Былтыр елімізде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ел үміті” бастамасын жүзеге асыру мақсатында “Елбасы медалі” жобасы қолға алынған болатын. Елгезек жастарға берілген мұндай бірегей мүмкіндікті пайдаланудан солтүстікқазақстандық өрендер де қалыс қалмады. “Nur Otan” партиясы Петропавл қалалық филиалында жобаның 136 жеңімпазын марапаттау салтанаты өтті.
Жеті негізгі бағытты қамтитын жоба 14 пен 29 жас аралығындағы жастарға арналған. Оның аясында ұл-қыздар спортпен шұғылданды, бойларындағы қабілеттерін дамытып, кітап оқыды, ұлттық мұраны зерттеп, волонтерлікпен айналысты, экспедицияларға шығып, еңбек практикасына атсалысты. Олардың арасында Қазақстан халқы Ассамблеясының волонтерлері Аружан Дәулетбекова, Ілияс Сәрсенбай, Асылжан Бегалинова, Егор Замерчук, Алексей Бойко және Дарья Солдатова да бар. Жиында бәріне де арнайы соғылған қола медаль табысталды. Жеңімпаздардың бірі – қызмет көрсету колледжінің студенті Егор Замерчук Есіл өзенінің жағалауын қоқыстан тазартып, жалғызілікті қарияларға үй шаруасында қол ұшын созуда белсенділік танытқан.
Жоба тәлімгері Ринат Шамшутдиновтің айтуынша, бұл марапат мектеп түлектеріне жоғары оқу орындарында тегін білім алу бәсекесіне түскенде жәрдемдеспек.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ.