Өмір деген сынақтардан құралған,
Бірі шыдап, ал біреулер құлаған.
Қуанғандар бақытты өмір сүруде,
Құлағандар іштен, тынып, жылаған, – деп ақын жырлағандай, Олжас Кәрімовтің (аты-жөні өзгертілді) өмір жолы да қуаныш пен қайғыға, өкініш пен үмітке толы. Әркімге ой салатын тағдыр иесінің жан сырын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Олжас КӘРІМОВ, 27 жаста:
Мен 12 жасыма дейін әкем мен шешемнің махаббатына бөленіп өскен бақытты бала болдым. Бірақ, құдай менің бағымды көпсінді ме, әлде, тағдырдың жазуы солай болды ма, жаман аурудан анам қайтыс болып, әкем екеуміз ғана қалдық. Екі әпкемнің екеуі де тұрмыста, бірі алыста тұрса, кішісі – Әсел көрші ауылда еді. Әйелі жоқ үйдің тірлігінде мән болушы ма еді, әкем екеуміз бір күн тоқ, бір күн аш, жүдеу-жадау күн кештік. Үлде мен бүлдеге бөленіп, ішкенім алдымда, ішпегенім артымда, еркетотай өскен мен үшін бұл жағдай азаппен бірдей еді. Күйіміз кетіп, мүлдем жабыққан сәтте қатты қиналып, әкем өзін қоярға жер таппайтын. Әупірімдеп жүріп 9-сыныпты аяқтағасын, оқуымды жалғастыруға құлқым да, мүмкіндігім де болған жоқ. Қыздың аты – қыз емес пе, көп ұзамай Әсел бізді өз үйіне көшіріп алды. Әкем жай да момын адам еді, қыз бен күйеубалаға кіріптар болғасын мүлдем жүні жығылып қалды. Әпкемнің екі ұлы бар екен. Бірі менімен тетелес, екіншісі бірер жас кіші. Екеуінен көрген қорлығымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әпкем туған балаларын аяп, шаруаға мені жұмсайтын. Бірде қора тазалап жүргенде жиендеріммен сөзге келіп қалдым. Екеулеп мені жерге жығып салды да, аямай ұрды. Басымнан тиген соққының зардабын әлі тартып жүрмін. Көзім қарауытып, құлағым шыңылдағанда өзімді қоярға жер таппай қаламын. Оның үстіне талма ауруы пайда болды. Бірақ әлгілер жәбір көрсетуін қоймады. Кейде шыдамай бұрын өзіміз тұрған ауылға кетіп қалатын едім. Көрші-қолаң, таныс адамдарды сағалап барамын ғой баяғы. Бір түйір нан үшін жұмысқа жегілемін. Біреудің отынын жарып, екіншісінің шөбін үйіп, қора-қопсысын тазалап, тамағымды тауып жүрдім. Әйтеуір күндер өтіп жатты. Менің мына жағдайымды көрген әкем шыдай алмады білем, бірде бар шындықты жайып салды. Шешем марқұм екі қыздан кейін бала көтере алмағасын мені асырап алған екен. Ал өзімнің туған әке-шешем мен ержеткен шаңыраққа жамағайын екенін айтты. Әкем жылап отырып туған ата-анам, бауырларым бар екенін, соларды тауып алсам ғана мына қорлықтан құтылатынымды айтқанда, біреу құлақ-шекемнен салып жібергендей, есімнен танып қала жаздадым. Бірақ мені керек қылмаған, біреуге бере салған ондай әке-шешенің маған да қажеті жоқ деп шештім.
Таныстардың ақыл-кеңесімен қалаға жұмыс іздеп барғаныммен, оқу-тоқуы жоқ жас баланы кім керек қылсын? Базарда арба сүйреп, күніне 2-3 мың теңге табамын. Тұратын жер болмаған соң жертөлелерді паналауға тура келді. Тағдырлары әртүрлі, үй-күйі жоқ мен сияқты панасыз жандар онда да аз емес екен. Сөйтіп жүргенде ащы суға үйір бола бастадым. Арақ ішкеннің адамдықтан алыстайтыны белгілі емес пе, талай келеңсіз оқиғаларға тап болдым. Бірақ құдайдың маған көзі түзу екенін сездім. Талай жыл көрген қорлығым мен азабымның өтеуін жуырда берді. Жертөледегі жас жігітке жаны ашыды ма, әлде шаруаға жұмсауға ыңғайлы деді ме, кім білсін, әйтеуір ылғи азын-аулақ ақшаға жалдап жүретін мосқал тартқан ер адам мені өзімен бірге алып кетті. Әбден жүдеп-жадаған, ашыққан мен бір аптадай өз-өзіме келе алмадым. Құдайға қараған адам екен. Ас-ауқат беріп, моншаға түсірді. Қолаңса сасыған киімдерден құтылдым. Адам кейпіне келсем де, жетімнің мұңы зіл батпан екенін кім түсінсін. Ішкі арпалыс, уайым, тағдырға өкпе-наз іштей жегідей жейді. Бір күні шыдай алмай, өзіме мейірбандық танытқан үй иесіне басымнан өткен жайтты баяндап бердім. Ол менің туған әке-шешемді тауып, қауыштырды. Қазір әуелі құдайдың, екінші, осы жарылқаушымның арқасында туғандарыммен біргемін. Бірақ бір әттегенайы, оларды жақын тартып, бауырыма баса алмай жүрмін. Бір тылсым күш еркіме жібермей, кері итеріп тұрады. Өкпе ме, әлде, асырап алған әке-шешеме деген сағыныш па, оны өзім де білмеймін. Мен отбасының сүт кенжесі екенмін. Үш әпкем мен 2 ағам болған, үлкен ағам қайтыс болып, анам қайғыдан қан жұтып отыр.
Өзімді неге бөтендерге бергенін анамның өз аузынан естідім. Мен туған жылы елдегі жағдай да нашарлап, жоқшылық қос бүйірден қысқан ауыр заман келіпті. Анамның айтуынша, механизатор болып жұмыс істейтін әкем айлап, жылдап жалақы алмапты. Сол кездегі қиындыққа төзе алмаған әкем арақты судай сіміріп, үйдің берекесін әбден қашырған екен. Түнімен ішетіні аздай, таңертең басы ауырып, арақ іздеп кететін әдетінен бертін ғана арылыпты. Осылай ішерге тамақ, киерге киім таппай отырғанда анам байғұс алтыншы сәбиін – мені өмірге әкеліпті. Біздің отбасымыздағы қиын жағдайды естіген нағашыларымның бірі “баланы бізге бер, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіреміз” деп анама қолқа салады. Сәбиін асырай алмаймын деп қорықты ма екен, әлде ұлын үлде мен бүлдеге орайтын шығар деп үміттенді ме, әйтеуір анам мені өз қолымен туыстарының бауырына салады. Кейін біз басқа жаққа көшіп кеткеннен кейін көз жазып, хабарсыз қалыпты. Иә, менің жоғалтып қайта тапқан отбасым осы. Қазір бұған дейін оларды неге іздемегенімді өзім де түсінбеймін. Олар қабылдамаса қайтемін деген ой да болған шығар? Есімді енді жиғандаймын. Бірақ жүрегім тынши қоймады. Ішкі ренішті ұмыта алар емеспін. Кейде ата-анам менен неге безінді деген сауалға жауап таппай қиналамын. Қандай қиындық көрсе де, ата-анам мені басқаға бермеуі керек еді ғой. Өмірімнің күл-талқаны шыққан мен енді кімге керекпін? Ойымда осындай сан сауал сапырылысып жатса да анама ауыр сөз айтып, жүрегін жаралағым келмейді…
Мен ақыры ата-анамды кешірдім. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Білместікпен қателік жасаған шығар. Әр адам бақытты болуға лайық. Мен де, бәлкім, өз бақытымды табармын. Адамдар өмірде менің ата-анам сияқты қателеспесе екен деген оймен қолыма қалам алдым. Қиындықтар өтпелі екенін ұмытпайықшы.
Дайындаған Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.