Биыл ата-бабаларымызға арман болған егемендігімізге 30 жыл толғалы отыр. Осы уақыт аралығында елімізде кешенді реформалар жүзеге асырылып, экономикалық, әлеуметтік және саяси жүйені жаңғырту жолында нық қадамдар жасалды. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің біріне айналғанына баршамыз куәміз. Бұл күнге жету үшін қазақстандықтар талай тар жол, тайғақ кешулерден өтті, азаттық алған алғашқы жылдар да оңай болған жоқ. “Елмен көрген ұлы той” демекші, тоқырау жылдарының салқынын ақжарлықтар да жұртпен бірге көтеріп, суығына тоңып, ыстығына күйді.
Ақжар ауданында азаттық жылдарында орын алған оң өзгерістер өте көп. Мемлекеттің жан-жақты қолдауы нәтижесінде су құбырлары тартылып, автокөлік жолдары жөнделді, өндіріс нысандары тұрғызылып, халыққа қызмет көрсету орындары мен дүкендер желісі кеңейді. Бүгінгі таңда Ақжар ауданында білім беру, медицина, спорт, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Жыл өткен сайын әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер арта түсті. Мәселен, өткен жылы өндіріс көлемі 4 млрд. 360 млн. теңгеге жетіп, ауыл шаруашылығы өнімінің көрсеткіші 28 млрд. 980 млн. теңгені құрады.
Аудандағы жалпы өнімнің 84,4 пайызы аграрлық сектордың үлесінде, ал өнеркәсіп өнімінің 60 пайызы өңдеу саласына тиесілі. Әсіресе, егіншілікте тың серпін бар. 2020 жылы диқандардың ерен еңбегінің арқасында қамбаға мол астық құйылды. Алқаптардан 261 мың тонна дәнді дақыл жинаған диқандар қауымы Тәуелсіздіктің 30 жылдық тойына лайықты тарту жасай білді. Бұл жетістіктің өздігінен келмегені белгілі. Оған, әрине, үлкен дайындық жұмыстары мен қыруар еңбек жұмсалды. Үкіметтің аграрлық саланы қолдауы, жаңа ғылыми жетістіктер мен технологияларды өндіріске енгізу, тұқым сапасын жақсарту, мамандарды қайта даярлау және қуатты техникалармен қамтамасыз ету сияқты жұмыс өз нәтижесін берді. Мемлекеттің қолдауын сезінген шаруашылықтар соңғы бір жылда 1 млрд. 892 млн. теңгенің 130 жаңа техникасын сатып алды.
Өрістегі мал басы да көбейіп келеді. Бір жылдары кеңшарлар мен ұжымшарлар тарап, нарықтық экономикаға көшкен жылдары төрт-түлік күрт азайып кеткені белгілі. 1997 жылы аудандағы барлық түліктің саны 40 мыңнан сәл ғана асатын. Содан бергі уақытта жеке сектордағы және шаруашылықтардағы мал басы арта түсті. Мәселен, 2011 жылы 59 мың басты құраса, былтыр 95,1 мыңға жетті. 2020 жылы “Береке Ақжар”, “Сауыр Каш Ержан ферма”, “Ақниет Агро” ЖШС-лері, “Ержан” шаруа қожалығы Еуропадан 774 бас асылтұқымды мал сатып алды. 420 млн. теңге несие қаражаты жұмсалды.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы екінші бағыт – өнеркәсіп саласы да егемендік жылдары айтарлықтай жетістіктерге жетті. 2005 жылы “Диорит ЛТД” ЖШС-і қиыршықтас өндіретін кәсіпорынды іске қосып, 2009 жылы қуаты сағатына 140 тонна өнм шығаруға жететін финляндиялық құрал-жабдық орнатты. 2010 жылы индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында ауданда 3 ірі жоба жүзеге асырылды. Үш жобаға 2,5 млрд. теңгенің инвестициясы тартылды. Бүгінгі таңда ауданымызда бұл салада 7 кәсіпорын және кварц құмын өндіретін 2 серіктестік жұмыс істейді.
Тәуелсіздік жылдары ауданда әлеуметтік нысандар көптеп салынды. Атап айтқанда, 2005 жылы Талшықта, 2007 жылы Ленинградта, ал 2015 жылы Қулыкөлде заманауи балабақшалар пайдалануға берілді. “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы аясында аудан орталығы – Талшықта 1,2 млрд. теңгеге 100 орындық және бір ауысымда 200 адамды қабылдайтын емхана кешені пайдалануға берілгенді. Мұндай аурухана кешегі кеңес дәуірі кезінде ешбір ауылда болмағанын атап айтқан жөн. Сондай-ақ аудан орталығында 400 орындық жаңа стадион бой көтеріп, 2007 жылғы облыстық жазғы спартакиада ұйымдастырылды. Ал 2019 жылы алғаш рет жастар арасында облыстық “Жастар” спартакиадасы өтті. Аудан орталығында бұрын қаңырап бос тұрған екіқабатты ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, халыққа қызмет көрсету орталығын аштық.
Ауызсу мәселесі де біртіндеп шешімін тауып келеді. “Таза ауызсу” бағдарламасы аясында 2007-2009 жылдары 213,6 млн. теңгеге Талшық, Ленинград және Ақжарқын ауылдарына топтық су құбыры тартылды. Горький, Ұялы, Май, Алқатерек, Восход ауылдарында жергілікті сумен қамтамасыз ету жүйелері іске қосылды. Қазіргі уақытта аудандағы елді мекендердің орталықтандырылған ауызсуға қолжетімділігі 87,5 пайызды құрады. Өткен жылы он ауылдағы су құбырларына жөндеу жүргізілді. Бұл мақсатқа бюджеттен 193,5 млн. теңге бөлінді. Жол мәселесі де ұмыт қалған жоқ. Бүгінгі күні ауданда 815,9 шақырым автожол бар. Былтыр жергілікті маңызы бар жолдың 37,2 шақырымына 1,40 млрд. теңгенің жөндеу жұмысы жүргізілді. Ал 154 млн. теңгеге тозығы жеткен 12,97 шақырымдық ауылішілік жол қалпына келтірілді.
Егемендік жылдары мәдениет саласы да үнемі даму үстінде болды. Жыл сайын жаңа нысандардың саны артып, тозығы жеткен ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгіндері ауданда 30 мәдениет ошағы бар. 2019 жылы Восход ауылдық Мәдениет үйінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал былтыр “Еңбек” бағдарламасы аясында Ақжарқын ауылдық Мәдениет үйі жөнделсе, аудандық Мәдениет үйі ғимаратының шатыры қалпына келтірілді. 2011 жылы Талшық ауылында Алаш ардақтысы Смағұл Сәдуақасұлының атындағы тарихы-өлкетану мұражайы және “Серпер” өнер мектебі ашылғанын атап өткен жөн.
Ауданда дене шынықтыру және спорттық-бұқаралық шаралар өткізетін 175 нысан бар. Олимпиадалық спорт түрлері бойынша 102 және олимпиадалық емес спорт түрлерінен 58 секция жұмыс істейді. Былтыр Талшық ауылындағы футбол алаңына, екі волейбол алаңына және орталық стадионның жүгіру жолына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ былтыр Бестерек ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Бұл ақжарлықтар арасында саламатты өмір салтын насихаттауға септігін тигізеді деп сенеміз.
Отыз жылдың ішінде Қазақстанды әлем мойындады. Елдің еңсесі тіктеліп, толағай табыстарға қол жеткіздік. Енді осы алған қарқыннан таймай, одан да биік белестерді бағындыра алатынымызға сенімдімін. Ақжар ауданының тұрғындары да қол жеткізген жетістіктерді әрі қарай еселей түсу үшін барлық күш-қуаты мен кәсіби біліктілігін жұмсайды деп ойлаймын.
Қанат ҚАЛИЕВ,
Ақжар ауданының әкімі.