«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨЗ – АДАМНЫҢ ШЫРАҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қоршаған орта туралы ақпараттың 90 пайызға жуығын көз арқылы қабылдайтынымыз белгілі. Тіпті, адам денесіндегі өзге ағзалармен салыстырғанда өте жылдам қозғалатыны да осы көз бұлшық еттері екен. Сондықтан да бұл мүшеге зақым келтіру қаупі аса жоғары. Өңірдегі дәрігер-офтальмологтардың арқасында мыңдаған жерлесіміз көру қабілетін сақтап қалды. Бұл мақаламызда “Гиппократ антын” өмірлік ұстанымы ретінде қабылдап, адам жанының арашасы атанған білікті дәрігерлердің бірі – Әмина Мәдиева туралы сөз қозғамақпыз.

Дәрігер болу – Әмина Ғазизқызы­ның балалық арманы. Ол Мағжан Жұмабаев ауданындағы Золотая Нива ауылында тоғызыншы сыныпты аяқтаған соң, Петропавлдағы медициналық колледждің табалдырығын аттайды. Сөйтіп, 1983-1987 жылдар аралығында фельдшер мамандығын меңгерді. Десе де ол өз ісінің шебері, кәсіби маман атану үшін білімін жетілдіруді мақсат етіп, арман же­тегінде Алматыдағы Санжар Асфендьяров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетіне оқуға түседі. Әмина Мәдиева бұл білім ордасын 1993 жылы ойдағыдай тамамдап, офтальмолог, яғни көз дәрігері атанды. “Талап­тыға нұр жауар” демекші, жастайынан ғылым-білімге құмар бойжеткен мұнымен тоқтаған жоқ. Көз аурулары мамандығы бойынша ординатураға оқуға түсіп, оны 1995 жылы аяқтады. Кейін туған жеріне оралып, аудандық ауруханаға жұмысқа орналасты. Дәрігер мамандығының қыр-сырына қанығып, біраз тәжірибе жинақтады.

– “Көз – адам жанының айнасы” деп дөп айтылған. Сондықтан көз дәрігері болу үшін тек біліктілік қана емес, байыптылық пен мейі­рімділік қажет. Жас маман болсам да түрлі хирургиялық оталарға қатыстым. Осылайша күннен-күнге тәжірибе жинақтап, мамандығыма деген сүйіспеншілігім арта түсті”, – дейді ол.

Ауданда азды-көпті еңбек еткен соң, Әмина Ғазизқызы дәрігерлік қызметін қаламыздағы облыстық көпсалалы ауруханада жалғастырды.

– Петропавлдағы емдеу мекемесіне жұмысқа қабылданған алғашқы жылдары қатты қобалжыдым. Әріптестерім қолдап, бар білгендерін үйретті. Сол кездегі офтальмология бөлімшесінің меңгерушісі Нонна Руженская, ұжымдағы Раиса Дисенбаева сынды білікті мамандардың арқасында көп нәрсені үйрендім. Сол тұста аурухананың бас дәрігері болған Серік Алмолдин мен сияқты жастарға қамқорлық көрсетіп, үнемі қолдап жүрді. Кейін бұл кісінің орнын басқан Юрий Белоногпен де бірге еңбек еттім, – деген Әмина Мәдиева білікті дәрігерлермен қызметтес болғанын мақтан тұтатынын жеткізді.

Тәжірибелі хирург-офтальмолог Әмина Ғазизқызының еңбек өтілі – 34 жыл. Ол денсаулық сақтау саласында жаңа технологияларды игеруден де қалыс қалған жоқ. Бүгінде “Есіл-Диагностик” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің офтальмологиялық орталығында жұмыс істейді. “Бізде ультрадыбыстық факоэмулсификация, когеренттік томография аппараты сияқты қондырғылар бар. Олардың көмегімен көзге түр­лі оталар жасауға, асқынған ауру­ларды емдеуге мүмкіндік бар. Тіп­ті, диагностикалық зерттеулердің нәтижесінде ауруды ерте кезде анықтауға болады. Ал бұрындары жерлестерімізді Нұр-Сұлтан, көр­ші Омбы қаласының емдеу мекемелеріне жіберетінбіз. Қазір облыста офтальмология қарқынды дамуда”, – дейді дәрігер.

Әмина Ғазизқызының айтуынша, жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін пайдаланудың арқасында ота жасау уақыты қысқарды. Небәрі 20 минуттың ішінде адамның көру қабілетін жақсартуға болады екен. Сондай-ақ, стационарда ем-дом қабылдау мерзімі де азайған. Бұрындары науқас ауруханада 7-10 күн жатса, енді қазір көп дегенде 2 тәулік бойы дәрігерлердің қарауында болуы тиіс. Кейін үйге жіберіледі.

Кейіпкерімізбен әңгімелесе отырып, ғаламдық мәселеге айналған жастар мен балалар арасындағы көз ауруларын емдеу жайлы сұрауды да жөн санадық. Әмина Мәдиева соңғы он жылда адамдарда, әсіресе, жастарда көз аурулары жиілегенін айтты. Оның басты себебі – компьютер, смартфондарды шектен тыс пайдалану мен жасанды жарық түсіру, тіпті, біздің ауа райымыз да көзге жағымсыз әсерін тигізеді. Сондықтан қазір “құрғақ көз” синдромы жиі кездеседі. Әсіресе, жастар арасында – миопия (алыстан көрмеу) жиілеген.

Катаракта, глаукома сынды ау­рулар асқына түсуде. “Есіл-Диагностик” офтальмологиялық орталы­ғында жыл басынан бері 400-ге жуық тұрғынға ота жасал­ды. “Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде” дегендей, көз дәрігері жылына екі рет скринингтік тек­серілуден өтудің маңызы ерекше екенін алға тартты.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp