«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТАНДЫҚ ДИҚАНДАРҒА ОЛЖА “Claas” зауыты іске қосылатын күн алыс емес

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Петропавл қаласында комбайндар, тракторлар және егін себу кешендерін шығаратын зауыттың құрылыс алаңында болып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын әлемге әйгілі немістің “Claas” компаниясының жаңа зауыты “Береке” шағынауданында бой көтеруде. Құрылыс жұмыстарына “Құрылыс-Сервис СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 40 жұмысшысы тартылған. Серіктестіктің құрылтайшысы Мурат Харсиевтің айтуынша, жалпы аумағы 7,3 мың шаршы метрді құрайтын болашақ зауыттағы негізгі жұмыстар 90 пайызға аяқталған. Былтыр арнайы техниканың көмегімен бетон тіректерін ауыстыру жұмыстары жүргізіліп, кәсіпорынның аумағын абаттандыру шаралары қолға алынғанды. Сондай-ақ, зауыт аумағына бетон төселіп, нысандардың қабырғалары сендвич панельдермен қапталды. Қазіргі уақытта электр желісін өткізу, кәріздік жүйе тарту жұмыстары атқарылуда.

Құрылыс барысымен танысқан облыс әкімі отандық нарыққа жол тартқалы отырған германиялық “Xerion” маркалы тракторлар, “Horsh” егін себу кешендері және “Tucano” маркалы комбайндар қазақстандық фермерлердің сұранысын қанағаттандыратынын атап айтты.

– Бұл – біздің өңір үшін маңызды жобалардың бірі. “Claas” – ауыл шаруашылығы техникасын шығару бойынша әлемдегі көшбасшы компания. Бүгіндері Германия, Франция, АҚШ, Қытай, Ресей, Венгрия және Өзбекстанда концерннің зауыттары бар.

Сегізінші зауыт Қызылжар өңірінде са­лынуда. Бұл – компа­ниямен ұзақ, бірақ сәтті өткізілген келіссөздердің нәтижесі. Кәсіпорын облыстағы тозығы жеткен ма­шина-трактор паркін жаңарта түседі деген сенімдемін, – деді Құмар Іргебайұлы.

Келісімшарт бойынша шетелдік компа­ния жобаны кезең-кезеңмен жүзеге асырады. Алдағы уақытта зауытты тіркеу, нысандар мен цехтарды ретке келтіру, жаңа жабдықтар орнату, материалдық-техникалық базаны нығайту, электр желісін өткізу секілді ұйымдастыру жұмыстары атқарылады. “Claas” фирмасының жобалық үйлестірушісі Вальдемар Прибтың айтуынша, жергілікті құрылыс компаниясы барлық жөндеу жұмыстарын аяқтаған соң, шетелден заманауи құрал-жабдықтар жеткізіліп, цехтарға орнатыла бастайды. Концерннің өкілі бір аптадан бері жергілікті жобалаушылар мен құрылысшылардың жұмысын үйлестіріп, орын алған кейбір кемшіліктерге байланысты өз ұсыныстарын енгізген.

Барлық құрылыс және жөндеу жұмыстары маусым айында аяқталады деп күтілуде. Зауытта 100-ге жуық адам еңбек ететін болады. Қазіргі уақытта неміс компаниясы мамандарды таңдау және олардың біліктілігін арттыру мәселесімен айналысуда. Жоба үйлестірушісі кәсіпорын жаңа техника шығарып қана қоймай, цехтарда сервистік қызметтің де көрсетілетінін атап айтты.

Кәсіпорын жоспар бойынша екі айдан кейін іске қосылмақ. Бәрі ойдағыдай болса, биыл жыл соңына дейін 90 комбайн құрастырылмақ. Ал өндіріс толық қуатына көшкен кезде кәсіпорын жылына 300 ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын болады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp