Өткенге бүгінгі күннің көзімен үңіліп қарайтын болсақ, тәуелсіздік, азаттық, елдік, тұтастық, бірлік деген киелі ұғымдардың мән-мағынасын жан-тәніңмен түсініп, қадір-қасиетін жете сезінеді екенсің. Бүкіл адамзат танитын, құрметтейтін егемен мемлекет құру жолындағы шиыршық атқан шытырманды тарихи кезеңдердегі игілікті істер, ұлы мұрат жеңістері мен жемістері, тұтастыққа сына қағылар сәтте ұлттың мызғымас ауызбірлік үлгісі елімізді тағдыр тәлкегіне түсірмей небір “тар жол, тайғақ кешу” қиын өткелдерден аман-есен алып шықты. “Бақыт бағасын білгеннің ғана басында тұрады” демекші, “азаттық жолы – азапты, тәуелсіздік жолы – тәуекел” екенін Қызылжар өңірінің тұрғындары да бастан кешіріп, қатал нарықтың түпсіз тұңғиыққа батырып жіберердей шыңырауымен талай рет бетпе-бет келді.
Облыстың сол кездегі әкімі Владимир Гартман жұртшылыққа арнаған Үндеуінде 1994 жыл қоғамның әлеуметтік-экономикалық салаларында көптеген қиындықтар күтіп тұрғанын, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп тоқтаусыз құлдырауды бастан өткеріп отырғанын, қатты дағдарыс қыспағынан әлеуметтік шиеленістердің күшейе түскенін, қаражат тапшылығынан тұрмысы нашар топтар материалдық қолдауға зәру екенін мәлімдеді. Соған қарамастан жағдайды жақсартудың, тығырықтан шығудың ұтымды жолдары бар екенін алға тарта отырып, еңсені түсірмеуге, мойымауға шақырды. Инфляцияны тезірек ауыздықтау, бағаның жөнсіз өсуін тоқтату, жұмыссыздықты еңсеру, солтүстікқазақстандықтардың күш-жігерін, шығармашылық және интеллектуалдық қажыр-қайратын бір арнаға тоғыстыру, демократиялық өзгерістерге бет бұру кезек күттірмес міндеттер екенін атап көрсетті.
Республика бойынша экономикалық проблемаларды шешу бағытында жүйелі түрде жүргізілген реформалар өз жемісін біртіндеп бере бастағаны көңілдерге қуаныш сыйлап, үміт сәулесін шашты. Қазақстанның басқа елдермен сыртқы экономикалық, сауда-саттық қарым-қатынасы кеңейіп, жаңа несие бағыттарының пайда болуы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға 1,7 млрд. АҚШ доллары мөлшерінде келісімдердің қол қойылуына мүмкіндіктер берді. Шетелдік фирмалар мен банктердің 160-тан астам өкілі, 1100-дей бірлескен кәсіпорын құрылды. Үкімет макроэкономикалық процестерді тұрақтандыру, жүйелі өзгерістерді жеделдету, инфляцияны кеміту, төлем балансы жағдайының тұрлаулығын қамтамасыз ету, халықтың өмір сапасын нығайту мақсатымен экономикалық саясат туралы кешенді іс-қимыл бағдарламасын жариялады. Ол бойынша кредит ресурстарының үлесін 75 пайызға дейін арттыру, нанның, нан-тоқаш өнімдерінің реттемелі бағасын сақтау, тағы басқа шараларды жүзеге асыру белгіленді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұдан былай жағдай жақсара беруі тиіс деген жігерге толы сөзін қызылжарлықтар да лайым солай болса екен деген жақсы ырымға балап, жүздерінен нұр шашып, алғы өмірге сеніммен қараған. Тәуелсіздіктің туын көтерген егеменді еліміз тұлғасын тік ұстап, нық қадам басарына шүбәсіз сенді.
Осы жылы талай тақырыптарға арқау болған өте өзекті мәселелердің бірі – “халықтық жекешелендіру” нарықтық қатынастарды дамытуға бағытталған өзгерістердің бастамасы ретінде саналды. Алайда, қарапайым жұртшылық меншік иесі болу құқығынан айырылып, қисынсыз шеттетілді. Көбі жаппай жекешелендіру жинақ банкісінде чек кітапшасын беру арқылы жүргізіледі, онда 10 чек болады, оны таңдаған инвестиция қорына салуға әркім құқылы, мемлекет меншігі қайтарымсыз беріледі деген үгіт-насихатқа имандай сеніп, кейін сан соғып қалды. Кәсіпорындарды акцияландыру, оларды басқарудың жаңа құрылымы облыста орналасқан төрт инвестициялық қордың қолында кетті. Жекешелендірудің инвестициялық купонын меншіктеу арқылы мемлекеттің өз азаматтарына ұлттық байлықтарды қайтарып берудің үрдісі ретінде қарастырылғанымен, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында талан-таражға салынды. Тіпті біразы купондарын өздері таңдаған инвестициялық қорларға салса да, акционер болмақ, дивиденд алмақ түгіл қара басы сопайып қала берді. Әңгіменің тоқетері, қорлардың құрылтайшылары адамдардың аузынан ақ май ағызамыз деген уәделерінен тайқып, купондық жекешелендірудің аяғы осындай сәтсіздікке ұшырады.
Президенттің сол жылғы Жолдауы мен Үкіметтің кешенді іс-қимыл бағдарламасында баяндалғандай, бизнеске еркіндік беру, бәсекелесі күшті жеке секторлар құру, қатаң қаржылық орта қалыптастыру, іскерлік белсенділікті арттыру талаптары басты назарға алынды. Солтүстік Қазақстан конверсиялық өндірістердің үлкен үлесі бар өңірге жатқызылып, жеделдетілген құрылымдарды қайта құру, мемлекеттің қолдауы жағдайында оларды азаматтық қажеттіліктерге қайта бейімдеу міндеттері қойылды.
Тәуелсіз елдің Жоғарғы Кеңесі мен жергілікті өкілетті органдарға депутат сайлау науқаны осы жылы тұңғыш рет өтті. Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушыларға Үндеу арнап, 7 наурызда өтетін сайлауда өз таңдауларын жасауға шақырды. “Қазақстанның экспорттық мүмкіндігі өте мол. Қазірдің өзінде экономикалық реформалауда алға жылжушылық бар. Әрбір отбасындағы игілікке бәсекелі нарық экономикасы мен демократиялық қоғам құру арқылы ғана жетуге болатынына сенімдімін. Сонда ғана қоғамдық дамудың тұрақтылығына негіз болып келе жатқан ұлтаралық келісім саясатын жүргізе аламыз”, – деп алдағы міндеттерді айқындап берді. Ұлттық немесе шовинистік пиғылдағы саяси ұйымдардың құрылуына жол берілмейтінін, сепаратизмнің кез келген түріне тосқауыл қойылатынын қадап айтты. Облыс бойынша Жоғарғы Кеңеске сайлану құқығы үшін 26 кандидат өзара бәсекеге түсті. Бұл бұрын-соңды болмаған саяси оқиға ретінде бағаланды. Сайлаушылар лайықты үміткерлер үшін дауыс берді. Республика Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына көпшілік дауыспен жерлесіміз, белгілі ғалым Қайырбек Оразов сайланды.
Алайда, саяси тұрақтылықты қамтамасыз етіп, бір шаңырақ астында тыныштықпен, түсіністікпен өмір сүрудің орнына халықтың арасына от тастаушылар, араздық уын себушілер табылмай қалмады. Солардың бірі “облыстағы Жириновский” атанып кеткен Борис Супрунюк болатын. Ол орыс қауымдастығының жетекшісі бола жүріп, жанына өзі сияқты сыбайластарын жинап алды. Мүлдем қажетсіз ұлттық-мәдени орталық құру идеясын ұсынды. “Глас” атты газетсымақ шығарып, тұрғындар арасына іріткі салуға пайдаланды. Бірен-саран қазақ балабақшалары ашылса, “бұл – ұлтшылдықтың көрінісі, орыс тілді халықты ығыстырып жатыр”, – деп байбалам салды.
Басымнан өткен бір жайтты айта кетейін. Ұлттық-мәдени орталықта Қазақстандағы АҚШ елшісі Уильям Кортинмен мазмұнды кездесу өтіп жатқан. Байсалды басқосудың шырқын тіркеуден өтпеген, қоғам ретінде тіркелмеген “Орыс қауымдастығының” өкілдері бұзып жіберді. “Орыстардың азаматтық құқықтары аяққа басылуда. Қос азаматтықты ала алмай жүрміз. 100 мың орыс қос азаматтық алуға қол қойды. Өз адамдарымызды депутаттыққа ұсына алмаймыз. Сырттан келген орыстар қалада тұруға тіркеле алмайды”, – деп “ескі әніне” басты. Қос азаматтық жайлы Президент Ресей басылымына берген сұхбатында былай деген болатын: “Орыс халқы өкілдерінің Орталық Азия аймағынан көші-қоны туралы жағдайды соңғы кездері баспасөз ақпарат құралдарының кейбіреулері біршама көпіртіп жазып жүргендігін тіке айта аламын. Иә, соңғы кездері көші-қон процесі күшейе түсті, бұл мені шынымен алаңдатады. Орыстарға қатысты мынадай цифрлар келтірейін: өткен жылы республикадан 200 мың орыс көшіп кетті және олардың бәрі бірдей Россияға көшкен жоқ. Бірақ қазіргі көші-қон цифрлары айтылғанда, неге екені белгісіз, өткен жылы Қазақстанға 160 мыңға жуық орыстың көшіп келгендігі, олардың 54 мыңы, жұмсарта айтқанда, қазір тыныштық болмай отырған, ал қалғандары басқа аймақтардан, соның ішінде Россиядан көшіп келгендігін де айту ұмытылып кетеді”. Өкінішке қарай, “жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықтыны” қолдаушылар Президенттің Жарлығымен азаматтық туралы заңға көптеген жеңілдіктердің енгізілгенін елегілері келмеді. Белгілі заңгер, академик Салық Зиманов Қазақстандағы қос азаматтық мемлекеттік құрылысымыздың негіздеріне нақты қатер төндіретінін, елдің ішкі істеріне қол сұғу сияқты басқа сипат алып кетуі әбден мүмкін екенін тайға таңба басқандай түсіндіріп бергеннен кейін казактардың да аузына құм құйылды.
Қазір “ереуіл”, “наразылық митингісі” деген сөзге құлақ үйреніп кеткелі қашан! Ал ол уақытта мүлдем таңсық естілетін. Қазақстан кәсіподақтар федерациясы кезектен тыс съезд өткізіп, онда ереуіл комитетін құрғаны, Үкімет алдына қойған экономикалық, әлеуметтік талаптар орындалмаған жағдайда ел бойынша наразылық акциясын ұйымдастыру жөнінде съезге ұсыныс енгізетіндерін мәлімдеуі бәрімізді таңғалдырған. “Сынықтан басқаның бәрі жұғады” дегендей, оның соңы облыс орталығында ұйымдастырылған наразылық митингісіне жалғасты. Оның тізгінін коммунистер одағының серкелері мен әскери форма киген казактар, облыстық, қалалық кеңестердің кей депутаттары ұстады. “Президент отставкаға кетсін! Әкімшілік есеп берсін! Супрунюкке – бостандық!” деген жазуларды ұстаған қартаң адамдар да болды. Сірә, қолдарына аз-маз нәпақа ұстатып, көтертіп қойған болулары керек (облыстық прокуратураның шешімімен ұлтаралық жанжалды қоздырды, мемлекеттің саясатын бұрмалап көрсетті деген айыппен Б.Супрунюк тұтқындалған болатын). Алайда, жиналысты ұйымдастырушылардың қитұрқы әрекетін байқаған алаңдағы 70 шақты адам тыныш тарап тынды. Соған қарағанда, олар да сыртқа қол созғанмен жарылқамайтындарын, заңсыз митингінің астарында не жатқанын түсінген болулары керек.
Бұл жылы Тіл туралы мемлекеттік жүйелі саясат орнығып, “Қазақ тілі” қоғамының бас болуымен, тіл жанашырларының қолдауымен нақты іс-шаралар атқарыла бастады. Облыста 5 жылда 20-дан астам қазақ мектебі қайтадан ашылып, 27 аралас білім үйі қатарға қосылды. Сөйтіп, қазақ балаларының үштен бірі ана тілінде оқу мүмкіндігіне ие болды. Петропавл қаласындағы мектептердегі қазақ оқушыларының саны 500-ге дейін көбейді. Дегенмен, қазақ ауылдарында балалардың ана тілінде білім алуында қиындықтар әлі де бар еді. Мәселен, Жамбыл ауданы Жаңажол мектебінде 254 оқушының (бәрі қазақ) 51-і орысша оқыды. Олар үшін 5 орыс сыныбын ұстап отыруға мәжбүр болды. Бұрынғы Сергеев ауданы Жаңажол мектебінде 276 оқушы бар, бәрі – қазақ. 54 бала орысша тіл сындырып жүр. Совет ауданы Амангелді ауылында 69 оқушының 12-сі өгей тілде білім алады. Облыста 5 кеңшар, 5 ұжымшар, 4 поселке, 3 селолық кеңес, 1 аудан, жүздеген көше, мәдениет, білім мекемелері Ленин атын иеленген екен. Ал ежелгі тарихи атауларды қайтару ісі өте баяу жүрді.
Жыл аяғында жарияланған әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер арасында көңіл марқайтатын тоқ цифрлардың кезіге бастауы облыс жағдайының түзеліп, оң үрдістердің қалыптаса бастағанын айғақтайды. Мұның өзі баянды тіршіліктің тал шыбықтай көктеп, бүршік жара бастағанын аңғартады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.