«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАРУАЛАР НАУҚАНҒА ӘЗІР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі күні өңір диқандарының көктемгі егіс науқанына сақадай сай дайын отыр десек, қателеспейміз. Яғни, тракторлар, топырақ өңдейтін және егін егетін техникалар алқаптарға шығуға әзір. Солтүстікқазақстандық шаруалар жауапты науқанды мамыр айының екінші онкүндігінде бастамақ. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мамандары хабарлады.

Егіс түсімінің тең жартысы дән­нің көктемде топыраққа се­біліп, күзгі орымға дейінгі ара­лықта оның күтіп-бапталуымен байланысты болса, қалғаны ауа райына тәуелді. Басқарманың агрономия бөлімінің басшысы Қатран Қармановтың айтуын­ша, өңірдің табиғи-климаттық жағдайы мүмкіндік берсе, көктемгі егіс 13 мамырда бас­талып, 5 маусымда аяқталмақ.

– Биылғы науқанға дайындығымыз жақсы. Алқаптардағы қар толығымен еріп, ауа райы оң қабақ танытып отыр. Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңы 4,3 млн. гектарды құрайды. 2,9 млн. гек­тарға бидай, 329 мың гектарға жемшөп, 38,8 мың гектарға картоп пен көкөніс отырғызылады. Ал 950 мың гектар майлы да­қылдардың үлесінде. Биыл қа­рақұмық алқабы 10 мың гектар­ға ұлғайтылатынын атап айтқан жөн. Жергілікті агроқұрылым­дар қажетті тұқыммен қамтама­сыз етілді. Бүгінгі таңда 479 мың тонна тұқым қоры бар, – деді Қатран Биболсынұлы.

Пандемияға байланысты өткен жыл өңір шаруаларына жеңіл болмады. Бірақ соған қарамастан агроқұрылымдар ауыл шаруашылығы тауарын өндіруде бірнеше бағыттар бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жет­кізді. Ал бұл жолғы науқанды ойдағыдай жүргізу үшін ел бюд­жетінен қомақты қаржы бөлін­ген. Ол шаруаның жайын жақ­сартуға ба­ғытталуда. Қатран Қармановтың айтуынша, қара­жаттың басым бөлігі өсімдік ша­руашылығын дамытуға, қалға­ны минералды тыңайтқыштар мен пестицидтердің бағасын ар­зандатуға жұмсалған. Нәтиже­сінде биыл 2,5 млн. гектар ал­қап­қа 160 мың тонна тыңайт­қыш сіңірілмек. Әзірге ша­руа­лар 127 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізу бойынша келісімшарт жасаса, 113 мың тон­на бойынша төлем жүргізіл­ген. Сондай-ақ, алдағы уақытта дәнді дақылдарды аурудан қор­ғау үшін 3,4 млн. гектар ал­қапты арамшөпке қарсы дәрілеу жос­парланған.

Бұдан бөлек, көктемгі егіс науқанын жүргізу үшін өңір ша­руаларына жеңілдетілген жа­нар-жағармай бөлінеді. Өңір шаруала­рына 68,2 мың тонна дизель отыны қажет. Оның 12 мың тон­насы наурыз айында жеткізілсе, қалғаны сәуір және мамыр ай­ларында бөлінеді. Ауыл шаруа­шылығы тауарын өндірушілерге оның литрі – 172 теңгеден сау­далануда.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp