Ұлағатты ұстаздарсыз кез келген елдің жарқын болашағын елестету қиын. Себебі экономиканың, әлеуметтік сала мен руханияттың – тұтастай қоғамның дамуы мұғалімдердің еңбегінің нәтижесіне, яғни оқытқан шәкірттеріне тікелей байланысты. Біліммен қаруланған, ой көкжиегі биік азамат қана мемлекеттің қарыштап дамуына өзіндік үлесін қоса алады.
Баланы білім биігіне ұмтылдыру, оқуға деген қызығушылығын оятуды өзіне басты міндет санайтын Арыстан Әкімжанов ұстаз деген атқа лайық жан. Ол – күнделікті өмірде сабырлы мінезінен бір танбайтын, аузын ашса жүрегі көрінетін, маңайындағыларға мейірім-шуағын шашып жүретін адамдардың бірі десек, артық айтпаспыз. Бүгінге дейінгі өмірінің 39 жылын білім беру саласына арнады. Ұстаз болу – жүрек қалауы екенін жасырмайды. Мұғалімдік әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Себебі, асқан жанкештілікті, шыдамдылық пен балаларға деген махаббатты талап етеді. Арыстан Әкімжановтың бұл саланы таңдауының өзіндік себебі де бар. Асқар таудай әкесі қазан төңкерісінен кейін азын-аулақ білімімен ересектердің сауатын ашса, анасы да көп жыл мұғалім болған. Сондықтан 1976-1978 жылдары Отан алдындағы борышын өтеп келген бозбала көп ойланбастан Петропавлдағы Ушинский атындағы педагогикалық институтқа оқуға түсіп, математика пәнінің мұғалімі мамандығын меңгереді.
Қолына дипломы тиген соң туған ауылына оралып, жергілікті мектепте математика пәнінің мұғалімі ретінде еңбек жолын бастайды. Осылайша, бұрынғы ұстаздарымен үзеңгілес еңбек етсем деген арманы орындалады. Әрине, жас жігіттің ынта-ықыласын, білімге деген құштарлығын, өзіне деген сенімділігін, басқа да адами қасиеттерін жақсы білетін мектеп басшылығы оны құшақ жая қарсы алады. Бұл 1981 жылдың күзі еді. Содан бері мектеп оның туған үйіндей болып кетті. Тарыдай болып кірген баланы таудай қылып шығару, дұрыс бағыт-бағдар беруді – мұғалімдік парызы деп біледі. Бала оқыту ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, бар уақытын білім беру мен тәрбие ісіне жұмсады. Сондықтан болар, шәкірттері математика пәнінің мұғалімі Арыстан Мырзахметұлынан тәлім алғанын абырой санайды.
Арыстан Әкімжанов Жамбыл ауданында мектеп директорының орынбасары болған, кейін білім ошағының тізігінін ұстаған еді. Дегенмен, оның өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі – Петропавл қаласымен тығыз байланысты. Тәжірибелі маман 1999 жылы облыс орталығындағы қарашаңырақ – №2 қазақ мектеп-интернатына жұмысқа орналасып, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары міндетін атқарады. Ауыл баласы 24 сағаттың көбінде ата-анасының көз алдында жүрсе, қалған уақытта мұғалімнің қасында болады. Ал интернаттағы балалар тәулік бойы мұғалімдердің бақылауында. Арыстан Мырзахметұлы ұстаздар мен оқушылар арасында дәнекер бола біледі. Уақытпен санаспай, әрбір оқушымен жеке-жеке жұмыс істеуі – шәкірттеріне деген жанашырлықтың көрінісі. Осындай маңдай термен атқарған еңбегінің арқасында ол әр жылдары облыстық білім басқармасының және Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хаттарымен және Құрмет грамоталарымен марапатталды.
2001 жылы Арыстан Әкімжановқа Петропавлда жаңадан салынған отбасылық үлгідегі балалар ауылының тізгіні сеніп тапсырылды. Содан бері бұл білім ошағынан 80 ұл мен қыз түлеп ұшып, бүгіндері педагогика, денсаулық сақтау, журналистика және тағы басқа да салаларда табысты еңбек етуде.
Қазіргі уақытта балалар үйінде білім мен тәрбиеге қажеттінің барлығы бар. Оларға он тәрбиеші қызмет көрсетеді. Карантин кезінде тәрбиеленушілер білімдерін қашықтан оқыту режімінде жалғастырды. Басшымыздың балалардың спортпен шұғылдануына қатты көңіл бөлетінін де атап айтқан жөн. Қажетті спорттық құрылғылар жеткілікті. Тәрбиеленушілеріміз баскетболдан республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, үздіктердің қатарынан көрінуде.
Биыл отбасылық үлгідегі балалар ауылында қос бірдей мерейтой. Басшымыз Арыстан Әкімжановтың бейнетінің зейнетін көрер жасы білім ошағының ашылғанына 20 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Ол жанары жәудіреген балаларға әке орнына әке болды. Қамқорлық көрсетуден бір танған емес. Қамкөңіл балалар мен қызметкерлердің барлық проблемаларын тыңдап, ақыл-кеңес беруден ешқашан жалықпайды. Директордың ұжымды біліктілікпен басқара білуінің арқасында ешқашан келіспеушілік болған жоқ. Арыстан Мырзахметұлын мерейтойымен шын жүректен құттықтай отыра, оған зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, табыс тілейміз.
Әсем ЕЛЕУСІЗОВА,
отбасылық үлгідегі балалар ауылының психолог-педагогы.