«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАТТЫҚТАН АСҚАН ҚҰНДЫЛЫҚ ЖОҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Аққайың ауданы – жауға қарсы қол бастаған Жансүгір батырдың жамбасы жерге тиген, Кеңес Одағының Батыры Андрей Хименко, ғалым, академик Уфа Ахмедсафин, техника ғылымдарының докторы Қайырбек Оразов, Социалистік Еңбек Ерлері Әбу Сыздықов, Петр Филиппенко, Руслан Бекузаров пен Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченко сынды қайраткерлерді құндақтаған, әлемді аузына қаратқан актриса Самал Есләмовадай дарынды дүниеге әкелген құт мекен. Аудан адамдарымен ғана емес, түрлі салаларда жеткен жетістіктерімен де мақтана алады. Әсіресе, Тәуелсіздік жылдары атқарылған жұмыс ауқымды. Аққайың ауданының әкімі Рүстем Елубаевпен сұхбатымыз ата-бабаларымыз аңсап кеткен азаттыққа қол жеткізгеннен бергі алынған белестерді саралаудан басталды.

– Рүстем Мұқашұлы, ауданның негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы ғой, талай даңғайыр диқан еселі еңбегімен елге танылды. Азаттық таңы атқаннан бері аграрлық салада қандай өзгерістер болды? Ауыл шаруашылығының қазіргі әлеуеті қалай?

– Ол рас, біздің ауданда ырыздық-несібесін Жер-Анадан тапқан, еңбегімен елден дараланған ерлер аз емес. Аға буынның өнегесімен біз де сол көшті лайықты жалғастырудамыз. Біз үшін тұғырлы Тәуелсіздіктен асқан құндылық жоқ. Бүгінгі кезең – ата-бабаларымыздың орындалған шұғылалы арманы, сарғайып күткен сағынышы. Осы егемендіктің арқасында әр сала ілгері басуда. Көк байрағымыздың биік желбіреп, төрткүл дүниеге дербес ел атанғанымызды біз нақты іспен дәлелдеудеміз. “Жері байдың – елі бай” дегендей, құнарлы өлкенің байтақ төсі байлық пен берекенің қайнар көзі. Бүгінде ауыл шаруашылығы қарқынды дамуда. Үстіміздегі жылы бұл саладағы жалпы өнім көлемі 44437,3 миллион теңгені құрады. Аудан бойынша егістік алқап 211,6 мың гектарды алып жатыр. Биыл шамамен 160 мың гектар жерге бидай, 36,2 мың гектарға майлы дақыл егу көзделуде. Таңсық дақыл – қарақұмық та егіледі.

Мал шаруашылығын дамытуға да баса көңіл бөлінуде. Ауданда мал өсіретін 90 шаруашылық бар. “Зенченко және К”, “Салют”, “Полтавка”, “Черкасское Агро”, “Астраханское”, “Гагарино” серіктестіктері мен “Шәймерденов Б.А.”, “Гердт”, “Леонов Я.П.” сынды шаруа қожалықтары асылтұқымды сиыр ұстайды. Жыл сайын ірі қара мен жылқы, ұсақ мал саны көбеюде. Өткен жылы сегіз шаруашылық 923 асылтұқымды ірі қара сатып алды. Ет, сүт, өндірісінің көлемі ұлғайды. “Зенченко және К”, “Шәймерденов Б.А” шаруашылықтары сүт кешені мен тауарлы-сүт фермаларын салды. Биыл “Гагарино” серіктестігі Қиялы ауылында 1,4 миллиард теңгеге 600 басқа арналған фермасын ашуды жоспарлауда. Кәсіптің тағы бір бағыты – құс өсіру. Биыл алматылық инвесторлар Аралағаш ауылында жылына 5 мың тонна құс етін өңдейтін ферма салады. Жобаның бірінші кезеңі күзде іске қосылады. Трудовое ауылында “Рамазанов” жеке кәсіпкерлігі 8 мың қаз өсіріп, мол табысқа қол жеткізуді көздеуде.

– Біздің ел кеңес заманында шикізаттың ордасы саналды ғой. Астықты да, кенді де өңдемей сыртқа жөнелттік. Содан әлі шыға алмай келеміз. Сіз басқарып отырған ауданда өндірген өнімді өңдеу саласы қалай дамып келеді? Алға басушылық бар ма?

– Ауданда тәуелсіздік жылдары бірқатар нысандар ашылды. Мәселен, жаңа мыңжылдыққа аяқ басқан тұста құрылған “Ростан” ЖШС-і бүгінде өңірдегі жетекші кәсіпорынның бірі саналады. Сарымай мен ірімшіктің түр-түрін шығарады. Зауыттың қуаттылығы жылына мың тоннаны құрайды. Үстіміздегі жылдың наурыз айында қосымша цех іске қосылды. Соның арқасында сүт өндіру көлемі ұлғайып, йогурт, айран, қаймақ, қатық шығарылуда. Кәсіпорын алдағы уақытта өнімдерін еліміздің барлық аймағына жеткізуді көздейді. Қазір мұнда 60 адам жұмыс істейді.

2014 жылы ауданда элеватор, 2015 жылы диірмен кешені мен астық қабылдау пункті ашылды. Сонымен қатар қайың шпоны мен фанера өндіру цехы іске қосылды. Өткен жылы 186 мың текше метр фанера шығарылды. “Есіл ЖерАгро” ЖШС-нің астық қабылдау пункті, “Меденников” ЖК-нің шұжық өнімдері мен ет өңдеу кәсіпорны, “Мол-ТД” АШК” өндірістік кооперативі құрылды. Тәуелсіздік жылдары ашылған жаңа нысандардың барлығы аудан әлеуетін көтеріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға оң ықпал етуде.

– Енді руханият жағына қарай ауыссақ. Тәуелсіздіктің арқасында ұмытыла бастаған салт-дәстүріміз, ана тіліміз бен асыл дініміз қайта оралды ғой. Соның ішінде тілдің орны бөлек. Осы үш онжылдықта ауданда қазақ тілінің дамуы қандай деңгейге көтерілді?

– Ауданда бәрі қазақыланды деп айтуға әлі ерте. Тұрғындардың ұлттық, тілдік құрамы ескеріліп, бұл салада да біраз іс атқарылды. Барлығы 20 мектеп бар, соның 4-і қазақ тілінде білім береді. Әр мектепте шағын орталықтар жұмыс істейді. Екі балабақшада қазақ тілінде 8 топ жұмыс істеп тұр. Әрине, мемлекеттік тілде білім беретін мектептер мен балабақшаларды әлі көбейтуіміз керек. Соңғы үш жылда білім саласын дамытуға қомақты қаржы бөлінуде. Былтыр алты мектеп, екі балабақша күрделі жөндеуден өтті. Биыл екі білім ошағы жөнделеді.

Бір қуантарлығы, ауданда мемлекеттік тілде білім алушылардың қатары көбейді. Біздің ауданға жұмыс күші көп өңірлерден отбасылар келіп қоныстануда. Сондықтан жаңа мектепке деген қажеттілік бар. Аудан орталығында қазақ тілінде оқытатын 350 орындық білім ордасының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Сондай-ақ, Полтавка ауылында 35 орындық шағын орталықтың құрылысы жоспарлануда.

– Ауыл тұрғындарын мазалайтын ауызсу мен жол, жұмыссыздық мәселелері қалай шешіліп жатыр?

– Ауданда жұмыссыздық көрсеткіші 5 пайызды құрайды. 2020 жылы 1624 адам екі қолға бір күрек тапты. “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы да өз тиімділігін көрсетті. Аталмыш бағдарламаның үш бағыты бойынша 796 аудан тұрғыны жұмыспен қамтылды. “Бастау” бағдарламасы бойынша кәсіп ашып, өз ісін дөңгелетіп жатқандар бар. “Жастар тәжірибесі”, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламалары аясында жас мамандарға қолдау көрсетілді.

Ауызсу мәселесіне келетін болсақ, барлық елді мекен таза ауызсумен қамтамасыз етілгенін айтып өткен жөн. 80 пайызына су үйге дейін тартылған. Өткен жылы Қиялы ауылында 351,7 миллион теңгеге құбыр желісі жаңартылды, биыл Тоқшында су тарату желісін жаңғырту жұмыстары аяқталады. Степное, Смирново, Камышловодағы желілерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Смирново ауылішілік жолы мен Түмен ауылының кіреберіс жолына жөндеу жүргізілді. Жалпы аудан орталығындағы жолдар 75 пайызға жақсарды. Үстіміздегі жылы бұл жұмыстар одан ары жалғасатын болады. Бұл мақсатқа 174 миллион теңге бөлінді. “Дайындық Агро” серіктестігі өз қаржысына Дайындықтан Ленинский ауылына дейін асфальт төседі. “Полтавка” ЖШС-і өз күшімен 86,9 миллион теңгеге ауыл көшелерін күрделі жөндеуден өткізді. Биыл “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында осы елді мекеннің ішкі жолдарын жөндеуге республикалық және жергілікті бюджеттен 165 миллион теңге бөлінді.

Сұхбаттасқан

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp