Тұғырлы тәуелсіздіктің арқасында ел жастары айтулы белестерге қол жеткізуде. Замандастарымның сапалы білім алуына, ойлаған армандарының жүзеге асуына барлық мүмкіндіктер жасалуда. Тәуелсіз елімізде оқу оқимын, жұмыс істеймін деген адамға шектеу жоқ. Біз сол мүмкіндікті мүлт жібермеуге тиіспіз.
Бала күнімде дәрігер болуды армандап, алдыма мақсат қойдым. Сол арманыма табанды еңбектің, ізденістің арқасында қол жеткіздім. 1995 жылы Түркістан облысында дүниеге келдім. Мектепті тамамдаған соң Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультетінде білім алдым. Соңғы жылдары елімізде жастарды қолдауға арналған көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде “Жастар тәжірибесі”, “Дипломмен – ауылға!”, “Жасыл ел” секілді бағдарламалардың шапағаты мол. 2019 жылы солтүстікке қоныс аударып, аудандық ауруханаға жұмысқа орналастым. Мұнда жас мамандарға айрықша қолдау көрсетіледі. Жас отбасы ретінде көтермеақы алып, жұмыс орны баспанамен қамтамасыз етті. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген емдеу мекемесінде жұмыс істеу мен үшін үлкен бақыт. Сондықтан осы өңірге келгеніме өкінбеймін.
Күн сайын алдыма ондаған науқас келеді. Дәрігер ретінде оларға қол ұшын созуым қажет. Бұдан бөлек, аудандық аурухана дәрігерлері ауылдарға барып, тұрғындарды медициналық тексеруден өткізеді. Мен Көктерек, Қанжығалы, Трудовое, Астраханка сынды 4 учаскеге жауаптымын. Аптасына екі мәрте сол ауылдарға барып, тұрғындарға медициналық көмек көрсетемін.
Біздің алаңсыз еңбек етіп, еліміздің дамуына үлесімізді қосып жүргеніміз еркіндіктің арқасы деп ойлаймын. Сондықтан Тәуелсіздіктің қадірін білуіміз қажет. Ел ертеңі жастардың қолында екенін айтқан аға буын бізге үлкен сенім артуда. Сол сенімді ақтау – абыройлы парыз.
Арайлым ҚАЛМЕНОВА,
аудандық аурухананың дәрігері.