басы. Біз бұл күнге қалай жеттік? Әрине, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен. Ұшы-қиыры жоқ кең дала – батыр бабаларымыз қалдырып кеткен аманат. Оны көздің қарашығындай ұстау – біздің міндетіміз.
Жер-Ана еңбек еткенді ырыздықсыз қалдырмайды. 1997 жылы құрылған шаруашылығымыздың егістік алқабы мен жайылымдары 3 мың гектарды алып жатыр. Бүгіндері онда дәнді дақылдар, біржылдық және көпжылдық мал азықтарын өсіреміз. Минералды тыңайтқыштарды тиімді пайдалана отырып, егін шығымдылығын 25 центнерге дейін көтердік. Осынау зор табысқа мемлекеттік қолдаудың арқасында жеттік.
Кәсіпті бұрынғы кеңестік дәуірден қалған ескі техникалармен бастаған болатынбыз. Қазір техникалық қайта жарақтандыруға, қор үнемдеу технологиясын енгізуге, минералды тыңайтқыштарды тиімді пайдалануға ерекше көңіл бөлінеді. Заман ағымына сай техника паркі де жылдан-жылға жаңаруда. Атап айтқанда, “К-700”, “Беларусь” тракторлары, комбайндар, шөп оратын техникалар науқандық жұмыстарда кідіріс дегенді білмейді. “СИПМА” маркалы шетелдік шөп-сабан нығыздауышын сатып алғалы еңбек өнімділігі арта түскені сөзсіз.
“Көз – қорқақ, қол – батыр” дейді ғой, алғашқы қадам жасау қашанда қиын, бірақ қол дағдыланған соң іс өрге басады. 2014 жылы “Сыбаға” бағдарламасы бойынша несие ресімдеп, 70 бас асылтұқымды қазақтың ақбас сиырын сатып алдық. Қазіргі уақытта фермамызда бағылатын қара малдың саны 900-ге жетті. Шаруашылығымыздағы мал сою және қолдан ұрықтандыру қосындары ауыл тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Осы жылдар ішінде “Ауыл шаруашылығын қолдау қоры” АҚ-ы облыстық филиалының сенімді серігіне айналдық. Бүгінге дейін 60 млн. теңгеге жуық несие алып, оны игілігімізге жарата білген екенбіз.
Өзім жаныма жастарды жинауды жөн көремін. Ұжымдағы жұмысшылардың жартысы – тепсе темір үзетін жігіттер. Барлығы 40 адам тұрақты жұмысқа тартылса, олардың орташа айлық жалақылары 150 мың теңгені құрайды. “Кусумус” ЖШС-і ауыл мектебіне жыл сайын жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз етеді. Аз қамтылған отбасылардың балаларын мектепке даярлауды да өз мойнымызға алып отырмыз. Қат-қабат тіршіліктің жетегінде жүрсек те, ардагерлерімізді назардан тыс қалдырмаймыз. Малшылардың жұмысын жеңілдету мақсатында бірнеше жатын бөлмесі, медициналық кабинеті, демалыс бөлмесі және асханасы бар бақташылар үйін салып жатырмыз. Ауылдық Мәдениет үйі мен мектептің жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауға қажетті қаржыны бөліп, жыл соңына дейін су құбырын тартатын боламыз. Сондай-ақ, қазіргі уақытта оңтүстік өңірлерден көшіп келетін ағайындарға арналған 14 үйдің құрылысы жүргізілуде. Бүгіндері 11 отбасы көшіп келіп, еңбекке араласып кетті.
Алғашқы жылдарды қалыптасу, бизнестің тетіктерін үйрену, жаңаша жұмыс істеуге дағдылансақ, соңғы он жылда жаңаша дамуға бет бұрудамыз. Осынау ел игілігі үшін атқарылып жатқан азды-көпті жетістіктерге бостандықтың ақ таңының арқасында қол жеткіздік.
Тәжиден ҚАБДЫРАХМАНОВ,
“Кусумус” ЖШС-нің директоры.
СУРЕТТЕ: серіктестік директоры Т.Қабдырахманов ұлы Сәкенмен.