Өткен жылдың қазан айында “Электрондық үкімет” порталында мемлекеттік нөмірлерді және дайын көліктің техникалық паспортын үйге жеткізу бойынша жаңа сервис пайда болды. Енді автокөлікті онлайн қайта тіркеген автокөлік иелері көлік құралын тіркеу туралы куәлік пен нөмірлерді алу үшін мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығына бармауларына да болады. Өтінімде көрсетіленген мекенжай бойынша қызметалушыға жеткізіледі. Сервисті іске қосқан сәттен бастап, жиырмадан астам солтүстікқазақстандық жаңа сервистің тиімділігін бағалай алды.
Жаңа автокөлік иесі онлайн сатып алу мәмілесінен кейін egov.kz порталындағы “Көлік және коммуникация” бөлімінде “МТНБ мен техпаспортты жеткізу” электронды қызметіне тапсырыс беруі тиіс. Бұдан әрі жеке деректерді және көлік туралы мәліметтерді (техпаспорт, МТНБ) толтыру қажет, сондай-ақ, ең соңында құжаттар жеткізілуі тиіс мекенжай көрсетілуі қажет. Содан кейін қызмет құнын төлеп, ЭЦҚ көмегімен немесе бір реттік SMS-құпия сөз арқылы сұрау салуға (мобильді азаматтар базасында міндетті түрде тіркелу керек) қол қою қажет. Бұл қызмет мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы бар қалалардың, облыстық және аудандық орталықтардың тұрғындарына қолжетімді. Бұл қызметтің құны 2240 теңге.
Айта кету керек, коронавирус пандемиясы кезінде қазақстандықтар мемлекеттік қызметтерді алудың электрондық сервистерін жиі пайдалана бастады. Осылайша, жыл басынан бері солтүстікқазақстандықтар egov.kz порталында екі мыңнан астам автокөлікті онлайн қайта тіркеді.
Ерназар НҰРҒАЛИЕВ,
“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” облыстық филиалының баспасөз хатшысы.