«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АГРАРЛЫҚ САЛАДАҒЫ ҒАРЫШТЫҚ БАҚЫЛАУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Цифрландыру – сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы. Қазір өркениетті елдер толықтай цифрландыруға көшіп, ақпараттық технологиялар нарығына дендеп ене бастады. Бұрындары ғарыш индустриясында NASA ғарыш агенттігінің ғана жетістіктері сөз етілсе, бүгінде одан жекеменшік компаниялар да қалыспай, әр саланың қозғаушы күші бола алатын озық технология платформасын құруға мүдделілік танытып келеді.

Жерді ғарыштан бақылаудың маңызы өте зор. 2017 жылы Үкіметтің цифрландыру туралы шешімі шыққалы жерді қашықтан бақылауға мүмкіндік беретін жаңа үрдістер дендеп енгізіле бастады. Соңғы жылдары елімізде ауыл шаруашылығы саласын ғарыштық мониторинг арқылы бақылау ұтымды пайдаланылып келеді. Бұл міндетті атқару “Қазақстан ғарыш сапары” ҰК” АҚ-ға сеніп тапсырылған.

Жерді қашықтан зондтау мониторингі мәліметтері бойынша өңірде 2,2 млн. гектар егістік алқап цифрландырылып, осынша жер телімдерінің 165 шаруашылыққа тиесілі екені анықталды. Жерді ғарыш арқылы зондтауға көшудің тағы бір қажеттілігі, ауыл шаруашылығы мақсатындағы игерілмей жатқан жерлерді айналымға қосудың, оған бақылауды күшейтудің, жер иелерімен келісімшарттарды бұзудың таптырмас тетігі болып табылады. Жер телімдерін қолдану процесінің автоматты түрде жүзеге асырылуы заң бұзушылықтың азайғанын көрсетіп отыр. Олқылықтар қайталанған жағдайда жер учаскелері сот арқылы мемлекет меншігіне қайтарылады. Дәлдігі жоғары ауыл шаруашылығы алқаптарының цифрлы картасын әзірлеудің, электронды нұсқаларын енгізудің маңызы зор екенін диқандар жақсы түсінеді. Өйткені, алқап өңделді ме, тұқым, тыңайтқыш уақтылы себілді ме, арамшөптерге қарсы күрес жүргізілді ме, мұның бәрі ғарыш арқылы бақыланады.

Егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжау, “ақылды суарудың”, минералды тыңайтқыш сіңірудің, зиянкестермен, арамшөптермен күресудің бірізділенген ғылыми жүйелері, бір сөзбен айтқанда, “дәл егіншілік” сияқты жаңа тәсілдер өнімділікті бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді. Сыртқы нарыққа шығарылатын отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттігі заманауи технологияларды қалай игеруімізге келіп тіреледі. Цифрландыру – мол өнім өзегі дейтініміз сондықтан. Облыста жайылым мен шабындық жерлерге деген сұраныс әлі күнге өзекті. Қордаланған проблемаларды шешудің бір жолы мал жайылатын алқаптарды бақылау жүйесін жетілдіру болмақ. Жайылымдарды пайдалану да жерді қашықтан зондтау ақпараттық жүйесінің деректері негізінде қадағаланады. Мұның өзі жерді тозудан, эрозияға ұшыраудан сақтайды.

Цифрландыру элементтері мал шаруашылығына да енгізіле бастады. “Цифрлы фермалар” былтыр бесеу болса, биыл 12-ге жетті. Жыл аяғына дейін тағы 10-ы іске қосылады. Барлық жұмыс автоматтандырылып, “Dairy-Plan”, “Pro”, “Heatem” компьютерлік бағдарламалары арқылы басқарылады. “Тайынша-Астық”, “Мәмбетов және К”, “Алабота”, “Шатило”, тағы басқа құрылымдар осы жүйемен жұмыс істеп, әр сиырдан қанша сүт алынатынына дейін біліп отырады “Ақылды технологияларды” агроөнеркәсіп кешенінде қолданудың мұндай мысалдары аз емес.

Назгүл БЕКМАҒАНБЕТОВА,

облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы талдау, жинақтау және жоспарлау бөлімінің жетекшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp