«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Таңдаулары – теріскей

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы жылдары “Еңбек” бағдарламасы аясында жұмыс күші көп облыстардан өңірімізге қоныс аударушылардың қатары қалыңдай түсті. Мемлекеттің қолдауымен 2019 жылы өңірімізге көшіп келген Алтаевтар әулеті қазіргі таңда Қызылжар ауданындағы Подгорное ауылында тұрып жатыр.

Ерлі-зайыпты Серік Өтебай­ұлы мен Айнұр Жамалғанқызы бұ­ған дейін Түркістан облысындағы Арыс қаласында тұрған. Осыдан екі жылдай бұрын аталмыш ша­һардағы әскери бөлімнің қойма­сында болған жойқын жары­лыс­тан баспаналары қирап, барар жер, басар таулары болмаған соң, теріскейге қоныс аудару ту­ралы шешім қабылдаған.

– Бұл Арыста болған жалғыз тө­тенше жағдай емес. Бұған де­йін де бірнеше рет әскери қоймада кішігірім жарылыстар болған. Біз де жергілікті тұрғындар сияқты бала-шағаның аманды­ғын ойлап, шаһардан кетіп қал­дық. Кейін жарылыстар тыйылға­нымен, зайыбым ол жерге қайту­ға жүрексінді. Бұқаралық ақпарат құ­ралдарынан “Еңбек” бағдар­ла­масы арқылы солтүстікке көшіп ба­руға болатынын естіп, қамдана бастадық, – дейді Серік Алтаев.

Дәл сол кезде Арыс қаласына “Оңтүстіктен – Солтүстікке” жоба­сын халыққа түсіндіру мақсаты­мен Солтүстік Қазақстан облы­сы­ның жұмыспен қамту және әлеу­меттік бағдарламалар басқар­ма­сының бір топ маманы барған бо­латын. Серік Өтебайұлы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген Ақ­қа­йың ауданының жұ­мыспен қам­ту орталығының бас­шысы Ержігіт Дәнібековпен кез­десіп, Қызыл­жар өңіріндегі жағ­дайды сұрап бі­леді. Көпбалалы отбасы ағайын-туыспен ақылда­са келе, атал­мыш аудандағы Вла­сов­ка ауы­лы­на көшу туралы ше­шім қабыл­дай­ды. Мемлекет та­рапынан қо­ныс аударған отба­сы­на қаржы­лай көмек көрсетілгенін атап айт­қан жөн. Шаңырақ иесіне 50, от­ба­сы мүшелерінің әрқайсы­сына 35 ай­лық есептік көрсеткіш көле­мінде бір реттік жәрдемақы тө­ленді. Оған қоса бір жыл бойы ай сайын үйдің коммуналдық тө­лем­дері мен жалға алу шығын­да­ры өтел­ген. Ең бастысы берілген үй кө­ңілдерінен шыққан. Тек алты айға созылатын қыс пен саршұ­нақ аяз­ға үйренісіп кету біраз қиындық туғызған.

Отбасыда 7 бала тәрбиелену­де. Үлкені – студент, кенже ұлы – екі жаста. Қазіргі уақытта үлкен­де­рі Петропавл қаласындағы М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да жә­не спортта дарынды балаларға ма­мандандырылған облыстық мек­теп-интернатта оқиды. Бала­ларға қалаға қатынауы қиындық тудырған соң, отағасы Қызылжар ауданының жұмыспен қамту бө­лімінің басшылығына қоңырау ша­лып, шаһарға жақынырақ орна­лас­қан елді мекендердің біріне кө­шу бойынша қолдау көрсетуін өтін­ген. Абырой болғанда тас жол­дың бойында орналасқан Под­гор­ное ауылында бос үй табы­лып, сонда қоныс аударады. Бү­гіндері көп­балалы отбасы жаңа са­лын­ған тұрғын үйлердің біріне қоныс­танып, жұрт қатарлы өмір сүруде.

– Үйіміз жылы әрі кең. Қажетті коммуналдық желілер де тартыл­ған. Мердігер фирма алдағы уа­қытта баспананың кем-кетік жерін түзеп беретін болды. Бүгінгі таңда тұрмысқа қажеттінің барлығымен қамтамасыз етілдік. Жергілікті би­лік өкілдері қол ұшын беруден қашқан емес. Бірден отын мен кө­мір сақтайтын қора салып алдық, – дейді Айнұр Жамал­ғанқызы.

Арыс қаласы тұрғындары негі­зінен темір жол саласында жұмыс іс­тейді. Ерлі-зайыпты Алтаевтар­дың да бұл салада көпжылдық еңбек өтілі бар. Теміржол кол­лед­жін электромеханик мамандығы бойынша тамамдаған Серік Өте­байұлы Қызылжарға көшкен соң, жақын маңдағы бірнеше шаруа­шы­лықта электрик болып жұмыс істеген. Екі жыл бұрын Тараз қа­ласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті­не сырттай оқуға түсіп, қазіргі таң­да бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика инженері ма­мандығын меңгеруде.

Алтаевтар әулеті – көпке үлгі. За­йыбы аудандық кәсіпкерлік бө­лімі мамандарының көмегіне жү­гініп, “Бастау” бағдарламасы бо­йынша кәсіпкерлік курсын тамам­даған. Жо­­басын сәтті қорғаған ол 500 мың теңгенің қайтарымсыз гран­тына көлік сатып алған. Қазір жол­дасы жолаушы тасымалымен ай­налысуда. Кейін Серік Өте­бай­ұлы­ның өзі де кәсіпкерліктің қыр-сы­рын меңгеріп, ол да қайтарым­сыз грантқа қол жеткізген. Бұл жо­лы мемлекеттің қаржысына өз ақ­шасын қосып, қой сатып алады. Он­­дағы мақсаты – малды семір­тіп, етін өткізу. Отбасы күн жы­лы­на үйдің жанын бау-бақшаға ай­нал­дырып, Трудавая Нива ауы­лы­­ның жанынан берілген 75 сот­тық жерге картоп отырғызуға ниетті.

Подгорное ауылында оңтүстік өңірлерден қоныс аударушы­лар­ға арнап тұрғызылған жиырма­дан астам үй бар. Көшіп келген­дердің басым бөлігі – Нұр-Сұлтан, Алматы, Арыс, Қызыл­орда қа­ла­лары, Жетісай мен Са­рыағаш ау­дандарының тұрғын­дары. Олар мем­лекет тарапынан жаса­лып жат­қ­ан қолдауға ғана емес, ақ қа­йыңдар өлкесінің әсем таби­ғаты­на да тәнті екендерін айтуда.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

СУРЕТТЕ: Алтаевтар отбасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp