Мамлют ауданындағы Ленин елді мекені мен осы аттас ауылдық округ атауының Бике деп өзгертілуін көптен зарыға күткен арманымыздың орындалып, әділдіктің салтанат құруы ретінде қабылдадық. Жасыратыны жоқ, тұтас аймаққа жанашыр, қамқор болып, көзі тірісінде ел қошеметіне бөленген Бике анамыз туралы жас буын біле бермеуі мүмкін.
Өкінішке қарай, кезінде қолдан жасалған құйтұрқы саясаттың шырмауына іліккен көптеген жер-су атаулары ұлттық ерекшеліктерінен, мәдени-тарихи мәнінен айырылып, орынсыз бұрмаланды. Табиғатымыз бен болмысымызға еш үйлеспейтін Пулеметовка, Конюхово, Дашка – Николаевка, Ильичевка, Комсомолец, Коммунизм, Чернозубовка, Тахтаброд сияқты бей-берекет атаулар қаптап кетті. Ақжар – Покровкаға, Арқалық – Андреевкаға, Қосағаш – Новомихайовкаға, Түлкіойнақ – Святодуховкаға, Кіндікті – Оседлоеге, Қоржынкөл – Спасовкаға, Бақырілген – Петровкаға өзгертілді. Бүгінде сол елді мекендердің тарихи атауларын қайтару бағытында бірқыдыру жұмыстар атқарылғанымен, патшалық кезеңнен қалған, одан кейінгі тоталитарлық топонимдер әлі көп. Көпшіліктің ұсыныс-тілектері ескеріліп, көңілге кірбің түсіретін жағымсыз жайттардан құтылып жатқанымыз туған жерге деген шынайы сүйіспеншілікті орнықтырып, тарихымызды түгендеуге, тануға көмектеседі деп ойлаймын.
Қазақ елінің қалыптасып, кемелденуіне аталарымызбен қоса аналарымыз да теңдессіз үлес қосқан. Қару алып, жауға шаппаса да, ел тағдырын, келелі мәселелерді шешуге белсенді атсалысқан. Өткенге көз жүгіртсек, Тұмар, Танаис, Ергүл, Ұлпан, Маманай, Баян сияқты шешелеріміз берісі ауыл-аймағының, әрісі ұлысының өрісін кеңейтіп, қиын-қыстау, шым-шытырық заманда ел тұтастығын сақтай білген. Айғаным ел билесе, Бопай қол бастаған. Ерекше ақыл-парасатымен, қайтпас қайсарлығымен, мінезінің табандылығымен дараланған асыл аналарымыздың атымен рулардың аталуы – соның айғағы. Сары – Үйсіннің бәйбішесі. Одан тараған ұрпақтар Сары Үйсін аталған. Атаға шешенің атын қосақтап айту үрдісі бертінге дейін жалғасып келген. Аналарының атын алғанына ұрпақтары еш арланбаған. Керісінше, мақтан еткен, құрмет тұтқан. Шаншардың әйелі Айбикеден өскен ұрпақ – бір қауым ел. Мәукеш, Ұлдай – ру атына айналған әйел есімдері. Әйел атында Абақ, Күнгене сияқты рулар да бар.
Ауылымыздың тумасы Сапарғали Жолаушиннің “Бике елі және оның шежіресі” кітабында абыз анамыз туралы бірқатар тарихи мағлұматтар келтірілген. Арғы тегі Ашамайлы Керейден тарайтын Өлтүзер мен бәйбішесі Бикеден Қадір, Қыдыр, Кенже, Малай деген төрт бала туады. Өлтүзер табиғатынан жуастау, момын болған көрінеді. Ақылына көркі сай Бике, керісінше, өжет келін атанып, жастайынан ел билігіне араласқан. Жер, жесір дауларында айтқыштығымен, ұтымды шешімдерімен көзге түскен. Болатнайдың базарында сауда істеріне араласып, жоқ-жітіктің орнын толтырып отырған. Сөзге беріктігімен, қамқорлығымен аты шыққан. Кейін тұтас ру “Бике” аталып кеткен. Арада қаншама уақыт өтсе де, анамыз жайлы деректердің ел жадында сақталуы, есімінің ұмытылмауы оның елге ана, жерге пана болған тұлға екенін айғақтайды. Ақылгөйлігі, шешендігі жайлы әңгімелер аз емес. Қазақтың кең даласында көшіп-қонып жүрген асыл анамыздың ұрпақтары Меңгесер маңайын қоныс еткен. Бұл – жасыл желек жамылған ақ қайыңды орманды өңір.
Әлі есімде, ономастика комиссиясына Ленин ауылының атын өзгерту туралы ұсыныс алғаш рет Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Бәтима Сүтерова апайдан түсті. Ол елді мекенге Ленин ұжымшарын 1938-ші жылдары басқарған әкесінің атын беруді өтінген. Мәселенің оң шешім табуын сұрап, Президент әкімшілігіне жазған хаты тұрғындар талқысына түскенімен, ұсыныс қабылданбады. Бике есімін беру жөніндегі пікірлер де қолдау таппады. Жиынға қатысқан 95 тұрғынның 73-і “күн көсемнің” есімі қалғанын қалады. Ауылды жаңаша атауға келгенде бірауыздылық таныта алмауларын жергілікті билік орындары тарапынан түсіндіру жұмыстарының әлсіздігінен іздеген жөн сияқты. Соның салдарынан аудан орталығындағы Ленин көшесіне жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Әбу Досмұхамбетовтің есімін беру туралы мәселе де аяқсыз қалды. Мүдделі мекемелер білек сыбана кіріскенде, бәлкім, жағдай басқаша өрбір ме еді? Халық арасында онсыз да кеңінен танымал Абай, Мағжан, Мұхтар, Ғабит, Сәбит сияқты тұлғаларды насихаттаумен ғана шектеліп, өңірмен есімдері тығыз байланысты кейбір жерлестеріміз назардан тыс қалды. Тек сол кездегі Қазақстанның 50 жылдығы атындағы кеңшардың орталығы Ленин елді мекенінде ашылған мешітке Бике есімінің берілуі көңілге медеу болған. Заман тарылса да, ниет тарылмауын тілейтін әкешешелеріміз алғы күннен үміттерін үзбеген еді. Сол күнге биыл – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында жетіп отырмыз. Біздің төңіректе мақтаныш ететін, жол мен жобаға жүйрік, сөзге ұста беделді өнер иелері аз болмаған. Солардың бірі Шәрке салдың да есімі ескерілмей, аты атала бермейтіндіктен ұмытылып барады. Ол Манақа батыр қыстауына іргелес орман қойнауында 1824 жылы туып, 1907 жылы дүниеден озған. Жастайынан ән-жырға құмар болып, ел аралап, серілік құрған. Жауырыны жерге тимеген балуан атанған. Тігіншілік, тоқымашылық өнерді серік еткен. Домбыра, сырнай, сыбызғы тартып, жүйрік баптап, бәйгеге қосқан. Шәрке салға тиесілі аз ғана өлеңдер болмаса, көбі сақталмаған. Басқа әнші-ақындарға телініп кеткен. Ол Қызылжар медресесінде діни білім алып, араб, парсы тілдерін меңгерген. Татарша, орысша жатық сөйлеген. Білетіндердің айтуларынша, атамыз жайлы Қожатай Некібаевтың жеке мұрағаттарында біраз деректер сақтаулы. Аудан орталығындағы көшелердің біріне атағы жер жаратын Шәрке салдың атын беру туралы өтініштер аяқсыз қалмауын қалаймыз .
Жерімізге тарихи атауларды қайтарып, бабаларымыздың есімдерін беріп, болашақ ұрпаққа мирас етсек – парызымыздың өтелгені.
Досым ҚАСМАҚАСОВ,
“Бексейіт” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры.
Мамлют ауданы.