«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЗДІК КІТАПХАНА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кітапхана – руханият айнасы. Өркениет дамуында оның орнын ештеңе де алмастыра алмайды. Биылғы жыл елімізде балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы деп жарияланды. Демек, азат елдің ұрпағын білімді, парасатты қылып тәрбиелеуде кітапханаларға артылар жүк ауыр.

Бүгінде Аққайың ауданында 14 мемлекеттік кітапхана бар. Кітапханалардың материалдық базасын нығайту – алда тұрған ауқымды міндеттердің бірі. Жыл сайын 9 мың оқырманға қызмет көрсетіліп, 600-ден астам шара өтеді. Соңғы жылдары кітапханалар ғаламтор желісіне қосылып, заман талабына сай жабдықталуда. Кітап қоры толықтырылуда. Бүгінде аудандық кітапханада 132 мың кітап бар. Өткен жылы 5 мыңға жуық жаңа басылым түсті. Үстіміздегі жылы аудандық бюджеттен 1 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға қорды толықтыру көзделуде.

Аудандық кітапханада оқырмандар білім көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат ойнайды. Түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Электронды картотека жасауда және виртуалды көрме, бейнероликтер, буктрейлер дайындауда ауқымды жұмыстар атқарылады. Руханият ордасының жетістіктері де аз емес. Өткен жылы республика бойынша мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің арасында ұйымдастырылған “Рухани қазына – 2020” фестивалінде үздік атанып, 1 миллион теңгенің сертификатына қол жеткіздік. Бұл кітапхана ұжымының еңбегінің жемісі. Сол қаржыға “Парасат жолы” орталығын ашып, қажетті құралдармен жабдықтадық.

Мәрияш ШӘРІПОВА,

аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp