«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Рухани орда

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақжар ауданы – тағылымды тарихы бар шежірелі мекендердің бірі. Өткеннен сыр шертетін құнды жәдігерлердің көбі Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасов атындағы тарихи-өлкетану мұражайында жиналған. Бұл руханият ошағы ауданда еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ашылғанын айта кеткен жөн.

Алаштың аяулы ұлы Смағұл Сәдуақасов Ақжар ауданындағы Жарқын ауылында дүниеге келген. Тағдырдың жазуымен 33 жыл ғана өмір сүрген ол артына өшпес із қалдырды. Атақты жерлесіміздің атын ұлықтау мақсатында аудан орталығында Алаш қайраткерінің өмірі мен шығармашылық қызметіне арналған ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылған болатын. Бұл – ақжарлықтардың бір кезде халқы көз жазып қалған, Тәуелсіздіктің арқасында қайта оралған атақты жерлесімен алғашқы қауышуы еді. Көп кешікпей Ресейдің Омбы қаласында арнайы тапсырыспен жасалған ескерткіш Талшықтың орталық алаңына орнатылды.

2011 жылы бой көтерген мұражайға келушілер аудан тарихы мен елдің тұғыры биік тұлғалары туралы мағлұматтармен танысу мүмкіндігіне ие. Нысанның жалпы аумағы 104 шаршы метрді құрайды. Екі бөлімнен тұратын мұражайда бүгіндері 150-ге жуық жәдігер жиналған. Өкінішке қарай, асыл азаматтың қолы тиген бірде-бір зат сақталмаған. Сондықтан келушілердің назарына негізінен Алаш қайраткері туралы қалам тербеген адамдардың еңбектері, сақталған кейбір құжаттар мен фотосуреттер ұсынылған. Марқұмның мәйітінің күлі салынған құмыра мұражайдың құнды жәдігері болып табылады.

Мұражайға келушілерді Смағұл Сәдуақасовтың қилы тағдыры қызықтырады. Ол 16-17 жасынан қазақ жастарының “Бірлік” атты тұңғыш ұйымының жұмысына араласып, кейіннен Ақмола облыстық Алашорда комитетінде, Сібір төңкеріс комитетінде, Кеңестік Күншығыс ұлттары жастарының орталық бюросында, Қазақ автономиялық республикасының Жастар одағында, Қазақ ОАК төралқасында, Қазақ автономиялық республикасы Жоспарлау комиссиясында, Халық ағарту комиссариатында жауапты қызметтер атқарды. Кейін қазақ жастарының көшбасшысы болып, 25 жасында ағарту министрі қызметін атқарған. Әр жылдары “Еңбекшіл қазақ” және “Кедей сөзі” (қазіргі “Soltüstık Qazaqstan”) газеттерінің, “Қызыл Қазақстан” журналының редакторы болғаны біз үшін зор мақтаныш. Қыршынынан қиылған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері өзінің қысқа ғұмырында артына мол мұра қалдырды. Асыл азамат 1933 жылы құпия жағдайда қайтыс болған. Денесi арнайы пеште өртелген соң күлi 78 жыл бойы Мәскеудiң Дон қабiрстанында құмыра iшiнде сақталып келді. Тек 2011 жылы ғана оның күлі елге әкелініп, Нұр-Сұлтан қаласындағы зиратқа жерленді.

Тарихсыз мәдениет, мәдениетсіз ұлттық болмыс жоқ. Қилы заманды басынан кешірген халқымыздың тәуелсіз мемлекет болып қалыптасып, бодандықтың бұғауынан құтылуына өлшеусіз үлес қосқан біртуар перзенттерінің ақыл-парасаттарымен, еліне сіңірген еңбегімен халықтың есінде қалуы – заңдылық. Бүгiнгi ұрпақ Смағұлдай ардақты азаматтың аруағына тағзым етiп, оның өмiрiнен тәлiм алғаны жөн.

Жансұлу ЖҰМАДІЛОВА,

аудандық Мәдениет үйінің әдіскері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp