“Мәңгілік Ел”, “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру”, “Ұлы даланың жеті қыры”, “Мәдени мұра” атты стратегиялық, мемлекеттік, ұлттық бағдарламалар негізінде Ақмола облысының әкімі, руханият жанашыры Ермек Маржықбаевтың ұйымдастыруымен, қаржылық қолдауымен 2020 жылы “Абылай ханның қара жолы” атты тарихи-танымдық еңбек жарық көргені – Тәуелсіздігіміздің, елдігіміздің, ұлттығымыздың, рухымыздың айғағы. Мұны Рух кітабы десек те артық болмас. Алдымен, бұл басылымның басында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың “Абылай аңсаған азаттық” және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың “Абылай дәуірі” дейтін терең толғамды байыптамасы ұсынылған.
Жол…! Хақтың, халықтың, даналықтың, адамшылықтың, білімнің, ғылымның жолы… Иә, Сәйф Сарайидің (1321-1391) “Гулстан Би-Т-түрки” (“Түркіше Гүлстан”) кітабында мынадай бір тәмсіл бар: Бірде баласы: “Ей, әке, сапардың көп түрлі пайдалары бар: ғажайыптар көресің, керемет сырлы сөздер естисің, әсем қалаларды тамашалайсың, ескі достармен әңгімелесіп, жаңа достар табасың”, – дейді. Сонда әкесінің ұлының ойын одан әрі гүлдендіріп, сапарға шығудың қызықты жайттары аз емес, негізінде мұның бес түрлі адамдар тобына лайықты. Алдымен, төрт құбыласы сай (көрікті, сұлу құлдары мен күңдері, дүние-мүліктері бар) дәулеті шалқыған көпеске, шешен тілді ғалымға, өң-әлпеті келісті (“көрікті жүз – жаһан жаны, қуаныш кені”) шырайлыға, ұшқан құсты, аққан суды тоқтататын Дәуіт пайғамбардың даусындай әсем үндіге (әсем үн-тәннің ләззаты, рухтың құты), кәсіп иесіне (“Атақ-дәреже бір күні есіктен шығып кетер”, “Кәсіп – суы дәйім тасып келіп тұратын бұлақ”) тән. Расында да, жол жүрудің өзіндік қасиеті мен шарттары бар. Қазақ қоғамында мүбарак лебізді абыз ақсақалдар ақындық-жыраулық, сал-серілік жолға түсетіндерге “Ел арала, жер көр” деп бата беруші еді ғой. Осы ретте мұның түбегейлі сырын, терең мағынасын жібек жіпке тізген моншақтай етіп түсіндірген…
Аспанда Құс жолы, адамзат өркениеті тарихында Ұлы Жібек жолы, діни-сопылық дүниесінде хақ жолы, ұлттық этнофилософиялық, тарихи-әлеуметтік дүниетаным кеңістігінде Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы бар.
Б.з.д. 146-36 жылдарда қытай ғұламасы Сымащян хатқа түсірген:
Асқар таудай адамды табындырар,
Даңғыл жолды көргендер даңғылды ұғар.
Осы орайда энциклопедиялық сипатқа ие “Абылай ханның қара жолы” атты тарихи-танымдық еңбекте 2018 жылдың қыркүйек айының 17-27 күндерінде Көкшетаудан бастап, Бурабай, Астана, Қорғалжын, Сабынды, Жәнібек-Шалқар, Баршын, Шұбаркөл, Ұлытау, Сыр елі, Түркістан, Шымкент бағытында ел тану, жер тану, мәдениет тану, тарих тану мақсатында, Ақмола облысының бұрынғы әкімі ұлтжанды Мәлік Мырзалиннің тікелей қолдауымен ұйымдастырылған экспедицияның материалдары жинақталған. Хан жолы бойындағы сәулет ескерткіштері, көне қорымдар, мазар-кесенелер, атап айтқанда, Ботағай (Бытығай), Хан ордасы, (Әз Тәукенің ақ киізге отырғызып хан көтерген, әр ата, ру, тайпаға таңба таратылған, шешім қабылданған), Хан қалашығы, Алаша хан, Жошы хан, Қанікей мазары, Домбауыл мазарлары, Алтыншоқы, Диуана тау, Әулиетау, Хан аралы, Ордабазар, Хан басы, Хан төбе, Хан көтерген, Хан қыстағы, Шыңғыс ханның немересі, Жошының қызы Болған ана кесенесі, Қойлыбай, Ақмешіт әулиелер мен Едіге, Тоқтамыс қорымдары, Зердеш баба үңгірі…
Қоғам қайраткері, өлкетанушы Мұрат қажы Ыдырысұлы ұйымдастырған ғылыми-тарихи, этнографиялық экспедицияның материалдарында яғни “Абылай ханның қара жолы” атты кітапта ел тарихындағы, руханият кеңістігіндегі ұлы оқиғалар, елдік, мемлекеттік, ұлттық ұлы идеялар, түйдек-түйдек қазына-бұйымдар, керуеншілер, ру-тайпа көсемдері, хандар, абыздар, билер, баһадүрлер, жыраулар, сал-серілер жөнінде мәнді мағлұматтар бар.
Тарихи, мәдени, әдеби құндылықтарға мейлінше бай “Абылай ханның қара жолы” басылымында Шаһиахмет хазірет мешіті, Саңғыл би, Қазаншы әулие, Қарабура әулие, Ақбикеш мұнарасы (ақ керіш топырақты сүтке илеген, арасына ту биенің құйрығын турап салған), Баба Түкті Шашты әзіз, Ысқақ баб (Баба Ата), Бибі Мәриям, Жүніс Ата кесенелері жайында тарихи-шежірелік деректер мен аңыздар берілген. Сондай-ақ көне дәуірдің көзіндей шоң жартасқа (Қаратаудың Бессазы мен Мыңжылқы шоқысының заңғар биігінде) таңбалы жазулар, суреттер, күймелі арбалар туралы да бағалы мәліметтер бар.
Жаратқан Иенің мейірімі түскен Хан жайлаған Көкшетау! Бір уыс топырағына бір дән ексең бір қап алатын, бір тал ексең көк тіреген зәулім ағаш өсетін жерұйық! Мағжанша сипаттағанда, “Оқжетпес найза қия – қыранға ұя”, “Бурабай – Арқа аралы, жер еркесі”, “Меккедей тәуеп қылған талай алаштың” қасиетті Абылай хан ордасы. “Екі оттың – орыс, қытай арасына” тағдыр-талайы, қызықты дәурені, береке-бірлігі қыл ұшында, ұстараның жүзінде болған қаралы күндерде қалың елі үмітін, “ойы теңіз Абылайдай данасына” тапсырады. Ұлы қолбасшы, ұлт айбары Хан Абылайдың өңкей көкжал – бөрілері ел мен жерді қорғау үшін Бурабайда бас қосқанын былайша сыңғырлатып-толқындатып, күмбірлетіп-гуілдетіп, көсілтіп жеткізеді:
Жиылды өңшең ноян, ығай-сығай,
Байжігіт, Тасболат пен би Толыбай,
Ту басты Абылайды хан көтерген,
Қамқоры Қарауылдың шешен Қанай.
Ашуы жауған қардай, шөккен нардай,
Қарт қыран Қанжығали қарт Бөгенбай,
Бөкеңнің жас жолбарыс жеткіншегі
Аузынан жалын шашқан жас Жанатай.
Найзасын нажағайдай ойнататын
Жас барыс Бәсентиін Сарымалай.
Балталы, екпінді оттан Оразымбет,
Сырғалы, шапшаң оттан ер Елшібек,
Өзіне тірі жанды тең көрмейтін
Тәкаппар Қошқарұлы ер Жәнібек,
Қалданға ханмен бірге тұтқын болған
Жолдасы Абылайдың батыр Жәбек.
Майданда от шашқандай оқ шашатын
Сырттаны Бәсентиін ер Сырымбет, –
Осындай өңшең көкжал жиылысты
Күңіреніп жолбарыстай: “Жау қайда?” деп.
Міне, Абылай ханның қолбасшылық құдіретінің өрнегі. Дәуірдің тірі суреті. Көкшетау кейпі. Абылай хан жолының сәулеті, ұлттық тарихымыздағы мәні мен мағынасы, Ұлы даланы жолбарысша жортып, “ар шапанын”, жамылып, Аллалап, алғалап, атойлап қорғаған алыптардың рухы жаңғырып, жер-дүниені дүбірге бөлегендей!
Экспедиция материалдарында Абылай ханның ата-тек шежіресі, ғұмырнамалық жолы, заманы, геосаяси жағдаяттар, кемеңгерлік ұстанымы, әскери өнері мен ел басқару өнегесі, халық шежіресі мен жыраулар поэзиясындағы Абылай хан болмысы, Абылай ханның ортасы (батырлар, билер, көсем шешендер), Абылай ханның күйлері тарихи-саяси, мәдени тұрғыдан зерделенген. Сөйтіп, бұл жарияланымдарда Абылай ханның қара жолының тарихын тұтас сөйлеткен деуге болады.
Кәміл мұсылман Шоқан Уәлиханов бір шығармасын “Лә илаһа илла-алла, Мұхаммәдә Расул Алла” деп бастағанындай, “Абылай ханның қара жолы” басылымына кемеңгер ойшылдың жазбасы керемет бір шырай беріп тұр.
Сондай-ақ академик Манаш Қозыбаевтың, Қайролла Мұқановтың, Жамбыл Артықбаевтың, Бүркітбай Аяғановтың, Зарқын Тайшыбайдың, Сәуле Мәлікованың, Мұрат қажы Ыдырысұлының, Мақсат Алпысбестің, Марат Әбсеметовтің, Ғани Қарасаевтың, Сәбит Жәмбектің, Мұсатай Ғалымның, Мұхтар Қожаның зерттемелерінде Абылай ханның тарихи-әлеуметтік қызметіне және Хан жолына қатысты ғылыми айналымға лайық шежірелік деректер жеткілікті.
Мәселен, композитор Рамазан Елебаев (1910-1944) пен атақты профессор Шәрәпи Әлжанов (1900-1937) туған Сәуле аулының іргесінен, нақты айтқанда, Мұхамед Салық хазірет бейітінің қасында әлі күнге дейін Абылай ханның қара жолы сайрап жатыр. Дәл жолдың осы бір бөлшегінің өзі тірі тарих. Бәйгөбек қажы, Етекбай мен Байдалы билер, Тоқбай, Сатыбай сияқты мырза, жомарт байлар ғұмыр кешкен. Және де Сәкен мен оның досы Ершін сұхбат құратын тас та өткен күндерді еске түсіреді. Кербез Көкшетаудың жыршысы Сәкен Сейфуллин 1927 жылы Жақан Сыздықовқа бір сұлу көлге апаршы деп бұйымтайын айтыпты. Сонда ол Қызылқайың көлінің жағасында Даңғой байдың киіз үйінде “Көкшетау” поэмасын тамамдапты. Бұл өңірді ақсұңқар ақын “Аймақ” деп атапты.
Шоқан Уәлиханов “Абылай дәуірі қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры” дейтін еңбегінде “ғаламат қазақ” Абылайдың айбарлы тұлғасын, ересен қаһармандық істерін “өнегелі ақыл-кеңесін, сұңғыла зердесін”, жоңғар хонтайшысы Қалдан Сереннің ұлын жекпе-жекте жер жастандырып, тұтқындалып және кереметтігімен құтылғанын, 1739 жылы Орта жүздің тегеурінді әміршісі болғанын, Күнбатыс пен Күншығыстағы айдаһардың қанды шеңгелінен елін, жерін бүтіндей аман сақтау жолын кемеңгерлікпен ойластырғанын, шексіз билік тізгінін ұстаған Абылайдың иісі қазақ хандарының ішінде төтенше өткірлігінің арқасында “өлім жазасын” енгізгенін және қазақтың аңыз-әңгімелерінде, жыр-дастандарында “керемет құдірет иесі”, “ұлы істер атқаруы үшін Алланың өзі жіберген елшісі” екендігін сипаттап жазған.
Тізіп айтсақ, Төле би, Қаздауысты Қазыбек би, Бұқар жырау, Қарауыл Қанай би, Бөгенбай, Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Малайсары, Батыр Баян, Нияз, Керей ер Жәнібек, Жәпек, Сыздық сұлтан, Науан хазірет, Бабаназар Жаңабатырұлы туралы да айтылған.
“Абылайдың ақ үйі” хақында бір ауыз сөз айтар болсақ, академик-жазушы Сәбит Мұқанов 1940 жылдың 7 наурызында Петропавл қаласының тұрғындарына жазған хатында мына бір ел аузындағы аңызды келтіреді. Ол былай: Петр және Павел деген екі көпес болыпты. Олар Орта жүздің ханы Абылайға келіп, өгіздің терісіндей жер беруді жалынып сұрайды. Хан ұлтарақтай жер бермеуді ар санап, уәдесін береді. Олар өгіздің терісін талдап-талдап, өрім-өрім жіңішке жіпке айналдырып, орап жібергенде осы күнгі Петропавловск қаласы орамның ішіне сыйып кетеді. Хан уәдесін бұзбай, шарасыз күйге түседі. Осы бір шындыққа бергісіз аңыз-тәмсілді жалғастырып: “Исторический он возник в 1752 году, его основал генерал Киндерман. Город был построен с целью завоевать среднюю часть казахской степи. Резиденция Хана Средней Орды Аблая в то время находилась у подножья горы – Боровое. Аблай поддерживал с русским царизмом дипломатическую связь. Рядом с зданием зимнего театра, на его зданий в два этажа, которое среди казахов носит название “Абылайдың ақ үйі” (“Белый дом Аблая”). Мінеки, замана шежірешісінің “Абылайдың ақ үйі” жөніндегі бірегей жазбаша дерегі. Абылайдың қандай хан болғанына, яғни оның мемлекеттік тұрғыдан ойлайтындығына, ел басқарудың әдіс-тәсілдерін меңгергендігінде, Россиядай державаның мойындайтынына, қолбасшылық, ұйымдастырушылық өнеріне, халқының ақыл-аузы, арқан-қазығы болғанына жарқын мысал.
“Абылай ханның қара жолы” дейтін телегей теңіз деректерге мол жинақты парақтағанда, сана таразысына салмақтағанда сан қилы ой-пікірлер көңіл айнасында самсап тізіледі. Соның біріне кезек берейін.
Академик Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбділдинді 1972 жылдан бері білетінмін. Себебі, мен сол жылдардан бастап Қазақ КСР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында жұмыс істедім. Ойшыл оқымыстының талай мәрте лекциясын тыңдадым. Орысша да, қазақша да төгілтіп тебірене сөйлегенінің куәсі болдым. Әсіресе, 1991 жылы тамыз айының басында Көкшетауда Абылай ханның 280-жылдығына байланысты ғылыми конференция ұйымдастырылып, ҒА-ның президенті Өмірзақ Сұлтанғазин бастаған азулы, айтулы оқымыстылар Манаш Қозыбаев, Рамазан Сүлейменов, Ғайрат Сапарғалиев сынды қайраткерлер мазмұнды баяндамалар жасады. Солардың ішінде терең ой, жүйрік тіл, қоңыр жігерлі даусымен Жабайхан аға Әбділдин орыс тілінде Абылай тұлғасының философиялық қырларын нақ-нағымен шеберлікпен айқындап-саралап, тамылжыта әңгімеледі, құйқылжытып түсіндірді. Өңкей зиялы қауым (түрлі этностар бар) дүр сілкініп, салтанатты сарай ішінде Абылай хан рухы асқақтады-ау! Алтын балық үйіріндей академиктердің жүзінде нұр үйіріліп, көзінен от ұшқындап жүрегіндегі намыс оянып, хан заманы тірілгендей күйге түсті. Мұндай бір ғажайып көл-көсір лебізді тыңдағандар да, тыңдамағандар да арманда. Әлі күнге осынау сөнбес сәуледей көркемдік әсерді ұмыта алмай жүрмін…
Осы Абылай ханның 280 жылдығы КСРО тұсында жариялылықтың арқасында өтті. Бұның осылай дүркіреп өтуіне не себеп болды екен дегенге келсек, 2012 жылдың 2 сәуірінде (сағ.17.00-17.30) ЕҰУ-дің Күлтегін атриумында Жабайхан ағамен бір сәті түсіп әңгімелестік. Сонда айтқаны: “1991 жылдың маусым айының басында Министрлер Кеңесінің төрағасы Ұзақбай Қарамановқа Абылай ханның 280 жылдығы еді дегенде, Мырзатай Жолдасбеков уақыт тар ғой деді. Сонда жұлып алғандай Төрағаға: “Ертең сіздің атыңызды Абылай ханның мүшел тойын лайықты түрде өткізсеңіз, ел тебіреніп еске алады деп едім, дереу “Қаражат табамын, жоспарын жаса” деп, орынбасары Мырзатай Жолдасбековке тапсырма берді. Осы бір түйінді ой, ізгілікті іс Абылай ханның рухын асқақтатты-ау!
“Абылай ханның қара жолы” кітабы ұлттық тарихымыздың, тарихи санамыздың, төлтума мәдени рухани құндылықтарымыздың жаңғырып-жаңаруына салиқалы үлес қосатындығында кәміл сеніміміз бар.
Абылай жолы – Тәуелсіз мемлекетіміздің жолы, ұлттық рухымыздың рәмізі, символы!
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегері,
филология ғылымдарының докторы, профессор.