Өңір басшысы Құмар Ақсақалов облысымыздың құрметті азаматы, педагог, тарихшы Нэлли Иванованы 80 жасқа толуымен құттықтады.
– Жас ұрпақ үшін сіз секілді дұрыс бағыт-бағдар сілтеп, ақыл айтатын аға буын өкілінің орны әрқашан бөлек. Жастар өз жұмысы мен мамандығына деген құштарлықты сізден үйренуі тиіс. Барлық жерлестеріміздің атынан сізге алғыс білдіремін, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін, – дей келе, Құмар Ақсақалов мерейтой иесінің өңіріміздің дамуына сүбелі үлес қосқанын атап өтті.
Кісіліктің көркем келбетіне қылау түсірмей, ізгіліктің шуағын шашып, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген Нэлли Иванованы әріптестері мен жақындары да мақтаныш етеді. Өз кезегінде Нэлли Александровна қуанышты күнде жанынан табылған жақындары мен жүрекжарды тілегін жеткізген жерлестеріне ризашылық білдірді.
– Менің туған күнім облыстың 85 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Тәуелсіздік жылдарында біздің өңірдің жеткен жетістіктері көңіл қуантады. Алдағы уақытта тың жобалар сәтті жүзеге асырылып, еліміздің “солтүстік қақпасына” айналған облысымыздың одан сайын гүлдене түсетініне сенемін, – деді Нэлли Иванова.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.