Тоқсаныншы жылдардың басындағы экономикалық тоқырау бәрімізді тұралатып кетті. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс пен тағы басқа салалар көз алдымызда күйрегенін көрдік. Бірақ жігеріміз жасыған жоқ. Себебі, азат ел атандық, демек, мұның бәрін қайтадан қалпына келтіріп алуымызға болады. Тәуелсіздік – біз үшін ең басты құндылық. Ата-бабамыз сан ғасырлар бойы соған қол жеткізу үшін жан алысып, жан берісті. Еркіндіктің қадірін бодандықта болған адам біледі емес пе? Біз сол бодандық қамытын киген ұрпақпыз. Сондықтан азаттықтың қадірін-қасиетін жақсы білеміз.
Тәуелсіздікті алғаннан, оны сақтап қалу одан бетер қиын екенін кейін түсіндік. Тәуелсіз елдің қалыптасуына куә болып қана қоймай, оның бастауында тұру біздің пешенемізге бұйырды. Ата-баба аманатын арқалаған жасампаз халқымыз Тәуелсіздікті нығайту жолында аянбай еңбек етті. Соның нәтижесінде қысқа мерзім ішінде елімізде көптеген реформалар жүзеге асты. Аудан, ауыл өмірін қалыпқа келтіру қолға алынды. Мен сол тұста аудан әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша орынбасары қызметін атқардым. Сондықтан ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық салаларының дамуына бір адамдай атсалыстым. Ең қиыны халықты сабырға шақыру болды. Өйткені, жұрт егемендіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтардан абдырап қалды. Зейнетақы, еңбекақы, жәрдемақы уақытында төленбей, жұмыссыздық белең алды. Ақша орнына чек берілді, жарық өшті.
Біз ауылдық округтерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Адамдарды жеке кәсіппен айналысып, мал басын көбейтуге, бау-бақша өсіруге үгіттедік. Біртіндеп дүкендер ашыла бастады. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік, шаруа қожалығы мен фермерлік шаруашылықтар құрылды. Бастапқыда шаруалар жұмысты ұршықша иіріп әкете алмаса да, кейін ептеп аяғынан нық тұра бастады. Ертеңгі күнді ойлаған шаруалар мемлекеттің қалыптасу кезеңінде оның тірегі болды. Кейін жағдай түзелген соң мемлекет ауыл шаруашылығы құрылымдарына мал санын көбейтуге, тұқым, тыңайтқыштар мен техника сатып алуға арзандатылған несие бере бастады.
Өткен күндерді жиі еске аламын. Өсіп-өнген, өркен жайған туған ауданымның дамуына үлес қосқанымды абырой санаймын. Қазір Қазақстан дамудың жаңа жолына түсті. Халқымыз өз мәдениетін, тілін, ділін, діні мен дәстүрін дамытуға мүмкіндік алды. Біз үшін бұдан асқан байлық жоқ.
Борис БАЯШЕВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.