Қазақстан Республикасының “Банкроттық және оңалту туралы” Заңына сәйкес борышкердің немесе кредитордың оңалту рәсімін қолдануына, яки берешекті қайта құрылымдау рәсімін қолдану туралы сотқа өтініш беруіне борышкердің уақытша төлем қабілетсіздігі негіз болып табылады.
Егер борышкер барлық кредиторлармен төлем қабілетсіздігін реттеу туралы (мысалы, дисконт, берешекті төлеуді кейінге қалдыру және өзге де жолдармен) келісуге қабілетті болса, онда берешекті қайта құрылымдауға мүмкіндік тууы мүмкін.
Рәсім барысында борышкер сотқа жүгіну құқығына ие болады, сот он жұмыс күні ішінде шешім шығарады және борышкерге кредиторлармен берешекті реттеу туралы келісімге қол жеткізу үшін екі ай мерзім береді.
Егер борышкер екі ай мерзімде кредиторлармен келісім жасаса, бұл келісім соттың бекітілуіне беріледі. Одан кейін борышкер келісімнің қолданылу кезеңінде кредиторлардың талаптарынан қорғалады, тұрақсыздық айыбынан, сыйақыдан босатылады, борышкерге қатысты сот актілерінің орындалуы тоқтатылады және т. б. шаралар жүзеге асырылады.
Қайта құрылымдау рәсімі борышкерге келісімді орындау барысында берешекті өтеуге мүмкіндік береді. Келісім талаптарын дұрыс орындамау оның бұзылуына әкеп соқтырады, бұл кезде борышкер жоғарыда көрсетілген қорғау шараларынан айырылып қалуы ықтимал.
Оңалту рәсімі барысында борышкер әр несие берушімен қарызды реттеу туралы келісе алмайтын жағдай туындауы мүмкін. Бұл кезде осы рәсімге сәйкес борышкер немесе несие беруші сотқа өтінішпен жүгінеді. Сот талқылауы барысында борышкерге қатысты оңалту рәсімін енгізу үшін негіздердің болуы/болмауы туралы мәселе шешіледі. Бұл үшін уақытша әкімшілікке тартылады, ол борышкердің қаржылық жағдайын зерделейді және борышкерді оңалту үшін негіздердің болуына/болмауына қатысты пікірін білдіреді.
Егер сот арызды қанағаттандырса, борышкерге және кредиторларға оңалту жоспарын жасау мен бекіту үшін үш ай мерзім (жоспарда берешекті өтеу үшін борышкер қолданатын шаралар, сондай-ақ кредиторлар алдындағы берешекті өтеу мерзімдері көзделеді) беріледі. Оңалту жоспары кредиторлардың көпшілік дауысымен (бір теңге – бір дауыс қағидаты бойынша) бекітіледі. Оңалту жоспарын бекітпеу оңалту рәсімін тоқтатуға әкеп соқтыруы ықтимал.
Оңалту рәсімі шеңберінде борышкер кредиторлардың талаптарынан қорғалады. Өсімпұлдарды, айыппұлдарды есептеу, сондай-ақ, борышкерге қатысты сот актілерінің орындалуы тоқтатыла тұрады. Борышкерге талаптар тек оңалту рәсімі шеңберінде ғана қойылуы мүмкін. Борышкер оңалту жоспарына сәйкес қызметін жалғастыру мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар, оған, мысалы, жаңа мәмілелер жасасу сияқты елеулі шектеулер қойылады.
Людмила БРЫКСИНА,
“СҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті” РММ-і оңалту және банкроттық бөлімі басшысының міндетін атқарушы.