«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Шыңға бастаған шеберлік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Волейболдан ерлер арасындағы ел чемпионатында сынға түскен “Есіл-СК” клубының қола медаль жеңіп алғанын газетіміздің өткен нөмірлерінде хабарлаған едік. Осы қуанышқа орай. “Nur Otan” партиясы облыстық филиалының ғимаратында құттықтау рәсімі өтті.

Солтүстікқазақстандық спортшыларға облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың құттықтауын жеткізген орынбасары Ғани Нығыметов Қызылжар өңірінде бұқаралық спортты дамытуға айрықша көңіл бөлініп, тұрғындар арасында саламатты өмір салтын насихаттау бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Ел біріншілігінде үшінші орынға ие болу – өңір командасы үшін үлкен нәтиже. Бұл жүлдеге бапкерлер мен спортшылар ерен еңбектің арқасында қол жеткізіп отыр. Жуырда Ұлттық лига шеберлері сапында өнер көрсеткен бұрымды волейболшыларымыз да үздік үштікті түйіндесе, баскетболшыларымыз жоғары лига командалары арасында топ жарған болатын. Осындай нәтижелердің арқасында өңір намысы абыроймен қорғалуда, бюджет қаражаты бекерге жұмсалып жатқан жоқ. Өздеріңізге мәлім, өңір басшысы әр спорт түріне, әрбір клубқа ерекше көңіл бөліп келеді. Биыл спорт саласын дамытуға бөлінген қаржы да ұлғайып отыр. Аудандарда дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынуда. Мұның бәрі спортқа әуес өскелең ұрпақты биік белестерге ұмтылдыра түсетіні сөзсіз, – деді Ғани Сақтағанұлы.

“Есіл-СК” волейбол клубы Ұлттық лига сапында 15 жыл уақыт бойы өнер көрсетіп жүр. Негізінен жергілікті жастардан жасақталған команда айтулы жетістікке жету үшін біраз тер төкті. Биылғы чемпионаттың соңғы ойынында, яғни қола жүлде үшін жерлестеріміз “Атырау” командасымен тартысқа түсіп, 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Салтанатты шарада ойыншыларды облыстық волейбол федерациясының президенті Антон Федяев пен спорт ардагері Марат Шақшабаев құттықтап, сәттілік тіледі. Бұдан соң клуб жетекшісі Әділ Мәкенов пен команда капитаны Сергей Костив жарыс кезінде жан-жақты қолдау білдірген облыс басшылығына және жанкүйерлерге алғыс айтты.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp