«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРДІҢ АТЫМТАЙ-ЖОМАРТЫ еңбек ардагеріне “темір тұлпар” мінгізді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс өмірінің қыж-қыж қайнап жататын қым-қуыт тіршілік ортасынан табылатын ардагерлер кеңесі мүшелерін еңсесін тік ұстаған, бойынан қуат кетпеген, жанарынан жалын өшпеген құдды қарт сарбаз дерсің. Қашан көрсең де, тыным таппастан әлдебір игілікті істерге мұрындық болып, жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүргені. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында жұртшылық үшін тағылым боларлық, өнеге аларлық соны бастамалар қолға алынды. Солардың бірі – аға буын өкілдеріне лайықты құрмет көрсету, тарам-тарам тарих бетіне өшпестей із қалдырған жанқиярлық еңбектері мен рухы мықты болмыс-бітімін талабы таудай жастарға үлгі ету. Осындай жұмыстардың бел ортасында жақсы ағалардың қамқорлығын көп көрген, көңілі жас баладай кіршіксіз Біржан Шәймерденов сияқты қолы ашық азаматтардың жүретіні қуантады.

Бірнеше ұрпақ өкілдері бас қосып, қимас сезіммен тарасқан осындай кездесулердегі ғибратты әңгімелер Біржанға үлкен ой салған еді. “Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел, алдыңғы толқын – ағалар, артқы толқын – інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер”, – деп хакім Абай жырлағандай, қамшының сабындай келте ғұмырда аузын ашса, жүрегі көрінетін, жүздерінен ізгілік, сөздерінен шуақ төгіліп тұратын, қандай қиын сәтте де жол таба білетін, адалдығынан айнымайтын, турашылдығынан таймайтын, сабақтастықтың, жалғастықтың алтын арқауы іспеттес данагөй қарияларымызды, қадірменді қарттарымызды өз мәнінде ұлықтап жүрміз бе деген ішкі толқыныс үйге жеткенше маза бермеген.

Ол жастайынан үлкендердің өнегелі жолын үлгі тұтып, соларға еліктеп өсті. Олардың бір ауыз сөзі қияндарға қанат қақтыратын, үміт отын жағып, биіктерге ұмтылдыратын. Бет-аузын қатпарлы әжім торлаған, белі еңкіш тартса да, 90 жасында қарттыққа жеңдіре қоймаған Шәймерден атасының бірталай әңгімесі жадында жатталып қалыпты. Ақанның аузымен құс тістеген Құлагерді ауыздықтап, тақымын қыса қиқулап шапқанын көзін жұмып отырып айтқанда қыбыр етпей тыңдайтын. “Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет” – қанға сіңген қасиет. Ұлттық дәстүр рухында тербеліп өскен Біржан ағалық ақылмандықпен баулып, томағасын сыпырған қамқор жандардың жан жылуын ешқашан ұмытпайды.

Тәуелсіздікпен бірге жасасып келе жатқан кіндік кескен ұясы Дайындық – тоқырау кезеңінің теперішін көрген қазақ ауылдарының бірі. Жекешелендіруді қалтаны қалыңдату деп ұққан жұмыртқадан жүн қырыққан пысықайлар “Ле­нин” кеңшарының халыққа тиесілі дүние-мүлкін өзара бөлісіп алып, бар қарызын бөлімшенің мойнына іле салған. Содан Дайындықтағы түтін саны 28-ге дейін кеміп, мектептің есігіне қара құлып салынғанда көшелі қариялар қол қусырып отыра бергеннен түк өнбейтінін сезген. Иесіз қалған елді мекенге басшылық ету таңдауы облыс орталығында тұратын Біржанға түскен. Оның іскерлігін, талапшылдығын, уәдеге беріктігін жерлестері бұрыннан білетін. Үміт адастырмады.

“Дайындық” серіктестігі – бүгінде асыл тұқымды шаруашылық мәртебесіне ие. Мектеп ғимаратын және спорт залын күрделі жөндеуден өткізуге 59 млн. теңге бағыттады. Шағын орталық, спорт залы ашылды. Қазір түтін саны 70-ке жетті. Былтыр 5 үй салынса, биыл 10 баспана тұрғызылмақ. Ауылдық округ орталығына баратын жолға асфальт төсеуді бастады. Елді мекенге соңғы жылдары 14 отбасы көшіп келді. Заманауи сүт фермасында желіндері жер сызған 800 сиыр сауылады. 32 адам тұрақты жұмыспен қамтыл­ған. Сауыншылардың жалақысы 300 мың, бақташылардікі 250-280 мың теңгеден айналады. Егістік алқап – 15 мың гектар.

Саналы ғұмырын бір кездері тарап кетуге шақ қалған туған ауылын жаңғыртуға арнап келе жатқан Біржан Әбділманұлының есімі республика жұртшылығына қолы ашық, жаны жомарт кәсіпкер ретінде де жақсы танымал. Қайырымдылық, өзгеге жақсылық жасау – оның текті бойына біткен асыл қасиет. Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж алдына ақынның мүсінін қоюға демеушілік көрсетті. “Полтавка” ЖШС-нің басшысы Елтай Зікірин екеуі Жансүгір батырдың зиратына еңселі күмбез тұрғызуға 28 млн. теңге бөлді. Ақан серінің аты берілген облыстық филармонияның жанына композитордың қола мүсінін орнату мақсатымен эскиз жасатты. Қажетті қаражат дайын.

Барға тасып, жоққа жасымайтын, пейілі кең азамат жуырда “ұлық болсаң кішік болдың” тағы бір тамаша дәстүрін көрсетті. Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының құрметті азаматы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, аудандық, облыстық атқару комитеттерінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарып, ел арасында зор беделге ие болған Жақсылық Ысқақовқа үлкен қошемет көрсетілді. Біржан Шәймерденов Жақсылық Ғабдолла­ұлының алғашқы еңбек жолын сол кездегі “Ленин” кеңшарына қарасты Дайындық бөлімшесінде агрономдықтан бастап, жас маман ретінде шыңдалып, қалыптасқанын айта келіп, су жаңа “Лада-Гранта” жеңіл көлігін мінгізді. Аудан әкімі Рүстем Елубаев абыз ақсақалдың иығына шапан жапты. Тоқсанның төріне көтерілген Жәкеңнің артынан ерген інілері еңбекпен есейген ел ағасының өнегеге толы ғибратты өмірі жайлы тебірене әңгімеледі. Жинал­ғандар мектеп ұжымы көркем­өнер­паздарының концертін тама­шалады. Мешітте марқұмдарға құран бағышталды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstik Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp