«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЗАР ОРНЫНА — ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бір айға жуық уақыттан соң облыс орталығындағы көтерме сауда орталығы (“ЦОТ”) базары басқа жерге көшіріліп, оның орнына тұрғын үй кешені салынады. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов үйдің құрылыс жобасымен танысты.

“ЦОТ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Александр Фоминнің айтуынша, базардағы контейнерлерді Зауыт көшесі, 5 мекенжайына, яғни “ЗИКСТО” зауытының маңына көшіру 17 мамырда басталады. Бұл жұмыс үш аптаның ішінде атқарылып, осы кезде жалға алушылардан төлемақы талап етілмейді. Осылайша, маусым айында босаған базар орнында биіктігі 67 метрлік 18 қабатты екі жаңа тұрғын үйдің құрылысы жүргізілетін болады. Шаһардағы ең биік тұрғын үйлердің бірінші және екінші қабаттары коммерциялық үй-жайларға арналса, 16-шы қабаттарында террасасы бар студиялық пәтерлер салу қарастырылған.

Оған қоса көпқабатты үйлердің арасына екі деңгейлі жабық пар­кинг салу жоспарлануда. Ал паркингтің төбесінде балалар ойын алаңы орналастырылады. Сонымен қатар тұрғын үйлер айналасын үш түрлі жарық шамдарымен нұрландырып тұрады. Кешеннің эскиздік жобасына келер болсақ, жарты жылға жуық уақыт бойы әзірленген, сондықтан барлық талаптарға сай.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жобаны жүзеге асыру кезінде базар жұмысшыларында ешқандай мәселе туындамауы тиістігін тапсырды.

– Базарлар қала орталығынан біртіндеп көшірілгені дұрыс. Өйткені, бұл тұрғындар мен көліктердің қозғалысына қолайсыздық тудырады. Мұнда еңбек ететін адамдар жұмыссыз қалмайды. Әрі бұл жер абаттандырылып, заманауи үлгідегі баспана бой көтермек. Біз осындай жобаларды жүзеге асыруымыз қажет. Жалпы, былтыр облыс орталығында 24 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға берсек, биыл бұл көрсеткішті 340 мың шаршы метрге жеткізуді көздеп отырмыз. Яғни, 3500-ге жуық адам қоныс тойын тойлайды. Құрылыс жұмыстары “Жас өркен”, “Береке” шағынаудандары мен Набережная, Уәлиханов көшелерінің бойында жүргізіледі. Бұл жұмыстарды атқаруға ірі компанияларды жұмылдырамыз. Сондай-ақ, биыл “Копай” шағынауданындағы жер үйлерді сүруді бастаймыз, – деген Құмар Іргебайұлы осы маңда алдағы уақытта тағы да осындай екі тұрғын үйдің құрылысын жүргізу мүмкіндігін қарастыру керектігін айтты.

Елордалық мердігер компания тұрғын үй кешенін 18 ай бойы салуды жоспарлап отыр. Яғни, кешен 2022 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілмек.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp